Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Міне, содан кейін бұл адам біздің полкқа келді. Келе сала жұртпен шүйіркелесіп те кеткен жоқ оқшау да қалған жоқ. Нағыз әскери адамға тән ішкі ырғақпен, көбіне үнсіз жүріп жатты. Аз сөйлеп, көп тыңдап жүрді. Оның үнсіздігінің өзі ауызды жай жұмып отырғандық емес, ішкі тегеуірінді тежеген, жөн-жосықты екшеген парасаттылықты танытатын еді. Сонымен бірге оның жүзі жылыған сәтке алданып қалуға да болмайтын. Ол орынсыз қылық, оғаш сөзді бірден тыйып тастайтын өрлілігімен де танылып қалған болатын.

Міне, сол адам маған бірінші рет жылы ұшырап, тіл қатты. Анада «ассалаумағалейкум» дегенім үшін үнсіз жазғырғаны жадымда сақталып қалған мен бұл жолы сақтана жауап қайтардым.

— Не айтайын, жолдас капитан?

— Елден хат бар ма?

— Кеше Алматыдан, Сәбит Мұқановтан хат алдым.

— Не жазыпты?

— Сәкең біз аман-саумыз, жауды жеңіп қайтыңдар. «Қобыланды батырың» сені күтіп жатыр, — депті.

— Ол не?

— Ол менің «Қобыланды батыр» деген атпен жазып, қорғап үлгіре алмай кеткен диссертациям. Соғысқа кетерде аманат деп сол кісінің қолына беріп кетіп едім.

— Сәбит жақыныңыз ба еді?

— Жоқ.

— Онда қалай танысып жүрсіз?

— Ол ұзақ әңгіме ғой, жалықпасаңыз айтайын, жолдас капитан...

VII

Сырттан топырлай басқан аяқ дыбысы естілді. Сықырлап есік ашылып, ішке жаңа команда келіп кірді. Мен барып, бұрыштағы диванда ұйықтап жатқан жолдастарды ояттым. Комиссия мүшелері тегіс үстел басына жайғасып, қарсымыздағы ұзын скамейкада отырған алты-жеті жігітпен әңгімелесуге кірістік. Бәpi де қазақ жігіттері екен. Жиырмаға жаңа ғана ілінген жастар. Біз сұрақ қоя бастадық.

— Қайдан келдіңдер, жігіттер?

Олар қозыдай маңырасып, қосыла жауап берді.

— Алматыдан.

— 100-ші бригададан.

— Қай облыстансыңдар?

— Шығыс Қазақстаннанбыз.

— Семейденбіз.

— Талдықорғаннан келдік.

— Алматы қалай, жақсы ма?

— Жақсы.

— Ал енді бір-бірлеп фамилияларыңды айтыңдар.

Осы кезде өткір көзді қара торы жігіт орнынан ұшып тұрып, бірден бірнеше фамилияны шұбырта жөнелді.

— Тоқтаров — Батталов — Нұрбосынов.

— Өз фамилияң кім? — деді Бауыржан оған отты көзін қадап.

— Тоқтаров — Батталов — Нұрбосынов, — деді қара торы жігіт қайтадан тайсалмастан.

— Немене сенің фамилияң осындай ұзақ ба? Әлде бір өзіңнің үш фамилияң бар ма?

— Жоқ, жолдас капитан. Бұл мына үшеуіміздің фамилиямыз, — деп ол қасындағы дембелше сары мен сұңғақтау аққұба жігітті нұсқады. — Осы үшеуміз Алтайдан, Лениногорскіден келдік. Қорғасын заводының жұмысшысымыз. Алматыда, жүзінші бригадада бірге болдық.

Осы кезде мен орнымнан тұрып, көрші бөлмеден ротамның командирі аға лейтенант Соловьевті ертіп келдім.

— Осы топтағы жігіттер бізге лайық сияқты, — дедім.

Тегі, жаңа мен орнымнан тұрып кеткен кезде Бауыржан жігіттерге бірге болғыларың келсе сендерді автоматшылар ротасына жіберейік деген болуы керек. Мен Соловьевті ертіп қайта келгенде жаңағы қара торы жігіт Бауыржанға былай деп сұрақ қойып тұр екен.

— Автоматшы деген не?

— Өзгелер оқты дұшпанға бір-бірлеп атса, автоматшы оқты жаудың басына уыстап төгеді, жаңбырдай жаудырады.

— Ендеше үшеуімізді де соған жазыңыз.

Бауыржан Соловьев екеумізге қарап иек қақты. Мен жігіттерді тізімге ала бастадым.

— Қане, автоматшы боламын деген азаматтар аты-жөндеріңді айта беріңдер.

Олар аты-жөндерін айтып тұрды, мен жазып жаттым.

— Тоқтаров Төлеген.

— Батталов Жұмажан.

— Нұрбосынов Жүніс.

— Хасенов Жұмаділ.

— Нысанов Байеділ.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий