Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бауыржанның онысы рас еді. Ол күздің қатты қара суықтарының өзінде де балконды ашып тастап отырады екен. Өткен күзде «Ақиқат пен аңыздың» біткен бөлімдерін өзіне оқып беру үшін Баукеңнің үйіне барғанмын. Сонда балконы ашық азынап тұрған бөлмеде үш сағат отырып, иегім иегіме тимей қалшылдап, үйге әрең жеткенмін. Мен Баукеңе осыны айттым.

— Бәле, сен қызық екенсің ғой, — деді ол, — Тоңып отырғаныңды айтып, балконның есігін жауып қоймайсың ба?

«Тоңып отырғанымды көрсеңіз де үндемеп едіңіз ғой» дедім мен ішімнен. Содан кейін ол өзінің Калинин қаласында тұрғанда жатын бөлмесінің кіші-гірім терезедей форточкасы болғанын, қысты күнгі аяздарда оны ашып тастап ұйықтайтынын есіне алды. Бір күні сол суық бөлмеге жауынгер серіктерінің бірі кіріп, «Мынау қазақ жататын орын емес, қасқыр жататын жер ғой» деп екінші бөлмеге қарай қаша жөнеліпті.

— Мұның бәрі соғысқа дейін Сібірдің суығына шыныққандықтың арқасы ғой, — деді ол.

Автор. Бауке, кешегі папка менде қала берсін бе, әлде өзіңізге қайтарып берейін бе?

Бауыржан. Керек болса — қала берсін.

Автор. Анау Сіз жауап хат жазған лейтенанттың фамилиясы есіңізде жоқ па?

Бауыржан. Ол өзіміздің әскери училищелердің бірінің лейтенанты екен. Маған бірнеше сұрақтар қойып, суретімді сұрап хат жазыпты. Фамилиясын конверттің сыртына жазған едім, қазір ұмыттым.

Айтпақшы партизан Қасым Қайсенов келіп кетті. Саған да сәлем айтты.

— Сәлемет болсын. Карантин ғой, қалай кірді екен?

— Қасымға карантин бөгет болушы ма еді. Қақпаға барып едім, кіргізбеді. Бір бұрышты айналдым да, қоршау тақтайды теуіп қалып біреуін сындырдым. Бірақ одан сыймадым. Екіншісін сындырдым да, сып етіп аурухананың ауласына кірдім. Полковник ағам ауырып, арыстай боп ауруханада жатса, қараймын ба мен бұлардың қарауылы мен карантиніне дейді.

— Қоршаудың тақтайын сындырғаның үшін өзіңді сотқа берсе қайтесің? — дедім оған.

Ол аурухананың ауласын басына көтеріп, сақылдап кеп күлді.

— Жоқ, Бауке, оған қорықпаймын. Жасанған жау тұтқын лагерін тоғыз қабат сыммен қоршап, автомат, пулеметін кеудеме кезеп тұрғанда олардың тас-талқанын шығарып, совет азаматтарын азат еткен Қасым ауруханадағы ағасына келіп, алақанын сипап, бетінен сүйе алмаса, ол несіне кісі болып жүреді, — деп айқара құшақтап, екі бетімнен кезек сүйіп жатыр, — Өзіңді арқалап алып кетейін, кетесің бе үйге? — дейді тағы да. Қасымға не дерсің, рахмет, айналайын деп маңдайынан сүйдім. Ол жоғарыға көтеріліп, сенің де көңіліңді сұрамақ еді. Бірақ төмендегі сестралар шуылдап, жібермеді. Содан кейін: «Әй, Қасым қойғын. Бұл саған Украинаның орманы емес», — деп қайтарып жібердім.

Партизан жазушы Қасым Қайсеновтың бұл қылығына мен қатты тебіреніп қалдым. Өйткені осы кішкентай деталь маған көп нәрсені баяндап тұрғандай болды. Қасым кешегі ел басына күн туған ауыр шақта етігімен су кешкен ерлердің бірі. Ол украин партизандарының ортасында от ішінде отряд бастап жүрді. Отанның азаттығы үшін өз басын өлімге байлап, өжеттігімен, ерлігімен талай ауыр тапсырмаларды абыроймен орындады. Енді сол ардагер азамат арсалаңдап арамызда жүр. Қасымның менімен қарым-қатынасы жоқ адам, айтқан сәлеміне рақмет. Ал оның Баукеңді бұлай іздеп келуі екінің бірінің қолынан келмейтін жай. Кейбір ағайындарың ауырып жатқаныңда есік ашық тұрса да бас сұқпайды. Ал Қасым болса аурухананың қабырғасын қақыратып кіріп, ағасын аймалап бетінен сүйген. Бұл да бір өзінше ерлік іспеттес іс екен. Ағаны ардақтаудың, азаматты қадірлеудің адамгершілік үлгісі осындай болар. Ерді ер, батырды батыр осылай құрметтейтін шығар деп ойладым мен.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий