Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Автор. Мұндай стипендиямен өмір сүруге болады екен, Бауке? Ол жылдарда КазГУ-дің студенті болып, мен де стипендиямен өмір сүрдім. Ал енді Сіздің сыйлығыңызды жумаймыз ба, Бауке?

Бауыржан. Әрине, көп ақша. Тоғыз мың сом шытырлап қалтама түскеннен кейін мұны қайда жұмсаймын деп ойладым. Ақыры мынадай қорытындыға келдім. Бас штабтың академиясын бітірген бірінші қазақ мен болармын. Ендеше мен осы құрметке арнап халықтың тойын жасайын дедім.

Сол кезде Москвада СССР Жоғарғы Советінің сессиясы өтіп жатқан еді. Қазақстан депутаттары орналасқан «Армения» мейманханасына барып, Қалыбек Қуанышбаев пен Мәлік Ғабдуллинді тауып алдым. Екеуі де депутат болатын. Осылай да осылай, академияны бітірдім. Үкімет сыйлық берді. Мен де қазақтың бір ұлымын ғой. Ендеше әскери академияны менімен бірге халқымыз да қоса бітірді деп есептеймін. Осы қуанышқа арнап, қазақша той жасайық. Өздерің елден келген депутаттардан жиырма шақты адам жинаңдар. Қарсыдағы ресторанға барып отырайық дедім оларға. Олар келісті. Сол арада Құрманбек Жандарбеков келе қалды. Жиырмадан аса адам боп жиналып, қарсыдағы ресторанға барып отырдық.

— Екі тізгін, бір шылбыр Сіздің қолда, жолдас депутат, — дедім Қаллекейге. — Ас алдыртыңыз. Тойды бастаңыз.

Қаллекей келістіріп заказ берді. Кемелдендіріп тойды жүргізді. Академияны бітіру тойы осылай өз сәнімен аяқталды.

V

Бауыржан. Ол кезде үкіметтің арнаулы нұсқауы бойынша, академияны беспен бітіргендерге үш түрлі, төртпен бітіргендерге екі түрлі қызмет ұсынылатын. Не үштің, не екінің таңдаған біреуіне баруға міндеттісің. Ал мен жоғарыдағы оқытушының кеселінен үштің емес, екінің бірін ғана таңдауға тиісті болдым.

Академияны бітіргеннен кейін бізді ГУК-тың қарамағына жіберді. ГУК-тың бастығы армия генералы Филипп Иванович Голиков маған алдымен Кавказға бригада командирі болып баруды ұсынды.

— Мен дивизия командирімін. Оның үстіне академия бітірдім. Бригада командирі болып бармаймын, — дедім Голиковке.

Соғысты бітіріп, академияны тауысып, кеудеге нан пісіп жүрген кез еді ғой ол, қарағым. Генералға тура осылай дедім.

— Бара беріңіз. Сіздің пікіріңізді хабарлаймыз, — деді генерал.

Мен тайтаңдап жүре бердім. Сонымен он күн етті. Мені тағы Голиковке шақырды.

— Бригада командирі болып бармасаңыз, — деді бұл жолы генерал, — онда корпус штабының бастығы болып барыңыз.

Бұл үлкен қызмет еді. Жаман ағаң ақылсыздық жасады, қарағым. Жарайды, рақмет деудің орнына Голиковке:

— Мен сап командирімін. Ешқашанда штабта отырған емеспін, — дедім.

Голиков бетіме қарап отырды да:

— Жолдас полковник, Сіз асқақтықтың сазайын тартасыз. Бара беріңіз, — деді.

Ағат кеткенімді артынан білдім. Бірақ қайта барып, генералдан кешірім сұрауға өрлік мойын бұрғызбады. Орынсыз өрлік адамды өкіндірмей қоймайды ғой, қарағым. Партия мен үкімет мені оқытты. Академия бітіртті. Менің лауазым таңдамай, жіберген жерге жүре беруім-ақ жөн еді. Кеше, Москва түбінде өліп кетсем қайтетін едім. Өлгендерден жаным артық па еді? Қайтесің пендеміз ғой. Пенде болған соң кемшіліктен кім құтылмақ. «Семіздікті қой ғана көтереді» деген даналық сөзді халық тегін айтпаған ғой. Менің өмірімде жіберген ең үлкен қателігім осы болды. Өзгесінің бәрі түкке тұрмайды, — Бауыржан сәл ойланып, үнсіз отырып қалды. Содан кейін сөзін қайтадан жалғады — Осы қатемді ойласам күні бүгінге дейін екі бетім дуылдап қоя береді. Адамгершілік, азаматтың арым өзімді өмір бойы осы үшін айыптаумен келеді.

Өмірінің қатесін ешкім де өз аузынан айтып бермейді. Өйткені оны мойындау қиын, өзгеге мөлдіретіп айтып беру одан да ауыр. Мен саған имандай сырымды айтып отырмын, қарағым. Оның себебі менің дұрысымды көрген жұрт бұрысымды да білсін. Бір адамның өмірі мың адамға сабақ. Жас ұрпақ менің де жақсымнан үйреніп, жаманымнан жиренсін.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий