Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Сұрқиялар алдымен жұртқа қиянат жасайды. Содан кейін сыртыңнан сенің атыңды сатады. Мұндай сұмдарға бір зауал жасау керек, — деп Баукең біраз бұрқырап алды да, артынан сабасына түсіп, істеп отырған жұмысына кірісті. Мен де басымды ұстап, жататын бөлмеге қарай аяңдадым. Жаңағы кішкентай түрегеп жүргенге басым сынардай боп зырқ-зырқ етіп. төсегіме әрең жеттім. Жақсыгүлі құрысын, қайдан тұрып едім деп, қайтадан ыңқылдай бастадым.

Кәмәш күліп, осылай деп әңгімесін бітірді. Баукең тырс етпестен үнсіз отырды. Мен Кәмәшпен қосыла жымидым да, дереу ол кісі айтқан әңгімеге ат іздедім. Бұл менің әдетім. Біреудің әңгімесі ұнаса, оған алдымен ат қойып аламын. Сөйтіп барып ойымда сақтаймын. Бұл әңгімеге «Жақсыгүл» деген ат қойдым да ішімнен екі рет: «Жақсыгүл», «Жақсыгүл» деп қайталап шықтым. Содан кейін Кәмәшқа бұрылдым.

— Апырау, Баукеңнің атын сататын да батырлар бар екен ғой.

— Бар-бар, — деді Кәмәш басып тез-тез изеп. — Мен Сізге мына бір оқиғаны айтып берейін.

IV

— Бір күні Бауыржан екеуіміз қала араламақ боп такси шақырдық. Шоферіміз ұйғырдың бір жас жігіті екен. Баукең соның қасында, мен артта отырмын. Бір кезде мен:

— Бауыржан, мына магазинге кіре шығайықшы, — дедім. Мен Бауыржан дегенде, таксист жігіт Баукеңнің бетіне жалт қарады. Содан кейін де қайта-қайта қарағыштай берді.

Біз магазиннен шығып, Баукең қасына жайғасқаннан кейін таксист жігіт машинасын жүргізуден бұрын Баукеңнің бетіне қарады да:

— Аға, Сіз шын Бауыржансыз ба? — деп сұрады. — Момышұлы Бауыржансыз ба?

— Ол не керек саған? — деді Баукең қатқылдау үнмен. Шофер жігіт күлді де, осыдан бір жыл бұрын өзінің бір жолаушыны тасып, қаланы күні бойы аралатқанын айтты.

— Мен одан бір тиын ақша алмадым, — деді жігіт. — Өйткені ол «Мен Бауыржан Момышұлымын!» деді. Атақты Бауыржаннан ақша алып не болыпты маған?

— Неге алмайсың? — деп сұрады Баукең.

— Себебім бар.

— Қандай себеп?

— Менің әкем Ұлы Отан соғысында Бауыржан полкының жауынгері болған. Әкем Бауыржанның батырлығын, солдаттарға деген қамқорлығын аузынан тастамай айтып отырушы еді.

— Әкең тірі ме? — деді Баукең оған сәл бұрыла түсіп.

— Бертінде қайтыс болды, — деді таксист. — Бірақ мен оның Бауыржан екеніне бір сөзінен шүбәланып қалып едім. Өйткені микроауданға қарай бара жатқанда бір «Запорожецті» басып оздық. Сонда ол:

— Мен де осындай бір «Запорожец» алсам деп жүрмін, кезекте тұрмын, — деп қалды.

— Бауыржанның «Волгасы» бар деп естіп едік қой, — дедім мен оған жалт қарап.

Ол сәл қолайсызданып қалды да, содан соң күліп:

— «Волгамның» бары бар, оны өзім мінемін, «Запорожецті» балаларға алып берейін деп едім, — деді.

Мен солай болса солай шығар дедім де қойдым. Сонымен міне бүгін екінші Бауыржанды алып келе жатқаныма таң қалып отырмын.

— Екінші емес, бұл номер бірінші Бауыржан, — деді Баукең шоферға даусын көтеріп.

Таксист «қайдан білейін» дегендей, басын шайқады.

— Тоқтат! — деді Баукең қатуланып.

Таксист те, мен де сасып қалдым. Ол дереу машинасын токтатты. Мен Баукең түсемін деп әлек салып жүрмесе екен деп қылпылдап барамын. Жоқ өйтпеді. Қалтасына қолын сұғып, паспортын суырып алды да:

— Мә, оқы, — деп шофер жігітке ұсынды.

Ол паспорттан Баукеңнің аты-жөнін оқып шығып, қуана бас изеді. Содан кейін ол елбелек қағып қос қолын бірдей Баукеңе ұсынды.

— Әкем өлерінде Алматыға барсаң, менің командирім Бауыржанға сәлем бер деп еді, — деді даусы дірілдеп.

Баукең таксист жігіттің қолын алып:

— Әкең иманды болсын, қарағым, — деді.

Содан кейін қайтадан ілгері қозғалдық. Мен де ішімнен «уһ» дедім.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий