Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Сөйтсем ол менің жаяу әскерді бастап, атакаға жүгіргенімді көріп, олжа транспортерге міне салып, соңымнан қуып келіпті. «Ағатайлап» жалынып, транспортерге отырғызып, мені кейінірекке алып шықты.

Ол күні мен, қылыш сілтеп, маузерден атып, жеке өзім жаудың екі офицерін жойдым. Ал менің дивизиямның жауынгерлері жиырма танкты өртеп, көптеген дұшпанды жер жастандырды.

Автор. Дәл осы ұрыстарға байланысты 2-ші гвардиялық корпустың командирі Совет Одағының Батыры гвардия генерал-майоры Баксов мынадай мінездеме жазған екен, Бауке; Орысшасы өте әдемі. Аудармастан сол қалпында оқиын: «Гвардии полковник Момышулы умелым руководством войсками, личным примером героизма, мужества и отваги, проявленные в бою, воодушевлял бойцов и офицеров на выполнение задач, поставленных перед дивизией, в результате чего противнику нанесены значительные потери в живой силе и технике». Осылай депті, Бауке.

Бауыржан. Бұл документтерді ерінбей іздеп, тауып алғанына рақмет!

Автор. «Ақиқат пен аңыздың» журналға шыққан тарауларында мен Сіздің көзіңізге жас алған бір тұсты айтқан едім. Ұмытпасам Сіздің алғашқы ұстазыңыз помкомвзвода Николай Рединнің өлген жерінде болуы керек. Соны оқыған жазушы жігіттердің біреуі: сенің мұның өтірік. Момышұлы жыламайды деп маған кінә тақты. Сол сияқты, соғыстың соңғы кездерінде жылаған сәттеріңіз болды ма?

Бауыржан. Момышұлын адам емес, ағаш деп ойлайтын ол неғылған жазушы?

Содан кейін ыңылдап отырып, өз өлеңімен жауап берді:

«Мен де адаммын жаралған сүйек, еттен», Менде де ой бар, сезім бар жан тербеткен. Жүрегім менің қиыршық тас емес қой. Қайғыларым бар мені де еңіреткен...

Болды, қарағым. Бір рет тағы да еңіреп тұрып жыладым. Басынан айтайын.

Біз жаңағы айтылған Приекуле түбінде басталған ұрыстан кейін екінші эшелонда бір жарым айдай болдық. Бұл кезде біз Ленинград майданының маршал Говоровтың қарамағында болатынбыз.

Бір күні мені армияның Соғыс Советінің кеңесіне шақырды.

— Өзіңіз білесіз, кеше, 2 майда Берлин құлады, — деді командашы. — Ал Курляндияда немістің жарты миллиондай әскері бар. Оларға бағыну туралы ультиматум қойылды. Бірақ хабар жоқ. Олар айтқанға көнбесе күш көрсетіп бағындыруымыз керек. Ал соғыстың бұл соңғы күндерінде, бәлкім, соңғы сағаттарында екі жақтан да қан төгілмегені-ақ жақсы болар еді. Бірақ олар қойған шартты қабылдамаса, біз шабуылға шығамыз. Сіздің дивизия сол шабуылшы топқа кіреді.

Генерал-полковник Чистяковтың бұл бұйрығын алып, мен дивизияға келдім. Коньков пен Шляпинге жайды айтып, дивизияны орнынан көтердік.

— Бауыржан, қарағым, — деді жолда келе жатып Иван Михайлович Коньков, — бәлкім, немістер ақылына келер, қаруларын тастап, қол көтерер. Бәлкім, бұл біздің немістермен ең соңғы ұрысымыз болар. Өзің де сақ бол, өзгелерді де сақтауға тырыс. Приекуледегідей қызбаланып, ілгері ұмтылма. Кейінірекке жайғас.

— Оны жағдай көрсетеді ғой, ақсақал, — дедім мен.

Бірақ менің командалық пунктім артқа емес, алға, жаудан жүз елу метрдей жерге орналастырылды. Жау айтқанға көнбей, бұрқыратып оқ боратып тұрды. Бір кезде радист екеуіміз жатқан шұңқырға біреу домалап кеп құлады. Иван Михайлович Коньков екен.

— Сізге не болды? — дедім.

— Сіз осында жатыр деген соң әдейі келдім, — деді ол. — Ағалық ақылымды беріп, басу айтып, қасыңызда болайын дедім.

Осы кезде біздің самолеттер келіп, төбеден оқ атып, ұсақ бомбалар тастады. Жаумен ара жақын, жүз елу метр ғана болғандықтан, олардың оғы ауытқып өз үстімізге де ақтарылып жатты.

— Соғыстың соңғы сағатында мыналар қайтеді, ей, — деп Коньков атып тұрып, біздің ұшқыштарға қарап қолын сермеп, жұдырығын түйді. Сол сәтте ол радист екеуіміздің үстімізге қайтадан құлап түсті.

— Иван Михайлович, не болды? — деп мен оның басын сүйей бердім.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий