Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бұйрықты алып, орман ішінде немістерді қар жамыла қадағалап жатқан полкке келдім. Полк комиссары Ахметжан Мұхамедияровты, батальон командирлерін шақырып алып қысқаша ақылдастық та, Балтабекті жігіттерімен тағы да колоннаға паровоз ғып «жегіп», дереу ілгері жүріп кеттік. Он бес шақырымдай қалың қарды сызып отырып, түс ауа орманның Трошковомен жанасатын өкпе тұсына келіп іліндік. Сол арадан дереу жан-жаққа адамдар жөнелтіп, барлау жасауға кірістік. Барлаудың қорытындысында мынадай жай анықталды.

Соколовоға қуат болып тұрған жалғыз Трошково емес екен. Трошковоның сыртында тағы Баркловица, Трохово, Кашино, Коншино деген қыстақтар жатыр. Ол төртеуінің ортасында тіреудей сорайып Бородино деген бір дәу деревня және тұр. Біз алғашында тек Трошковоны ғана аламыз деп келген едік. Бұйрық бойынша солай етіп қана қоюымызға болады. Бірақ жалғыз Трошковоны алғанмен іс бітпейді. Онда полкқа мына бес қыстақ бес жақтан ауыз салады. Соколоводан кейін сырғыған жау сені және жаныштайды. Сондықтан генералдың бұйрығына «түзету» жасап, осы алты қыстақты бірден алу керек пе? «Бұл киын міндетті күштерің аз болса да Сіздің полкқа жүктеймін» деді генерал. Бұл оның санмен емес, санамен алыңдар деп, бізге сенгені еді. Сеніп тапсырған істі адал ғып орындау абырой. Ол үшін алты қыстақты бірдей алу керек. Оған күшіміз жете ме? Генерал жауды қоршап құртуды дивизияның бірінші парызы болсын деді. Бар күшпен Трошковоны ғана алып қана қойсақ, басқа бес қыстақ және жаныңды қоймайды. Сондықтан аз күшпен болса да осының алтауын бірден алу керек. «Нар тәуекел!» демейтін бе еді атам қазақ. Халық сөзінде қапы жоқ. Нар тәуекел!

VIII

Полкке бұйрық осылай берілді.

— Өзіңді өзің өлімге қидың-ау, Бауыржан. Мұның қатал бұйрық болды ғой, — деді комиссар.

— Басқа жол жоқ, Мадияр, — дедім мен.

— Күшіміз аз ғой, бір батальон артта қалды.

Айтқан бұйрық аққан қылыш сияқты. Оны бәрі бір тоқтата алмайсың. Тасқа тие ме, басқа тие ме — қылыш оны артынан бірақ көреді. Бұйрық берілгеннен кейін оны орындау ғана қалады. Енді соған кірістік.

Полктың қалған күшін алтыға қақ бөлдік. Әр бөлікке Мұхамедияров, Гундилович, Трофимов, Мамонов, Жетпісбаевты басшы етіп белгіледім. Алты қыстақтың ішіндегі алыбы Бородино болғандықтан капитан Гундиловичтің қасына политрук Мәлік Ғабдуллиннің автоматшылар ротасын қосып бердім. Сағат түнгі екіде полк топ-топқа бөлініп, қаруларын серт ұстап, орай соққан ақ боранды арқаларына жамылып, әр топ өзіне тиісті қыстаққа қарай тартып берді.

«Жолдарың болсын, батырларым, бауырларым. Сегізінші февральдің бұл түні сендердің атақ абыройларыңды арттырсын. Бірақ сендердің өмірлеріңнің ақтық түні болмасын. Бұл түнде ақ қардың үстіне қызыл қандарың төгіліп, қаза жегер азамат болса, қандарыңды қарыз ғып менің мойныма жүктемеңдер, қарақтарым. Сүйегім шашылып қалғанша мен сендердің қасыңдамын. Осы қараңғы түнде сендерге сілтелер найзаға кеудемді қоса тостым, мінеки!» — деп іштей тебіреніп тұрдым да, дыбысымды сыртқа шығармай тістеніп, алтыншы топты бастап Трошковоға қарай өзім жөнелдім.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий