Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Иә, сол екен, оны артынан білдік қой. Ал Егоровтан естіген сәтте білгеніміз жоқ.

— Міне, сол құрамаға осы отырған сіздерді тегіс жіберу туралы бұйрық келді, — деді Егоров даусын бәсеңдетіп, — Сіздерге елге барып, сол құраманың жауынгерлерін үйретіп, содан кейін соғысқа бастап келу міндеті жүктелетін көрінеді. Міне мен сіздерге осыны айтуға шақырдым. Кәне, бұған сіздер қалай қарайсыздар?

Мұны естігенде алғашында бәріміз бірдей үнсіз қалдық. Одан кейін барып әркімдердің өзара күбірі білінді. Сырт жақтағылардың:

— Өй, не дейді? — деген сұрағы, оған әлде кімнің:

— Ой, елге қайтатын болыппыз! — деп көтеріңкі үнмен айтқан жауабы естіліп жатты.

Өз басым комиссардың бұл сұрағына не деп жауап берерімді білмедім. Мынадай қиян-кескі ұрыстан кейін кімнің елге барғысы келмейді. Осы отырғандардың көбінің үйі Алматыда. Онда бұлардың әйелдері, бала-шағалары, әке-шешелері бар. Алматыға барсақ, қайта айналып соғысқа келгенше бірсыпыра уақытты туған-туысқандарымыздың қасында өткіземіз. Егер шын солай деген бұйрық болса, баратын шығармыз. Бармағанға қайтеміз, біз солдатпыз ғой. Солдат бұйрыққа бағынады. Мінеки, менің ойым осыған тірелді.

Бірақ көпке дейін жұрт сыбыр-күбірден артыққа бармады. Ешкім дыбыс шығарып, комиссардың сұрағына тікелей жауап бермеді. Тек әр бұрыштан жымыңдаған ерін мен күлімдеген көздер ғана бұл бұйрықты іштей қуана құптағандарын танытты. Сол кезде:

— Маған рұқсат етіңіз, жолдас комиссар! — деген өзгеше бір өктем үн саңқ ете қалды. Неге екенін білмеймін, мен селк ете түстім. Өйткені мен мұндай бірден жүректі дір еткізіп, солқ еткізіп миға шабатын, мойын бұрғызбайтын күшті, әсерлі, сонымен бірге бұлқынтып-бұлтартпайтын құдіретті үнді бұрын ешқашанда естімеген едім. Әлде бір қауіп төнгенде тек қиядағы қыран ғана осылай шаңқ ете түсетін болар деп ойладым да, тез басымды көтеріп алдым. Қарасам кешегі тас мүсін аға лейтенант екі көзін Егоровқа найзадай шаншып, тіп-тік боп түрегеп тұр екен. Қайратты қара шашы сояу-сояу болып тікірейіп кетіпті. Бір көзім түскенде жау танкі келетін жолға айқыш-ұйқыш етіп шанышқан шойын рельстер біртіндеп биіктеп, қалың қара орманға айналып кеткен сияқты боп көрінді. «Бұл не айтар екен?» деп ойлап, енді оның сөзіне құлағымды тостым.

— Мен солдатпын, — деп бастады Момышұлы сөзін комиссар бас изеп, сөйлеуіне рұқсат еткеннен кейін. — Мен бұйрыққа бағынамын. Егер бізді жаңадан жасақталып жатқан басқа дивизияға жіберу жайындағы бұйрыққа қол қойылған болса, онда мен осы қазір-ақ Алматыға қарап тарта беремін... — Осы кезде жұрт оның сөзін қостағандай боп, гуілдесіп кетті. «Апырай, мына тас қайрақ қазақ менің көкейімдегі сөзді қалай дәл тауып айтты?» деп ойлап, мен де бас изеп қалдым.

Бірақ Бауыржан сөзін бөлгенді ұнатпағандай, қабағын қатты шытып, тоқтап қалды. Оны аңғарған жұрт та тынышталды. Аға лейтенант алғашқы әуенімен жайлап айтып, сөзін қайтадан жалғастырды.

— Алматыда менің әйелім мен балам бар, онда барсам мен бір күн де болса солардың қасында боламын. Мынадай қырғын соғыстан кейін осындай мүмкіншілік тұрғанда кімнің елге барғысы келмейді?!

Осылай деп ол отырған жұртты қатулы қабақпен бір шолып өтіп, отты көзін қайтадан комиссарға бұрды. «Апыр-ай, мынаның көріпкелі бар ма — қалай адамның ішіндегіні дәл табады» деген ой тағы келді менің басыма. Осыны ойлап үлгергенімше Алатаудың ақ иығы қайтадан шаңқ етіп, шың-құзды жаңғырықтырып жібергендей болды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий