Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Мен де Сізді түсініп тұрғаным жоқ, жолдас генерал. Менің міндетім тырысу, тырбану, тыңғылықты жауап беру болса, ол міндетімді ойдағыдай орындап келемін.

— Тіфу, енеңді ұрайын, — деді генерал күліп, — мен саған, былтырғыдай, биыл, екінші курсты бітіргенде де алғыс жарияласам деп жатырмын да.

— Ниетіңізге рақмет, жолдас генерал. Сізден алар алғысымның алдына тосқауыл тұрғызылып жатса мен не істеймін, — дедім алақанымды жайып.

Осымен әңгіме біткен болатын.

Бір күні әлгі оқытушы бізден жазбаша жұмыс алды. Бір тақырып берді де, соған сыпаттама жазғызды. Ал мен желдірте сүйкектетпей, жай жазатын кісімін. Ойланып-толғануым көбірек болды. Бейнені, қимылды көзге суреттей етіп айқын елестететін теңеулер іздеймін, сөздердің сирек қолданылатын синонимдерін табуға тырысамын. Өстіп отырып мен тақырыптың төрттен үшін сыпаттап болған кезде уақыт бітті деп, барлық жұмысты бір минуттың ішінде жинатып алды. Аяқталмаған жұмысымды мен де апарып генералдың қолына бердім.

ІІІ

Үш күннен кейін оқытушы қайтадан аудиторияға кірді. Портфелін ашып, алдына біздің дәптерлерімізді қатарлап қойып сәл отырды да, оларды үстінен бір-бірлеп алып, иелеріне үлестіре бастады. Бәленше төрт, бәленше бес деп жатыр. Үш алған ешкім жоқ. Бір кезде ол:

— Полковник Момышұлы,— деді маңғаздана иегін көтеріп.

— Мен, жолдас генерал, — деп орнымнан атып тұрдым.

— Сізге екі қойдым. Тақырыпқа сыпаттама жасамапсыз, — деді ол.

Жұрт аң-таң боп қалды.

— Ғапу етіңіз, жолдас генерал, — дедім мен. — Тақырыпқа сыпаттама жасалған, бірақ аяқталмаған. Аяқтауға уақыт жетпеді.

— Мен Сіздің басыңызда не барын білмеймін. Менің білетінім мына жазғаныңыз ғана, — деп ол менің дәптерімді столдың шетіне тастады. Мен орнымнан қозғалмадым.

— Полковник Момышұлы, дәптеріңізді алыңыз, — деді генерал даусын қатайтып.

— Ондай баға қойылған дәптерді мен алмаймын, жолдас генерал, — дедім.

— Менің қолымнан алмасаңыз бұл дәптерді генерал Захаровтың қолынан алатын боларсыз, — деп менің дәптерімді қайтадан портфеліне салып қойды.

— Ризамын, — деп орныма отырдым.

Әрине бұл өмірі екілік баға алмаған мен үшін де, академия үшін де ЧП еді.

Ертеңінде тағы да генерал Захаровтың кабинетіне шақырылдым. Захаровтың қасында әлгі оқытушы отыр екен. Менің үстімнен арыз айтып отырғаны айқын болды.

— Ай-яй-ай!—деді генерал Захаров алдындағы қағазынан басын көтеріп. — Бұл қалай, жолдас Момышұлы? Оқып отырсам жазған жұмысыңызда бір мін жоқ. Мен сізге өзіңіздің келіп тоқтаған тұсыңызға дейінгіні айтып отырмын. Не бір грамматикалық, не бір синтаксистік қате көрінбейді. Осылай ғой, жолдас генерал, — деп ол оқытушыға қарай мойнын бұрды. Оқытушы басын изеді. Захаров содан кейін барып сөзін қайтадан жалғады. — Бұл сауаттылық жағы.. Ал жазған жұмысыңыздың техникасына келсек, онда да мін жоқ. Міндет, сыпаттау, дәлелдеу — бәрі де жеткілікті. Орыс тілін қандай жақсы білесіз. Бұл жөнінен біздің көптеген генералдарымыздың Сізге қызығуына болады. Солай бола тұрса да, Момышұлы жолдас, Сіздің бұл жұмысыңыз аяқталмай қалған. Сондықтан Сізге оқытушы екілік баға қойған. Осының аяғына жарты бет резюме жазсаңыз бітіп жатыр еді. Онда Сізге бұл жұмысыңыз үшін бес қойылатын еді. Осылай ғой? — деп Захаров тағы да оқытушыға қарай бұрылды. Ол тағы да басын изеді. Содан соң Захаров алдарында тік тұрған маған қарай бұрылды.

— Неге өйтпедіңіз? Өкінішті болған, жолдас Момышұлы. Өте өкінішті!

— Уақыт жетпеді, жолдас армия генералы, — дедім мен екі қолымды жамбасыма жапсыра, иегімді сәл көтере ұстап.

— Өзгелерге жеткен уақыт Сізге қалай жетпеді? — деп ол тағы да басын шайқады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий