Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Өткен август пен сентябрьдің алғашқы жартысында фашистер өз күштерін қайта топтап, Елгаваға қарай сел болып лап қойған. Сөйтіп олардың майдан шебін бұзып кету қаупі туған. І Балтық майданының басшылары бұл жайды қалай тоқтатудың қамын ойлап, қатты толғана бастаған. Осы кезде Даугавпилс бағытында тұрған 6-шы гвардиялық армияның командашысы генерал Чистяков генерал Баграмянға телефон соғып, өз армиясының бағытындағы жаудың жайбарақат екендігін, әзірге қозғала қоятын ниеті жоқтығын баяндай келіп, былай дейді:

— Жолдас командашы, менің участогымды сол жақ көршінің күшімен тығындап, менің армиямды Елгава түбіне жұмсауыңызға болар еді... деп ойлаймын. Ол жақта өте қиын болып жатыр ғой.

— Олай етуге болады, — дейді Баграмян сәл ойланғаннан кейін. — Бірақ Даугавпилс бағытының жауапкершілігі сіздің мойныңыздан алынбайды.

— Мұнда бір корпусымды қалдырамын, бұл бағытқа да жауап беремін, жолдас командашы.

— Сонда сіз қарсыңызда жатқан дұшпанға армияның алғы шептен шыққанын сездірмей, қайда баратыныңызды байқатпай кете аласыз ба, жолда оны ешкімнің көзіне түсірмей, тығыз түрде Елгава түбіне жеткізе аласыз ба?

— Жеткіземіз, жолдас командашы.

Бұл Чистяков тарапынан жасалған аса батыл әрі өте жауапты ұсыныс еді. Чистяков Баграмянға берген уәдесін мүлтіксіз орындап жауып тұрған жауынға, жердің мидай батпағына қарамастан армиясын үш күннің ішінде 150 километр жердегі Елгава ауданына жеткізіп үлгіреді. Армия келіп орналаса сала жаудың 150 танкі, 60 өздігінен жүретін зеңбірек, 50 бронетранспортерімен шайқасқа түседі. Сөйтіп генерал Я. Г. Крейзердің 51ші армиясымен қанаттаса шөп құрған генерал И. М. Чистяковтың 6-шы гвардиялық армиясы дұшпанның қиян-кескі шабуылдарын тойтарып, 1-Балтық майданының шебін бұздырмай сақтап қалады.

Бұл әңгімені Чистяков бағана ас үстінде айтқан еді. Содан кейін ол орнынан тұрып:

— Демек, Иван Христофорович менің өзін ұятқа қалдырмайтыныма сенеді. Сені маған командир етіп, бекітіп береді. — Ал мен кеттім, — деп еніп кеткен болатын.

Мен генерал Чистяковтың ерлігіне, ал Баграмяннің ол ұсынысты ерлікпен қолдай білген батылдығына іштей сүйсіне отырып, батылды батыл, батырды батыр осылай қолдауы тиіс қой деп ойлағанмын.

Осындай әртүрлі ойлармен отырдым. Өзім 8-ші гвардиялық дивизиядан шығып, 9-шы гвардиялық дивизияға командир болғалы келіп отырғанымды да ойладым.

Бір кезде есіктен генерал-полковник Чистяков көрінді де:

— Жолдас полковник, келіңіз, — деп мені шақырды.

Ішке кірдім. Жасы әлі елуге жетпеген армия генералы Баграмян қасқа басы жалтырап, төр жақтағы столда отыр екен. Алдындағы папкаға зер сала үңіліп қалыпты. Тегі менің личное деломды көріп отырған болар деп ойладым. Баграмян иықтанып, бұрынғы полковник кезіндегісінен сәл толыса түскендей боп көрінді.

Он жақтағы ұзын столда екі маршал қатар отыр. Олар алдарындағы кіші картаға үңіліп, одан кейін кең бөлменің бір жақ қабырғасын түгелдей жауып тұрған үлкен топографиялық картаға қарап ойлана кезек көз салып қояды.

Бұрынғы командашам болғандықтан ба, менің назарым бірден Жуковке ауды. Жуков маған бұрынғы қалпынан көп өзгермеген тәрізденді. Бұл да елуге тақаған кісі. Бірақ түр-тұлғасынан ешқандай егделік сезілмейді.

Картадан бас көтеруі, мойын бұрысы ширақтық пен шапшаңдық танытады. Ал Василевский болса, құрыштан құйылғандай болып, нық отыр.

— Жолдас маршал, майдан командашасымен тілдесуге рұқсат етіңіз, — деп генерал-полковник Чистяков маршал Василевскийге бұрылды. Василевскийді өте мәдениетті адам деп еститінмін, Чистяковке жайдары қарап, сыпайы ізет білдірді.

— Тілдесіңіз, тілдесіңіз, — деді.

Чистяков денесін майдан командашасына қарай бұрды.

— Жолдас майдан командашасы, сізге полковник Момышұлын таныстыруға рұқсат етіңіз, — деді ол Баграмянға.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий