Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Бұл сұрағыңызға жауап берерден бұрын оқытушыға үш сұрақ қоюға рұқсат беруіңізді сұраймын, жолдас армия генералы, — дедім мен тағы да нық-нық сөйлеп.

— Беріңіз, беріңіз, — деді Захаров.

Мен енді оқытушыға қарай сәл қиыстай бұрылып тұрдым да, былай дедім:

— Жолдас генерал, бірінші сұрағым мынадай: академия тыңдаушысы шығарма жазарда алдына неше мақсат қоюға тиіс?

— Мұндай сұрақ болмайды, жолдас Момышұлы, — деді оқытушы маған мысқылдай жауап беріп. — Тыңдаушының алдында жалғыз ғана мақсат тұрады. Ол тақырыпты қалай да жақсы жазып шығу мақсаты. Түсінікті ме Сізге?

— Ал мен шығарма жазарда алдыма үш түрлі мақсат қоямын, жолдас генерал. Ол, біріншіден — әскери, екіншіден — ғылыми, үшіншіден — әдеби болуы керек. Осы үшеуінің басы қосылмаса, мен оны шығарма деп есептемеймін.

Осы кезде Захаровтың менің сұрағым мен жауабыма зер салып, ойлана бастағанын аңғардым.

— Екінші сұрағым мынадай, жолдас генерал, — дедім оқытушыға қадала қарап, — Сіз орыстың «страх» («үрей») «смелость» («батылдық») деген екі сөзі бар екенін білесіз, әрине. Ал осы екі сөздің нешеден синонимы бар екенін білесіз бе?

— Сіз менен емтихан алайын деп пе едіңіз? — деді ол қызарақтап.

— Оныңыз артық сөз, жолдас генерал. Менің айтайын деп тұрғаным осы екі сөздің біреуінің сегіз, екіншісінің тоғыз түрлі синонимы бар.

Сол синонимдердің бәрін есіме түсіре отырып, мен өз шығармамда «үрей», «батылдық» деген сөздерді еш жерде екі реттен қайталағаным жоқ.

— Полковник, сол екі сөздің синонимдерін жеке-жеке атап шығыңызшы, — деді Захаров маған.

— Құп, жолдас армия генералы, — дедім мен академия бастығына қарай бұрылып. — «Страх» сөзінің синонимдері мынадай: «боязнь», «жуть», «испуг», «опасение», «оторопь», «робость», «трепет» және «ужас». — Генерал Захаров мен әр синонимді атаған сайын бір саусағын бүгіп отырды. Оның бір қолының бес саусағы тегіс жұмылып, екінші қолында жұмылмаған екі-ақ саусақ қалды. Мен сәл тыныс жасадым да, содан кейін екінші сөздің синонимдерін таратуға кірістім. — Ал «смелый» сөзінің баламасы болып мына сөздер саналады, жолдас генерал: «бесстрашный», «безбоязненный», «храбрый», «неустрашимый», «отважный», «доблестный», «бестрепетный», «удалой», «лихой». Енді қандай сөздердікін айтайын, жолдас генерал?

— «Армия» деген сөздікін айтыңызшы.

— Ол көп емес, жолдас генерал: «войско», «рать» және «воинстено» деген үш-ақ сөз.

— Онда «наказание» деген сөздікін айтыңыз.

— «Кара», «казнь», «возмездие», жолдас генерал. Бұлар синонимі аз сөздер. Синонимі көп сөздерді сұраңыз, жолдас генерал.

— Жетеді, — деді Захаров күліп. — Мен Сізді автомат па деп қалдым.

— Олай емес, жолдас генерал, мен әскери академияның тыңдаушысымын.

— Мақтарлық іс, жолдас полковник. Енді Сіздің жаңағы айтқан екі сөзді қалай қолданғаныңызды тексеріп көрейік. — Осылай деп Захаров алдында жатқан дәптердің беттерін ақтарып, әр бетке байыптап көз жүгірте бастады. — Рас, қайталанбаған екен, — деді ол біраздан кейін дәптердің соңғы бетін жауып. — Жоқ, тоқтаңыз, енді мына екі жұмысты қарайық. Мен Сіздің жұмысыңызбен салыстыру үшін төрт пен бес қойылған екі жұмысты қоса алдырғанмын.

Генерал Захаров осылай деп, алдында жатқан екі дәптерді бірінен соң бірін ақтарып қарап, қызыл қарындашпен керекті сөзінің астын сызып жатты. Содан кейін оларды санап, бір қағазға түртіп алды да, басын көтерді.

— Дұрыс айтасыз, жолдас полковник, — деді ол екеуімізге кезек қарап қойып. — «Үрей» деген сөз мына жұмыста 10 рет, мына дәптерде 13 рет қайталанған. Генералға тағы да сұрағыңыз бар ма?

— Соңғы сұрағым мынадай, — дедім тағы да оқытушыға қадалып. — Осы біз академияның тыңдаушысымыз ба, әлде бастауыш мектептің шәкіртіміз бе?

— Оны білмегеніңіз өкінішті екен, — деді ол күңк етіп.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий