Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бауыржан. Шәкірт үшін ұстаздың жаманы жоқ. Олардың бәрі де есімде. Солардың ішінде ең алдымен ойыма оралатыны Панфилов пен Чистяков. Чистяков маған үш рет ұстаз болған кісі. Ал бір шәкірттің бір ұстаздан бастауыш кластарда, орта мектепте және жоғары оқу орнында сабақ алуы өмірде өте сирек кездесетін оқиға.

Автор. Ол кісімен байланысыңыз қандай?

Бауыржан. Қарт адамдардың арасында байланыс бәсеңдеу болады. Москваға барғанда — соғамын, сәлем беремін. Былтыр Иван Михайлович Чистяков Алматыға келді. Үйіме шақырып қонақ еттім.

Автор. Сізді жақсы көрген командирлеріңіздің бірі генерал-майор Баксов па деп ойладым, Бауке.

Бауыржан. Баксов ер көңілді, өжет, өткір кісі еді. Тәртіптілікті, тиянақтылықты ұнататын. Бұлтаң-сұлтаңы жоқ, тура мінезді нағыз орыс адамы болатын.

Автор. Оны айтып отырған себебім Баксов Сізге алты-жеті жақсы мінездемелер жазыпты.

Бауыржан. Онысына рақмет.

Автор. Өзіңізді екі рет Қызыл Ту орденіне ұсыныпты: 2 мартта және 16 майда. Сіз 1945 жылы 6 июньде 1 дәрежелі Отан соғысы орденымен наградталдыңыз. Бұл Баксовтың сол ұсынысының нәтижесі болуға тиіс.

Бауыржан. Әрине.

Автор. Бір қызығы Сіз тек 6 июньде ғана наградталып отырыпсыз. Ең бірінші рет Қызыл Ту ордені 1942 жылы 6 июньде беріліпті. «Москваны қорғағаны үшін» медалін де 1944 жылы 6 июньде алыпсыз.

Бауыржан. Кездейсоқ көп сәйкестіктің бірі болар.

Автор. Сіздің батальон басқарған, полк командирі болған кездердегі жауынгерлік іс, еңбектеріңізден азды-көпті хабардармыз, Бауке. Енді 9-шы гвардиялық дивизияның басшысы болған кезіңізден қысқаша да болса дерек айтпайсыз ба?

Бауыржан. 1944 жылдың екінші жартысынан бастап 1, 2, З-Балтық және З-Белорусь майдандары әскерлерінің иығына Балтық республикаларының жерін жаудан босату, бұл үшін ең алдымен жау шебін бұзып, Балтық жағалауына шығу, сөйтіп Балтық пен Шығыс Пруссия арасындағы күре тамырды талқандап, немістің «Солтүстік» армиялар тобын Германиядан бөліп ұстау міндеті жүктелді. Дұшпанның 16 және 18 армияларына соққы бере отырып, жаз бойы бұл майдандар осы міндетті сатылап орындаумен болды. Оңтүстік Литваға (Вильнюс, Каунас, Неман жағалауы) Черняховский бет қойды. Курляндия мен Ригаға қарай Баграмян құлаш сермеді. Еременко Резекнеге бағыт ұстады. Сөйтіп Вильнюс, Шауляй, Елгава, Двинск, Резекне алынды. 3-ші Балтық майданының армиялары Остров пен Псковты, Ленинград майданының әскерлері Нарваны азат етті. Сөйтіп бұл майдандар біртіндеп күз бойы алға баса берді. Рига босатылды. Октябрьдің екінші жартысында 3-ші Балтық майданы ажыратылды. 1945 жылы январьдың басында қалған екі Балтық майданы шабуылды тоқтатып, аз уақытқа табан тіреп бекіністе болды. 1-ші Балтық майданының қарамағындағы 9-шы гвардиялық дивизияға мен осы кезде келдім. Бұл майдандар мен армиялар штабтарында алдағы шайқас-шабуылдардың жоба-жоспарлары үсті-үстіне талқыланып жатқан қарбалас, қызу шақ еді.

Олай болатын себебі мынадай. Қырық бірінші жылы немістердің біздің Отанымыздың жеріне үш топқа бөлініп кіргенін білесің. Олар: «Солтүстік», «Орталық» және «Оңтүстік» армиялар топтары деп аталды ғой. Біздің әскерлердің соққысы салдарынан оның екеуі, әсіресе «Оңтүстік» армиялар тобы тоз-тоз болып, бірнеше рет қайта жасақталды. Тек «Солтүстік» армиялар тобы ғана үш жыл бойына қаймағы бұзылмаған қалпында тұрды. Балтық майдандары әскерлерінің 1944 жылғы жазғы, күзгі тегеурінді қимылдарынан кейін бұл да өзінің бұрынғы белсенді оперативтік-стратегиялық бірлестік қалпынан айрылды. Бұрын Балтық жеріне бауырын төсей созылып жатқан «Солтүстік» армиялар тобы, енді таяқ тиген жыландай жиырылып, шиыршықталып, «Курляндия» армиялар тобы деп аталып, түбекке тығылды. Бұл топта отыздан аса дивизия болды. 1944 жылы 5 сентябрьде Финляндияның бізбен соғысты тоқтатуына байланысты, Финляндиядағы неміс әскерлері де «Курляндия» тобына келіп құйылып жатты.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий