Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Сонымен батальон қоршаудан шықты. Домна пешінің маңында болғаның бар ма еді? Басына киіз қалпақ киген болат қорытушы қазанда от боп балқып жатқан болатты қолындағы ұзын көсеуімен жан-жағына от шашырата көсеп-көсеп алмайтын ба еді. Руданың ерімей жатқан тұсын танып, оған көсеуін және сілтейді. Сөйтіп ол қолындағы көсеу арқылы қазандағы құрыштың тегіс балқуына көмектеседі. Жарқ-жұрқ жалын шашып, бұрқ-сарқ қайнап жатқан құрыш оттың ортасын сұңқылап-сұңқылап суырып алған ұзын көсеу сияқты, ұзын колонна боп шұбатылып орманнан шығып, біздің батальон 1941 жылдың 21 ноябрінде таңертең дивизия штабы тұрған деревняға қарай бет түзеді. Батальон қызыл оттан суырылған құрыш көсеу болса, онда басына киіз қалпақ киген болат балқытушы генерал Панфиловтың өзі деп ойладым мен ішімнен. Содан кейін осыдан бір ай бұрын, бес күн, бес түн қоршауда болып, 20 октябрьде батальонның дивизияға келіп қосылғаны есіме түсті. Сондағы генералдың алдымнан шығып, рапорт беруге мұршамды келтірмей алақанымды қос қолдай қысып, әкемдей еміреніп, шексіз қуанышпен қарсы алғаны көз алдыма келді. Иван Васильевичті бұл жолы да сөйтіп қуантамыз деп масаттандым көңілімді қуаныш кернеп.

Содан кейін жүріп келе жатқан саптың алдына Толстуновты қалдырып, өзім бүйірден тұрып, батальонға көз салдым. Жігіттерім рота-рота болып, еңселерін көтере ұстап, аяқтарын адымдай басып келеді. Жол шетіне шыққан мені көргеннен кейін бойларын жиып, одан сайын ширақтана түсті. Өз роталарын бастап Ефим Филимонов, Семен Краев, Жалмұхаммед Бозжанов (оны Танковтың орнына тағайындағанмын) бара жатыр. Бір тұста фельдшер Киреев, лейтенант Борисов, аю денелі артиллерист Андреев кетіп барады. Әр жерден Курбатовтың, Синченконың, Хасеновтың төбелері көрінеді. Ең соңында кеше жігіттер байлаған бір танк олжасы бар аспаз Жан Пайзиев томпаңдап ол кетіп барады. Жаяулардың артынан атқа жегілген зеңбіректер, доңғалақты кухнялар, жаралылар тиелген арбалар ұзын көш боп шұбалып олар келеді. Соларға көз салып, сыртым сұсты көрінгенімен, іштей тебіреніп тұрдым. «Отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын болат батальоным менің! — дедім өз-өзімнен күбірлеп. — Батыр жігіттерім, асыл азаматтарым, айналдым сендерден. Айналдым осындай ұл тауып, тәрбиелеген аналарың мен аталарыңнан сендердің!»

Деревняға жарты шақырым қалғанда алдымыздан бір салт атты шауып шықты. Тоқтатып жөн сұрадық. Бір бөлімшеге асығыс кетіп бара жатқан шабарман екен.

— Мынау тұрған Колпаки деген деревня, дивизия штабы осында, — деді ол. — Бірақ... генерал Панфилов қайтыс болған. Оның орнына Шелудько деген полковник командир боп келді.

Осы қаралы хабарды айтты да, ол атына қамшы басып жөнеле берді. Панфилов өліпті деген хабар тарағанда батальон дауыл шайқаған сансыз теректей теңселіп кетті. Арсалаңдап алыстан келген жолаушыға үйіне кіре бергенде «әкең өлді» деп естірткенмен бірдей болды бұл хабар.

Жаңа ғана екпінді келе жатқан біздің еңсеміз түсіп кетті. Бес жүз метр жерге сүйретіліп әрең жеттік. Батальонды штабтың қасына сапқа тұрғыздым да, баяндайын деп өзім ішке кірдім. Бұл жолы маған құшағын жая ешкім де қарсы шыққан жоқ. Штабта полковник Шелудько, дивизия комиссары Егоров және штаб бастығы полковник Серебряков үшеуі отыр екен. Мен Шелудькоға қарап:

— Жолдас полковник, 1073-ші полктың 1-батальоны генерал Панфиловтың тапсырмасын орындап, дивизияның қарамағына келді. Баяндап тұрған батальон командирі аға лейтенант Момышұлы, — дедім.

— Іһі... «генерал Панфиловтың тапсырмасын...», — деп полковник мені кекегендей боп езуін тыржитты. — Панфиловтың емес, Қызыл Армияның тапсырмасын деңіз, жолдас аға лейтенант.

— Маған бұйрықты Қызыл Армияның генералы Панфилов берді. Мен соны айтып тұрмын, жолдас полковник.

Егоров пен Серебряков мойындарына су кеткендей бұқиып, төмен қарады. Полковник езуін тағы бір тыржитты да:

— Батальонды өз полкыңызға апарып қосыңыз, — деді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий