Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Біздің дивизияға Латыш ССР-інің Приекуле станциясын жаудан азат ету міндеті жүктелді. Оны картадан қараймын десең, Лиепая қаласының шығыс жағынан ізде. Литва ССР-інің шекарасына жақын жерде. Дивизия алғашқы күні жаудың жоғарыда айтылған үш қатар бекінісін бұзып, станцияны алды. Одан кейін екі күнде тағы да сегіз километр алға басты. Содан соң тағы он күн соғысып, ол он күнде он жеті километр ілгері жылжыдық. Жаудан он бес елді пунктті азат еттік. Олардан есімде қалғаны Жабали, Усайтюгворс, Видсмунка, Ұсайты деген деревнялар. Жиырма шақты күнде не бәрі жиырма бес шақырым жерге жылжыдық. Соның өзі Курляндия жағдайында аса зор жеңіс болып есептелді. Дивизиямыз жаудың жиырма бес зеңбірегін, бес минометін, қырық бес пулеметін, отыз бес танкін жойып, мыңға тарта неміс солдаттары мен офицерлерін құртты. Бұл цифрларды мен саған өз жанымнан шығарып айтып отырғаным жоқ. Корпустың сол кездегі ресми документтерінде осылай жазылған болатын.

Автор. Рас, Бауке. Ол документтердің кейбір көшірмелерін мен өз көзіммен көріп оқыдым.

ІХ

Бауыржан. Осыдан кейін дивизия екінші эшелонға демалысқа шығарылды. 6-шы гвардиялық армияның қолбасшысы Совет Одағының Батыры, генерал-полковник Иван Михайлович Чистяковтың өзі келіп құттықтады.

Осыдан кейін генерал-полковник біздің дивизияның 120 жауынгері мен офицеріне өз қолымен награда тапсырды.

Автор. Ол бір ауыр ұрыстар болған екен, Бауке. Өзгесін айтпағанда отыз бес танкті ойрандау осал іс емес қой! Ол күндерде қысылған, сасқан сәттеріңіз болды ма?

Бауыржан. Неге болмасын. Қысылуды сұрасаң күніне әлденеше рет қысылдық қой. Сасқан сәттер де болды.

Алғашқы күні, жаудың екі түбегін тартып алып, үшіншісіне ұмтыла бергенімізде, фашистер танктерін тасалап бізге қарай дүрсе қоя берді. Алғы шеп абыржып барып, кейін толқыды. Мен де дивизиямның алғы тізбектерін өкшелеп келе жатыр едім. Командирі қасында тақау жүрсе, жауынгердің жаудан беті қайтпайды. Зеңбіректер бір елі қалмасын деп Шляпинге қатты тапсырып қойғанмын. Өйткені зеңбірек ерткен жаяу әскер танктен тайсалмайды.

Қалай дегенмен де, алғы шеп кейін лықығанда мен едәуір сасқалақтап қалдым. Бірақ адам бойында жасырын жатқан неше түрлі күш-қасиеттер бар ғой. Солардың бірі қайрат пен жігер.

Қайрат — қамал бұзады. Шляпин жігерлі жігіт еді. Танктерді көргенде ол да бар зеңбіректен атқылап берді. Кейін толқыған жігіттерді тоқтату үшін мен қылышымды жарқ еткізіп қынабынан суырып алдым да:

— Қайда барасыңдар, менің қырандарым, алға! — деп алға қарай ұмтылдым.

Дивизия командирін көргеннен кейін жауынгерлер кейін бұрылып, «Ура!» деп қайтадан жауға қарай лап қойды. Дүние тарс-тұрс, гүрс-гүрс болды да кетті. Жау танктері де лаулай бастады. Жігіттер жанына кеп қалғанын шоқпар гранатпен соғып, «КС-пен» өртеп, жайрата жөнелді.

Біз, алғашында кейін серпілген жігіттерді өкшелей қуып, екпіндеп келіп қалған бір топ неміспен қоян-қолтық келіп, найзаласа жұлқысып кеп кеттік. Менің дәл қарсы алдыма біл арғымақтай офицер кісінеп келіп қалған екен. Баяғы Сибирьде жүргенде үйренген ат үстінен шыбық шабатын әдісіме салып, қыл мойынды қиғаштай тартып кеп жіберіп едім, офицер жұлындай ұшып түсті.

— Алға, қырандарым, — деп тағы да қарлыға айқайлап, ілгері жүгірдім. Қырандарым, таудан төңкерілген судай ағындап, менен озып, айналамнан алға қарай ағылып жатты. Қираған танктердің біріне тақап қалғанымда люктен шығуға тырбанып жатқан жау офицерін көзім және шалып қалды. Оны маузермен көздей басып кеп салдым да, домалатып танктың алдына сұлаттым. Осы кезде артымнан біреу келіп қапсыра құшақтай алды. Жалт қарасам орынбасарым Геннадий Фадеевич Шляпин екен.

— Ағатай, Сізге не болды? — деді ол қазақшалап. — Кейін қайтыңыз.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий