Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— 1941 жылдың 15 декабрінде біздің дивизия шеп құрып жатқан Истра өзенінің бойынан кейін шегіндіріліп, демалысқа шығарылды, — деп бастаған еді әңгімесін Мәлік. — Біздің полк Москвадан 40 шақырымдай жердегі Нахабино станциясының түбіндегі екі-үш селоға жайғасты.

Адамдарды жаңа жайғастырып бола берген кезімізде дивизия штабынан бұйрық келді. Онда: «Полктағы ұлты орыс емес командирлер мен саяси қызметкерлер бүгін, 16 декабрьде, сағат 18.00-де тегіс дивизия штабына келсін» делініпті.

Рота, батальондардан бәрімізді жинаттырып жатыр.

— Уоу, не боп қалды?

— Неге шақыртып жатыр?

Ешкім білмейді.

Полк комиссары Ахметжан Мұхамедияров бәрімізді тізім бойынша түгендеп, дивизия штабына алып жүрді. Жолда Мұхамедияровтан сұраймыз:

— Жолдас комиссар, айтсаңызшы, бізді неге шақырып жатыр? — дейміз.

— Білмеймін, — деп комиссар басын шайқайды. Расында да білмейді екен.

Сөйтіп біздің полктан комиссарымыз Мұхамедияровтан бастап, Балтабек Жетпісбаев, Ербатыр Ермеков, Тайыр Сатаев, мен бар тағы басқа толып жатқан адам кешке шыны қарды шықыр-шықыр таптап, Дарно деревнясындағы дивизия штабына келдік. Келсек, шақырылған жалғыз біз ғана емес, басқа полктерден де жиналғандар көп екен. Штабтағы кезекші офицер түнеп шығу үшін бізді үй-үйге бөлді де:

— Дивизия комиссары сіздерді ертең таңертең сағат онда қабылдайды, — деді.

— Е, жарайды.

Балтабек екеуіміз аяңдап өзімізге көрсеткен үйге қарай келдік. Кірсек үй толы қаптаған қара көз командирлер екен. Ішке кіргеннен кейін, алпамсадай боп есік алдына тұра қалды да:

— О, көздеріңнен айналайын, аман-сау барсыңдар ма, бауырларым! — деп Балтабек тебірене сәлем берді.

Отырғандардың бірсыпырасы Балтабекті біледі екен.

— Уа, батальонный Балтабек келді.

— Жоғары шығыңдар, — десіп орындарынан ұшып-ұшып тұрды.

Тек үстіне ақ тонды желбегей жамылып төрде отырған, қайратты қара шашы танкке тосқауылға қаққан айқыш-ұйқыш рельстей тікірейген, екі көзі оттай жайнаған, жағына пышақ жанығандай, ұзын бойлы арық қара командир ғана орнынан тұрмады. Балтабек сәлем бергенде оның бетіне жалт ете қарап, өн бойын тез шолып өтті де, қозғалмастан отыра берді. Басқалар Балтабекке емірене үн қатып жатқанда, оның беті бүлк еткен жоқ. Қазіргі академия алдындағы Шоқан Уәлихановтың тас мүсініндей боп үнсіз қалды.

Оның қасында отырған адам маған таныс боп шықты. Ол да мені танып, орнынан тұрды.

— О, Мәлікпісің? — деп мені құшақтап бауырына қысты.

Ол Мұқаметқұл Ісләмқұлов еді. Мұқаметқұл бұрын «Социалистік Қазақстанда» бөлім меңгерушісі боп қызмет істеген. Мен онымен сонда аз күн секретариаттың әдеби қызметкері болған күнімнен біліс едім. Екеуміз хал-жай, аман-саулық сұрастық. Біз ғана емес, жұрттың бәрі-ақ шұрқырасып жатыр. Өйтпей де қайтсын, кеше эшелон-эшелон болып, жер қайыстырып, Алматыдан келген таныс азаматтардың бүгінде қатары қатты сиреп қалған. Біреуден біреу дос-туыстарын, жолдас-жораларын сұрап, кімнің қалай қаза болғанын білісіп жатыр.

— Мәлік, сен Баукеңді білуші ме едің? — деп Мұқаметқұл менің жүзімді төрдегі тікірейген шашты қазаққа қарай бұрды. Оның суық түсіне қайтадан көзім түскенде бұрын көрмеген кісім болса да, «білмеймін» деп айта алмадым, бөгеліп қалдым. Соны аңғарған Мұқаметқұл тез таныстыра бастады. — Баукең бұрын біздің І-ші батальонның командирі еді. 1073 полктің командирі боп тағайындалғанына жарты айдай ғана болды. Жүр, сәлем бер ағаңа.

Керосин шамның қара көлеңке жарығында иығына тон жамылып отырған командирдің әскери лауазымын аңғара алмадым. Оның үстіне Мұқаметқұл ағаңа сәлем бер деген соң онымен ілесе қасына таман келдім де:

— Ассалаумағалейкум! — деп қолымды соза бастадым.

Тік шаш командир маған тікірейе бір қарап, орнынан тұрды да, қолын берді:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий