Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

«Холм бағытында шабуыл жасай отырып, дивизия жаумен жағаласқан ұрыс үстінде екі жүз километрден астам жол жүрді. Сөйтіп, Замостье — Лисичкино, Чамовка — Пустынки Вторые шебіне шықты. Дивизия бұл ұрыстарда дұшпанның жекелеген гарнизон, бөлімдерін жойып қана қойған жоқ, сонымен бірге оның Холмға өткізбеу үшін жасаған бөгетінің бәрін талқандады...

Бұл арада 1073 полктың және оның командирі Бауыржан Момышұлының, сол сияқты полктың жігерлі, батыл комиссары П. В. Логвиненконың еңбегіне тиісті баға бере кеткен жөн. Старая Русса —Холм тас жолын бойлай жасаған бұл жорықта полк қиын жағдайда қалғанына қарамастан, дұшпанмен жекпе-жек шайқасып, оның қорғаныс шебін күйрете алға басып отырды. Қақаған аяз да, қалың қар да оған бөгет бола алған жоқ...

Февраль мен мартта дивизия екі жүз елуден астам ел мекенін жаудан тазартып, дұшпанның бес мыңнан астам солдаты мен офицерін, жиырма танкін, мыңдай автомашинасын, жүздеген зеңбіректері мен пулеметтерін жойды.

Осы бір қаһармандық жорықта Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизияның жауынгерлері Отан үшін қаншама ерліктер жасады десеңші! Олар мыңдаған ерлік істеді!»

Бауыржан. Рас. Екі айға созылған бұл жорықтың алғашқы жиырма үш күнінде мен 1075-ші полкты басқардым. Капров тәуір болғаннан кейін оған өз полкін өткіздім. Илья Васильевич әкемдей тебіреніп бетімнен сүйіп, полкінің атынан рахмет айтып, мені қолтығымнан алып, Ақбоз аттың үстіне өзі аттандырып мінгізді. Мадиярмен (Ахметжан Мұхамедияровты осылай атаушы едік), Мәлікпен, Гундиловичпен, Трофимовпен, Мамоновпен, Балтабекпен — бәрімен қоштасып, тумаса да туғандай боп кеткен полкты, туыстай боп кеткен адамдарды артқа қалдырып, атқосшым Николай Синченко екеуіміз туған үйіміз іспетті саналатын Талғар полкіне қарай тартып бердік. Сол 23 февральдан бастап, атақты жорық аяқталғанға дейін, одан кейін де көп уақыт мен 1073-ші полктың командирі болдым. Чистяков менің осы екі полктегі қызметімді бірақ түйіндеп айтқан ғой.

Автор. Бірден полкқа бардыңыз ба?

Бауыржан. Жоқ. Чистяков алдымен маған соқ. Содан соң Лизюковке барамыз деген еді.

Автор. Бардыңыздар ма?

Бауыржан. Бардық. Лизюков өте бір сүйкімді де, сыпайы да кісі екен. Бар өмірін танктың болат қорабының ішінде өткізіп келе жатқан адам дейтін емес. (Ол кісі танк әскерлерінің генералы болатын.) Тура өзіміздің Сарыарқаның сарбаз ағаларының бірі сияқты еді.

— Сіз туралы маған Иван Михайлович толық айтты, — деді генерал жадырай сөйлеп. — Сіздің Москва түбіндегі еңбектеріңізбен де, осы жорық үстіндегі жұмыстарыңызбен де таныспын, Бұл аз десеңіз мына Иван Михайловичпен сонау Қиыр Шығыста бірге болғаныңызды да білемін. Сізді полк командирі етіп тағайындау туралы бұйрыққа қол қойып қойдым. Осы уақытқа дейін полктың заңсыз командирі боп келсеңіз, енді заңды командирісіз. Менің Сізге қоятын көп сұрағым жоқ. Тек өзіңізбен жүздесейін деп қана шақырдым.

— Сеніміңізге рахмет, жолдас генерал.

— Неше рет қоршауда қалдыңыз, жолдас майор? — деді Лизюков менің бас-аяғыма көз жүгіртіп өткеннен кейін, әлдене есіне түскендей, ойлана қалып. Жүзі жылы, өңі сүйкімді, өте бір парасатты кісі екен.

— Бес рет, жолдас генерал, — дедім мен.

— Өз күшіңіз, өз ақыл-ойыңызбен бе, әлде сізді құтқарып алды ма?

— Батальонның қаруымен, жігіттердің жігерімен, өзімнің ойыммен, жолдас генерал.

— Бесеуінде де ме?

— Дәл солай, бесеуінде де!

— Міне, Сіздің бір басыңызда қаншама қазына жатыр! — Бұл кезде ол менімен емес, өзімен-өзі сөйлесіп кеткендей болды. Мұндай ғажайып қазыналар қаншама десеңізші!

Қоршауда қалудың қазыналығы шамалы ғой. Бұл кісі нені ойлап отыр екен дедім ішімнен.

— Соғысты қай жерден бастадыңыз?

— Москва түбінен, жолдас генерал.

— Шекарадан шегіну мектебінен өтпеген екенсіз ғой.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий