Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Сөйтіп, тар түбекке иін тіресе тығыздалып топталған жау жан аямай қарсылық көрсетті. Жабайы шошқалар емен ағашының түбін тұмсығымен қопарып, қалай ойран-асыр қылса, немістер де Курляндия түбегін сондай етіп, окоппен ойып, траншеямен тілімдеді. Ордың әр он бес метрінен автомат пен винтовканың тұмсықтары қылтиып, әр сексен метр жерде қылғына қылқиып пулеметтер тұрды.

Орлардың алдына, 30 - 40 метрдей жерден, темір тікенекті сым темірлер тартылып, артына, 15 - 20 метрге, бүйінің ініндей үңірейе блиндаждар тізілген. Бұл — жау бекінісінің бірінші линиясы болса, содан жүз-екі жүз метрдей қашықтықтан дәл осындай екінші линия тартылған. Екінші линияның арты танк өте алмайтын жалпақ та терең орлармен қоршалып, артиллериямен тығындалған.

Мұның бәрі бірінші рубеж аталады. Одан бес-алты километрдей кейінде дәл осындай құрылыс, құралдары бар екінші рубеж басталады. Одан кейін үшінші рубеж келеді. «Солтүстік» армиялар тобының командашасы генерал-полковник Шернер, осы линия, рубеждегі солдаттардан бір-бірлеп отырып, өлсем де орнымнан шегінбеймін деген қол хат алған.

Олай болатын себебі Совет Одағының жеріне басып кірген кезде Гитлер өз күшінің сол қанатын Курляндия арқылы Ленинградқа төкті. Ленинградқа блокада жасады.

— Егер Курляндия біздің уысымызда тұратын болса, Россия үшін Европаға жол жабық. Курляндия — Россияның Балтық теңізіндегі форпосты саналатын Ленинградты алатын плацдарм. Ол — Ленинградтың тажалы, одан соң Россияның Европалық бөліміне сілтелетін найза. Сондықтан Курляндияға тез табан тіреп, оны қаһарман қамалға айналдыруымыз керек, — деп өзінің стратегиялық нұсқауын берді. Қырық төртінші жылы Совет Армиясының Балтық майдандары әскерлерінің жойқын шабуылы басталып, Гитлер армиясы амалсыздан кейін шегіне бастады. Осы кезде Гитлер:

— Қайткен күнде де Курляндиядан айрылмау керек. Орыстар Балтық жағалауына шыға алмайтын болсын! Әйтпесе Финляндия, Швеция, Норвегия, Польша, Дания қолдан кетеді. Шығыс Пруссия қатал соққыға ұшырайды. Одан кейін бүкіл империяға қатер төнеді, — деп және бажылдады. — Күшті қорғаныс шебін жасап, қайткенде де Курляндиядан айрылмау керек! — деп бұйырды.

Міне біз олардың осындай қорғаныс шебін бұзып барып, «Курляндия» тобын қоршауға алуға тиіс едік. Біздің қолымызға өткен елді пункттерді қайтарып алу үшін фашистердің күніне қырық рет қарсы шабуыл жасаған кездері болды. Күніне төрт рет емес, қырық рет қарсы шабуыл! Түсінесің бе жағдайдың қандай қиын болғанын?

Автор. Түсінемін, Бауке. 2-ші Балтық майданының командашасы А. И. Еременконың жазбаларында да Сіздің бұл айтқаныңызды растайтын сөздер бар.

Бауыржан. Оның үстіне Балтық жағалауының ауа райы өте құбылмалы ғой. Бірде жауын, бірде тұман болып, ілгері басқан аяқты кейін кетірген кездер де аз болған жоқ. Маршалдар мен генералдардың күйіп-пісіп, ызаланатын себептері де сол. Осындай қиын-қыстау кезеңде менің 9-шы гвардиялық дивизияға басшы болуыма тура келді.

Дивизияда жеті полк бар еді. Олардың төртеуі орденді полк. Орынбасарым өзіміздің Қазалының балықшы орыстарының ұрпағы, Совет Одағының Батыры гвардия полковнигі Генадий Фадеевич Шляпин деген жігіт. Ол қазақша судай жүйрік екен. Саяси жұмыс жөніндегі орынбасарым қарт большевик, Саратов обкомының бұрынғы секретары гвардия полковнигі Иван Михайлович Коньков деген кісі. Шляпин кейін мені аға, оны ақсақал деп атайтын. Мен дивизияның жеті полкымен, олардың командир, жауынгерлерімен жете танысқаннан кейін, біраз күннен соң біздің корпус шабуылға шықты.

Курляндия — орманды, батпақты өлке. Онда аяқты, тұсаулы аттай, кібіртіктеп қана басасың. Жүгіре алмайсың, тартпа шалшық аяғыңнан алып, аттаған сайын сүріндіреді. Сондықтан да біздің майдандарымыз аршындап ілгері баса алмай, жау шебін кеміріп мүжіп келе жатқан болатын.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий