Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Қарасам анада, дивизия штабында көрген қаршыға көз командир біздің комиссарлардың арасында отыр екен. Неге екенін білмеймін, оны көргенде жүрегім біртүрлі боп лүпілдей соғып кетті.

— Танимын, жолдас комиссар.

— Онда жақсы. Бауыржан біздің полкке қызметке келіп отыр. Полк командиріне орынбасар боп тағайындалды.

— Уақытша ма, әлде түпкілікті боп тағайындалды ма? — деппін мен аузыма басқа сөз түспей.

— Оны болашақ көрсетер, — деп комиссар әңгімені тез басқа арнаға бұрып жіберді.

«Е, жарайды, — деп ойладым мен. — Әйтеуір бізге келсе болды».

Дивизия алғаш ұрысқа кіргенде оның полктерінде автоматшылар ротасы деген болған жоқ. Тек он бірінші ноябрьде немістер Дубосековаға бар күштерін төгіп, Москваға екінші рет еміне бастаған сәтте полковник Капров пен комиссар Мұхамедияров мені алғы шептегі атқыштар ротасынан шақырып алып, тездетіп автоматшылар ротасын құруға бұйрық берді.

— Сен сол ротаның саяси жетекшісі боласын, командиріңді кейін тағайындап береміз. Керекті адамдарды батальондардан аласың. Оларға бұйрық берілді, — деді.

— Е, жарайды, батальондар таңдаулы адамдарын берсе болды.

Маған рота құру үшін көмекке полк комсомол ұйымының секретары, үнемі батальондарда жүретін болғандықтан «батальонный Балтабек» атанған Жетпісбаевты қосып берді.

Қатары өткен ұрыстарда азайып, алғы шепке тұрған батальондар таңдаулы адамдарын бермей, автоматшылар ротасын құру кешеуілдеп қалды. Не бәрі қарамағымда 13 автоматшы ғана жиналған күні — 15 ноябрьде Капров маған бұйрық берді.

— Қарамағыңдағы автоматшылар ротасымен Ширяево селосын қорғауға бірінші ротаға көмектесесің, — деді.

— Е, жарайды. Бірақ бізді рота деп айтуға келер ме екен, он үш қана адамбыз ғой, — дедім мен.

— Келгенде қандай. Бір автоматшың минутына екі жүз оқ шығара алады. Ол бүкіл бір отделениенің шығаратын оғымен пара-пар. Сонда 13 автоматшың атқыштар ротасының 13 отделениесіне тең.

— Е, құп олай болса, — деп мен бұйрық орындауға кеттім. Біздің ротаға әлі командир тағайындалмаған болатын. Рота аталған 13 адамға өзім әрі командир, әрі саяси жетекші болдым. Ертеңінде немістердің Дубосекова разъезіне қарай қиян-кескі шабуылы басталды. Осы ұрыстарда автоматшылар өздерінің қайратын көрсетті де. Содан кейін дивизия демалысқа шықты да, автоматшылар ротасы әлі күнге дейін дұрыстап толықтырылмай келе жатқан болатын.

Мұхамедияров маған таяу күндерде полкты толықтыруға Қазақстаннан адамдар келетінін айтты.

— Оларды жақсылап қабылдау үшін комиссия құрдық. Соның бір мүшесі етіп өзіңді бекіттік. Ротаңның командиріне Соловьев тағайындалды. Соны қасыңа ала отырып, келген адамдардан автоматшыға лайықтыларын тандап алыңдар.

— Е, мақұл.

— Комиссияның председателі Момышұлы жолдас. Бүгіннен бастап осы кісімен байланысты бол.

— Е, жарайды.

Сонымен комиссияға деп бір үй бөлінді. Ол тоқыма фабрикасының кең клубы екен. Біз сонда отырамыз. Келген адамдарды қабылдап, батальон-батальонға бөлеміз. Бір топ жаңа алынған жастар күндіз кеп қалса, келесі тобы түнде келеді. Бұл екі арада комиссия мүшелерінің өзара сөйлесіп, әңгімелесулеріне де уақыт бар.

Бір күні осындай бір әредікте Бауыржан маған қарап:

— Ал, әңгіме айтыңыз, жолдас политрук, бізді осылай зеріктіріп қоясыз ба? — деді.

Оны ең алғаш Дарно деревнясінде түнде көргенімде екі-ақ ауыз сөз естіп, көңілім толмай қалған. «Өзінен басқа аға лейтенант жоқтай, Оқжетпестің тасындай боп мелшигені несі?» деп ойлағанмын. Ертеңінде оның Егоров алдында сөйлеген сөзін тыңдап, өткен түнде ғана тас мүсін деп таныған адамының аузынан сай-сүйекті сырқырататын жігерлі, жалынды, саналы сөздер естігенде оның аталы ой, өкім үніне тәнті боп ғажаптанғанмын.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий