Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бауыржан. Айтайын. Қырық алтыншы жылы академияның бірінші курсында 125 адам болдық. Алғашқы курсты аяқтағанымызда академия бастығы армия генералы Захаров бес тыңдаушыға алғыс жариялады. Мен сол бестің бірі болдым. Бірінші курста тек қана беске оқыдым.

Оқытушыларымыздың бірі Макаров деген генерал еді. Оперативтік өнерден сабақ беретін. Макаров бұрынғы музыкант екен. Музыканы тастап келіп, артынан дивизия, одан соң корпус командирі болыпты. Ол кісінің бұрынғы музыкант екенін біз кездейсоқ білдік. Ол былай болды.

Академияның бірінші курсын аяқтарда біз Кавказға маневрға бардық. Мен корпус командирінің, Макаров армия командашасының міндетін атқардық. Маневр ойдағыдай өтті. Кавказдан қайтарда мен қазақтың меймандостығын жасап, генералға ресторанда қонақасы бердім. Бірге барған жолдастарды тегіс шақырдым. Ресторанға алдын ала тілек айтып, қазақтың ұлттық тағамдарынан қуырдақ, бесбармақ жасаттырған едім. Ас жеп, Кавказдың шырын шараптарын ішіп, көңілденіп отырдық.

Бір кезде оркестр ойнап, екі-үш белгілі ән-күйді нашар орындады. Генерал Макаров, басын шайқап, орнынан тұрды да, эстрадаға қарай аяңдады. Біз ол кісі көңілі сүйетін бір әнді орындауды өтінгелі бара жатқан болар деп ойладық. Ол оркестр дирижерінің қасына барды да:

— Сіз рұқсат етсеңіз, мен пультке шығып, бес минут оркестрді басқарар едім, — деді.

Дирижер басын изеп, қолындағы таяқшаны генералға беріп, пульттен түсе бастады. Ресторандағы басқа жұрт та, біз де таң болып қалдық. Басқа жұрт мына генералдың есі дұрыс па деген шығар іштерінен. Ал біз генералдың мұнысы несі деп ойлап, қысылып отырдық.

Генерал пультке шықты. Зал мен оркестрге естірте:

— Огинскийдің «Полонезі», — деді де, таяқшаны жоғары кетерді.

Генерал Макаров таяқшасын сермеп кеп қалғанда оркестр, әскер атындай, лыпи жөнелді. Оркестрдің толқынды, ырғақты үні ресторанды тербеп қоя берді. Барлық жұрт орындарынан тұрып, екі-екіден қалай билеп кеткендерін білмей қалды.

«Полонез» аяқталғаннан кейін елдің бәрі эстрадаға қарай бұрылып, ду қол шапалақтады. Оркестрдегілер табандарынан тік тұрып, олар да алақандары қызарғанша қол соқты. Содан кейін қолына флейта ұстаған бір музыкант алға шығып, генералдың қасына келді де:

— Біз Сізді алғашында мас генерал екен деп едік. Сіз пайғамбар екенсіз, — деп Макаровтың қолын алды.

Бұл кісі менің академиядағы ең жақсы көретін ұстаздарымның бірі болды. Ол кісінің сабақтарынан да ылғи бес алып жүрдім. Бірақ, бірінші курстан кейін генерал Макаров басқа қызметке ауысып кетті де, екінші курста оның орнына басқа оқытушы келді.

Неге екенін білмеймін, ол мені ұнатпады. Бағаны ылғи төмендетіп қоятын болды. Мен оған үнемі беске жауап беремін. Ол төрт немесе үштен сәл жоғарырақ дейді. Солай деп журналғa белгі соғады. Мұнысына менің бірге оқитын жолдастарым наразы бола бастады.

Бір күні маған Захаров шақырып жатыр десті. Совет Одағының Батыры армия генералы Матвей Васильевич Захаров біздің Бас штаб академиясының бастығы ғой. Бардым. Баян еттім.

— Бұл қалай, жолдас Момышұлы, — деді генерал алдындағы табельге үңіліп. — Сіздің оқудағы қарқыныңыз соғыстағыдай болмай жатыр ғой. Сіз бен біз жаман соғыспаған сияқты емес пе едік?

Захаровтың олай дейтін жөні бар еді. Өйткені ол кісі қырық екінші жылдың январынан қырық үшінші жылдың апреліне дейін біздің Калинин майданы штабының бастығы болған.

— Дәл солай, жолдас генерал, — дедім мен, — Калинин майданында қандай қайрат жұмсасам, қазір де сондай қажырмен оқып жатырмын.

— Онда мына оқытушының сабағынан неге төртке түсіп қалғансыз? Бұрын Макаровтан ылғи бес алып келген едіңіз ғой.

— Оқуым да, ұғуым да, жауап беруім де былтырғыдай, жолдас генерал.

— Мен Сізді түсінбей тұрмын, жолдас Момышұлы.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий