Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Суыртпақтан жіп суырғандай болып, мен де Баукеңнің аузынан шыққан детальдарды бір-бірлеп қағазға түсіре беремін. Әрине, маған дәрігерлер мен сестралар қағаз жазуға рұқсат етпейді. Бірақ мен олар жоқта, ұрланып, блокноттарымды толтырып жатамын. Жан да керек, жазу да қажет. Жазбасам Баукең айтқан әңгімелерден айрылып қаламын. Ол маған әке-көке десем де бір айтқанын екінші рет қайталап бермейді. Оны Александр Бектің тәжірибесінен білемін, Баукеңнің бір беткей мінезінен аңғарамын. Сондықтан бұл жолғы айтқандарын да іштей тақырыпқа бөліп, ұмытып қалмау үшін ол тақырыптарды үнсіз қайталап қойып отыр едім, төменнен жатын орын — палаталарға қарай қайтып келе жатқан аурулардың дүбірі естілді. Таныс ащы дауыс дәлізді шыңылдатып келе жатты. Оны ести сала Баукең мазасызданып, қозғалақтай бастады.

— Кәмәш, кетейік, мынаның Дерпені келе жатыр, — деді әйеліне қарап.

Неге екені белгісіз Баукең Дерпенді көрсе теріс айналып кетеді. Оның шүңірейген көзін, шіңкілдеген үнін көрмеуге, естімеуге тырысатын сияқты. Ол қасына келсе үндемей отырып алады, немесе дәрі ішетін едім деп сылтауратып кетіп қалады.

Бұл жолы да сөйтпекші еді. Бірақ бізді көре сала Дерпен шапшаң аяңдап қасымызға жетіп келді.

— Екі жазушы, немене сендер өздерің сөйлесе бересіңдер? Одан да мына менімен әңгімелесіп, менің өмірімді кітап қылып жазбайсыңдар ма? — деді ол.

Бауыржан бұқиып төмен қарады. Баукеңнің онысынан: «Мынауыңмен өзің сөйлес» дегенді аңғардым да, енді аузымды аша беріп едім.

— Сенің өміріңде жазатын не бар, Бейсеке? — деді Дерпеннің қасында келе жатқан салауатты келген екінші шал.

— Неге жоқ? — Дерпеннің басы кекең ете түсті. — Батрақ болдым. Байларды кәмпескеледім. Совпартшколда оқыдым. Колхоз құрдым. Енді дербес пенсионермін. Неге жазбасқа?

— Дербес пенсия дегенінңен басқасының бәрі жазылды-ау, Бейсеке, — деді Дерпеннің жолдасы, — Оны Сәкен, Сәбит, Бейімбет, Ілияс жазды емес пе?

— Жоқ, олардікі жалпы ғой. Мен туралы жеке жазылуы керек. Осы күнгі жазушылар теме таба алмайды. Міне мен темемін. Қастарыңда жүрген темені неге көрмейсіңдер осы?. — Содан кейін Дерпен сұқ саусағын шошайтты. — Дербес пенсия деген кім көрінгенге беріле бермейді, жолдастар. Маркстың сөзімен айтқанда ақша еңбек еткенге ғана беріледі.

— Әй, Бейсеке-ай, — деді жолдас шалы Дерпенді қолтығынан алып, — дербес пенсияң, қасыңда кемпірің, басыңда үйің, тауда дачаң бар. Балаларыңның бәрін жақсы қызметке орналастырдың, әрқайсысына үш-төрт бөлмеден үй әпердің. Мінем, жүрем десең машинаң дайын. Осыным бойыма құт деп отырмайсың ба тыныш. Енді кітапқа герой болғың келеді. Бұл дүниедегі жақсылықтың бәрін жалғыз арқалап кетпексің бе сонда? Жүр, жұрттың мазасын алмайық.

Жолдас шалы Дерпенді қолтығынан тартып еді, ол қозғалмады. Бауыржанға қарап тұрып:

— Сен атақты Момышұлысың. Сен жазшы мен туралы. Сен өзің солдаттар туралы жақсы жазасың, — деді.

— Мен Сіздің психологияңызды білмеймін, ақсақал, — деді Бауыржан мойын теріс бұрып. — Өзіңіз жазыңыз.

— Сіз туралы да жазамыз, Бейсеке, — дедім мен Дерпенге басымды изеп. — Әуелі тәуір болып алайық та.

— Е, дұрыс, тәуір болыңдар, — деді Дерпен жайдарыланып. — Оларың жөн. — Содан соң жолдас шалына ілесіп, дәліздің есігіне қарай аяңдады. — Мен бәрін де айтып беремін.

— Қасындағысы да дерпен бе? — деді Баукең есік жақты иегімен нұсқап.

— Жоқ, Жайпен.

— Аты солай ма?

— Аты басқа болуы керек, дербес емес, жай пенсионер деген екі сөздің қысқарған түбірінен туған ат. Осындағы кейбір қу жігіттер ол кісінің өз аузынан естіген әрі күлкілі, әрі күйінішті бір әңгімеге байланысты оны Жайпен деп атап кетіпті. Дерпен екеуі дос, үнемі бірге жүреді.

— Сол Жайпеніндікі жөн сияқты, — деді Бауыржан қайтадан ашыла сөйлеп.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий