Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Осылай, жолдағы жаумен жағаласа жорық жасап келе жаттық. Бірнеше қатерлі күндер мен түндер өтті. Алғашында шашырай жүреміз деп шаршауымыз көп болып еді. Артынан оның да әдісін таптық. Алға шаңғы мінген шолғыншыларды, ақ маслихат киген тосқауылшыларды жөнелткеннен кейін колонна болып жаяулар қозғалады. Жаяулардың алдына саперлер шығып, колонна өтетіндей етіп жолда кездескен ағаштарды кесіп отырады. Колоннаның алдына кезекпен сегіз жауынгер шаңғысыз қатарласа шығып, қалың қарды омбылап із салады. Олар кезекпен жүз-екі жүз метр сайын алмасып отырады. Одан артыққа адам шыдамайды. Нелер атпал азаматтардың жүз метрден кейін булары бұрқырап шыға келеді. Содан кейін оларды жаңа жігіттер алмастырады. Олар шаршаған кезде полк комсоргы Балтабек Жетпісбаев бірнеше жігіттерді ертіп алып, алға өзі түсуші еді. Балтабек дегеніңіз таудай кісі. Қалың қарды бұрқыратып аршындай адымдағанда қайраттың көкесін сол көрсететін еді. Қасындағы жігіттері де одан қалыспайтын. Кейіннен білдім Балтабек сонда Төлеген Тоқтаров, Жұмажан Батталов, Жүніс Нұрбосынов, Қайырбек Жүнісов сияқты бірнеше ер жігіттерді қасына ертіп алған екен ғой. Ол жігіттер қалың қарда малтығып келе жатқан колоннамызды басы ғана болған жоқ, сол жорықтағы абыройымыздың да алды болды. Олардың көпшілігің осы жорықта ерлікпен қаза тапты. Сол сияқты Мәлік бастаған шаңғышы автоматшылар тобы колоннаны қызғыштай қорғап, біресе алға, біресе артқа ұмтылып, жұлдыздай ақты. Шынында да солардың бәрі, айналып кетейіндер, жұлдыздай жарқырап тұрған жандар еді. Көпшілігі қыршын кетті ғой есіл ерлердің!

Орман ішінде полкты бастап келе жатып, генерал шақырады деген хабар алдым. Ақбоз атты ызғытып, Васильево қыстағындағы генерал отырған үйге келдім. Кірсем генерал картаға қатты үңіліп қалған екен. Келгенімді айтып, сәлем бердім. Генерал адьютантына ас алдырды. Осы күнгі жастардың үстелге отырғанда кітабын ала келіп, астан анда-санда бір алып, кітапқа қадала отырып тамақтанатыны сияқты, комдив те біресе шай ұрттап, біресе картаға қараумен болды. Содан соң ол менің назарымды да картаға аударды.

— Мынау Демянск деген қала, — деді генерал картаны саусағымен нұсқап. — Біз жаудың 16-армиясын осы қалада қоршауға түсіруді көздеп келе жатырмыз. Ол үшін біз Холмға солтүстіктен, Калинин майданының әскерлері оңтүстіктен келіп тоғысуы тиіс. Сөйтіп Холмда қаптың аузын бууымыз керек. Ол арғы міндет. Ал бергі міндет — Холмға тез жету. Жолдағы қыстақтарды жау тепкісінен азат ету. Бірақ мынау Соколово деген деревня екі күннен бері дивизияны шаужайдан алып ұстап тұр. Олай болатын жөні бар. Бұл Холм тас жолын жағалай бірнеше километрге созылып жатқан үлкен деревня. Бұл деревня кімнің қолына көшсе, тас жол соған қызмет етеді. Сондықтан да немістер бұл деревняны қорғауға СС, «Кубас» сияқты ең таңдаулы бөлімдерін төгіп отыр және сол себептен де жау біздің төбемізден самолеттерін қаптатып, бас көтертпей жатыр. Соколовоның ар жағында мына бір Трошково деген деревня тұр, — деп комдив оны тағы да саусағымен түртіп көрсетті. — Бар гәп, меніңше, осында ғой деп ойлаймын. Сіз қалай деп есептейсіз?

— Әрине, жолдас генерал, — дедім мен. — Екі ортада күре тамырдай боп мына бір жол жатыр екен. Ең алдымен сол күре тамырды кию керек болар.

— Дұрыс айтасыз, — деді генерал қуана бас изеп. — Алдымен Трошковоны құрту керек. Сонда бұл күре тамырмен Соколовоға қарай ағатын қан тоқтап қалады. Бұл үшін Соколовоның мына жақ сыртын айналып барып, тан атқанша Трошковоны алу керек. Бұл киын міндетті күштерің аз болса да Сіздің полкке жүктеймін. Сізге беретін бұйрығым осы.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий