Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Мен картаның алдында біраз ойланып тұрдым да:

— Баяндауға рұқсат етіңіз, — деп маршалға бұрылдым.

— Айта беріңіз, жолдас полковник, — деп маршал қозғала түсіп, тыңдауға ыңғай білдірді.

Жағдайдың бәрін айтып болдым да;

— Меніңше осы корпустан дәнеңе шықпайды, оны қозғаудың керегі жоқ, — дедім.

— Неге? — деді Баграмян сәл алға ұмсынып.

— Жер алыс, қар қалың жол ауыр, жолдас командашы. Корпус босқа ысырап болады. Оның есесіне...

— Біз оның бәрін де есептедік қой, полковник, — деп Баграмян басын шайқады.

Менің пікірім командашының ойымен үйлеспегенін сонда ғана білдім. Ал айтылған сөз — атылған оқ. Мен қолбасылардың бұған дейін өзара пікір алысып, жаңағы корпус туралы ойларын сарапқа салып отырғанын білгенім жоқ. Бірақ білсем де, мен кімнің алдында болса да, тек қана өз ойымды айтар едім.

— Жолдас командашы, мен маршалға полковниктің пікірін ғана баяндап тұрмын, — дедім сәл басымды иіп. Осы арада Баграмянның да өз пікірінен қайтпайтын қайсарлығы ойыма сап ете қалды. Соны тілге тиек етуге тырыстым.— Егер, мен жаңылмасам, II гвардиялық армияның командашысы генерал Баграмян да Курск шайқасы алдында Батыс майданы мен Брянск майданының екі бірдей командашасының пікірімен келіспей, өз жоспарын Ставка алдында дәлелдеп, қабылдаттырған жоқ па еді?

Ол оқиға былай болатын. Курск шайқасына әзірлік жүріп жатқан. Батыс майданының қарамағындағы генерал Баграмяннің армиясы мен Брянск майданындағы генерал Беловтың армиясы жаудың Орел тобына қатарласа соққы жасап, одан кейін шырқап ілгері кетуі керек.

Бұл жоба Баграмянға ұнамады. Ол қанаттас екі армия бірден шырқап ілгері кетпей, алдымен Орелдың солтүстік желкесіндегі жаудың шағындау тобын қоршауға алып, құрытуы керек деген қорытындыға келді. Сонда жаудың қорғаныс шебі едәуір үңірейіп қалады. Ол қуысты бітеу немістерге оңайға түспейді.

Батыс майданының командашысы генерал Соколовский де, Брянск майданының командашасы генерал Рейтер де Баграмяннің жоспарын қабылдамады.

Шайқас басталардан бұрын Бас штабта мәжіліс өтті. Оған майдандар мен армиялардың командашалары шақырылды. Генерал Баграмян өз жоспарын мұнда да айтады. Командашылар мұнда да оған қарсы шығады. Одан кейін Ставка мәжілісі болып, онда Орел операциясының жоспары бекітілмек болады. Майдан командашыларының операцияға байланысты ойларын айтып, Бас штаб бастығының орынбасары А. Антонов баяндама жасайды. Мәжілісті Сталин басқарады. Бас қолбасшы ешқандай ескертпе жасамайды. Тек майдандардың өзара байланысы жайында бірнеше сұрақ қана қояды. Сөйтіп мәжіліс бітуге айналады. Карталар жинала бастайды. Осы кезде Сталин кенеттен:.

— Бас штабтың шешіміне бәріңіз де келісесіздер ме? Бәлкім, бұл мәселеге қатысты басқаша ұсыныстарыңыз болар? — деп сұрады.

Сонда Баграмян орнынан тұрып, өз жоспарын айтады. Генерал Рейтер тағы да оған қарсы шығады. Сталин екеуінің де сөзін тыңдап болып, Баграмяннің ұсынысын орынды деп табады. Сөйтіп оның жобасы ешбір өзгеріссіз қабылданады.

Мен осыған ишара едім. Баграмян күлімсіреді де: — Сіз қателескен жоқсыз. Солай болғаны рас, — деп басын изеді. — Бірақ мен сіздің ойыңызды ұқтым, полковник, — командашы маған зілсіз сұқ саусағын безеді. — Баграмяннің өз пікірі болса, менің де өз пікірім бар. Баграмян қыңыр болса, мен де қыңырмын деп тұрсыз ғой.

— Тіпті де олай емес, жолдас командашы, — дедім мен иегімді көтеріп, — командирдің қайсарлығы, табандылығы деген де терминдер бар ғой...

— Жолдас полковник, операцияны аяқтаңыз, — деді маршал Василевский салмақты үнмен. — Сөзіңізді жалғастырыңыз.

Мен алыстағы корпустың көмегінсіз-ақ жақындағы дивизиялардың маневрі арқылы жағдайдан шығу мүмкіндігін айттым.

— Полковник жолдасқа енді кімнің қандай сұрағы бар? — деді маршал Василевский мен сөзімді аяқтағаннан кейін.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий