Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Жоқ, жолдас комиссар! Менің кеудемде адамдық тілек, әкелік мейірден басқа жауынгерлік ар мен намыс бар. Ол осы отырған бәрімізге ортақ намыс. Кәне, айтыңыздаршы осы отырғандардың ішінде жараланбаған жан бар ма? Жоқ қой! Ендеше бұл дивизияның жүрген жолында көлкіп біздің қып-қызыл қанымыз қалды. Дивизияның гвардия атағын алуына бәріміздің де еңбегіміз сіңді. Олай болса осында қалуға біздің қақымыз бар. Осы дивизия құрыған жерде біздің де біріміз қалмай құрып, бітуіміз керек! Ал дивизия құруға тиіс емес, құрымайды. Ендеше ақырғы қасық қаны бойында жүрген азаматтар осы дивизияның құрамында болып, жеңіске жетуге міндетті!

Аға лейтенанттың нақ-нақ етіп айтқан жігерлі сөздері найзағай отындай жарқылдап, жанымды осқылады. Орысша мүдірмей сөйлейтін шешендігі және сүйсіндірді. Жалғыз мен ғана емес, жиналған жұрт тегіс демдерін ішіне тартып, бір кісідей боп тынып қалды.

— Жауынгерлік ар-намысым менен осында, жауынгер жолдастарымның қаны төгілген дивизияда қалуымды талап етеді. Өлген жолдастарымның аруағы қашан қатардан шыққанымша осы дивизия туының астында болуымды талап етеді. Егер мен бұл жерден кетіп қалсам, онда мені өлген солдаттарымның рухы қарғайтын болады!

Жоғарыда отырғандар да — адам. Адамдық сөздерге олар да құлақ асады. Біздің пікірімізді оларға жеткізулеріңіз керек...

— Айтылды, жолдас Момышұлы, — деді Егоров жайлап қана. — Бірақ жолдас Әскери Советтің мүшесі ол болмайды деп кесіп айтты бізге.

Ол кезде біз Батыс майданына қарайтынбыз. Майдандық Әскери Советтің мүшесі Булганин болатын.

— Онда, Сіз, өз сөзіңізді айттыңыз, — деді Момышұлы іркілместен. — Енді Булганин жолдасқа біздің сөзімізді жеткізіңіз. Бізді қозғамасын. Егер ол өзі шеше алмаса жоғарыға баяндасын. Шынтуайтқа келгенге гвардиялық дивизияның офицерлері шыны көздері жылтырап магазин сөресінде тұрған ойыншық емес қой, жолдас комиссар.

Ол соңғы сөздерді бетіне түгі теуіп, қатуланып айтты. «Бәләй, мұнысы бекер болды-ау. Мұнысына тез комиссардан кешірім сұрасашы», — деп ойладым мен ішімнен. Ойладым да қайтадан Бауыржанның бетіне қарадым. Ал ол айтқан сөзіне айылын да жиятын емес. Комиссарға иегін көтере ежірейе қарап тұрды да:

— Мен солдатпын! — деді қайтадан. — Солдатша соғыса білуге де міндеттімін. Солдаттың жүрегіндегі сөзді айтуға да тиістімін. Менің сөзім осы, жолдас комиссар.

Мен комиссар бұл сөзге шамданатын шығар деп сасқалақтадым. Комиссар мына қазақтың сөзіне ашуланып, бәрімізді Алматыға қуып жібермесе неғылсын деп қорықтым. Өйткені бұл кезде іштей Бауыржан жағына шығып, оның ұсынысын жан-тәнімен үнсіз қостап отырған болатынмын.

Бірақ комиссар өйтпеді. Сабырмен екі рет басын изеді де:

— Мен Сізді ұқтым, жолдас Момышұлы! Ұқтым, — деп ойлана үн қатты. — Тағы кімде пікір бар?

Бауыржан орнына отырды. Мен «Уһ!» деп осы кезде тынысымды бірақ алдым. Осы күннен бастап менің Бауыржанға ықыласым ауды. Оған деген ең алғашқы сүйіспеншілік оты менің жүрегімде сол сәтте тұтанып еді. Менің Баукеңе деген махаббатым күні бүгінге дейін сол қалпында маздауда.

— Менің де пікірім осы! — деді полк комиссары Мұхамедияров орнынан тұрып. — Тек қана осы!

Одан кейін, төбесі түндікке тіреліп, Балтабек Жетпісбаев түрегелді.

— Бәріміздің де айтар сөзіміз осы, — деді ол. — Біз өз дивизиямызға қалуға тиіспіз.

— Басқа дивизияны өзге азаматтар тәрбиелеп әкелсін, — деді Ісләмқұлов шиыршық ата сөйлеп. — Бізді бермеңіздер, қозғамаңыздар.

Жұрт:

— Бізді осында қалдырыңыздар!

— Қумаңыздар! — деп шулап кетті.

— Басқа пікір жоқ па? — деді Егоров жігіттерге жымия қарап.

— Жо-оқ! — дедік бәріміз бір ауыздан үн қатып.

Тек Бауыржан ғана қыбыр етпестен үнсіз қалды. Ол өзінің кешегі тас мүсін бейнесіне қайтадан кірді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий