Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Бауыржан Момышұлы!

Оның маған қолын берердегі тікірейе қарағаны өңмеңімнен өтіп кетті. Менің: «Ассалаумағалейкум» деп сәлем бергенімді ол: «Сен, немене, әкеңнің аулында жүрмісің әлде мені қазақтың батагөй шалы деп тұрмысың?» — деп жақтырмады-ау деп ойладым да, бекер «ассалаумағалейкум» деген екенмін деп өкіндім. Өстіп қысылған мен оған өз жөнімді де айта алмай қалдым.

Менің осы қатемді түзеткісі келгендей Мұқаметқұл:

— Бұл — Мәлік деген бауырыңыз, Бауке, — деді.

Бауыржан ләм деместен отыра берді. Маған бұрылып та қараған жоқ, Мұқаметқұлға бас та изеген жоқ.

Ақшамда жамыраған қозыдай шуласып табысқан қазақ командирлері бірсыпыра шуылдасып, шүйіркелесіп отырысты да, шай ішіскеннен кейін жатуға ыңғайланды. Екі айдан бері бел шешпестен сан өліп, сан тіріліп, әбден шаршап жүрген жігіттер жантайысымен-ақ қор ете қалысты.

Бұрын бәріміз бір қалада тұрып, бір дивизияның құрамына кіріп, жаумен соғысуға бірге келсек те, бәріміз бір күн, бір сағатта дұшпанмен айқасқа түсіп, алпыс күн бойына талай қасіретті көріп, қатар жүрсек те, осы жатқан командирлер мен саяси жетекшілер көбіміз бірімізді біріміз білмейтінбіз. 1075-ші полктағы капитан Лысенконың батальоны сияқты, 1073-ші полкта аға лейтенант Бауыржан Момышұлының батальоны да генерал Панфиловтың резерві болғанын, Момышұлы батальонының 22-25 октябрьде жаумен қоршауда соғысқанын, тас мүсіндей боп жаралған тікірейген шаш аға лейтенанттың темірдей басшылығымен ол батальонның қоршауды бұзып, қайтадан дивизияға қосылғанын, одан кейін сол батальонның 16-20 ноябрьде Горюны деревнясының түбінде тағы да қоршауда болып, жауды күйреткенін, тағы да өз дивизиясымен ерлікпен келіп қауышқанын мен білмейтін едім. Сол сияқты октябрьдің 18-21 күндері менің ротамның да Осташево түбінде қоршауда болып, ротадан тірі қалған 24 адамға орман ішінде босып жүрген 119 жауынгерді қосып, дивизияға әкелгенімді, одан кейін, 16-17 ноябрьде, автоматшылар ротасы деп аталған 13 автоматшымен Ширяево деревнясы үшін болған ұрыстарда біздің жаудың екі танкын, 150-дей солдатын жойған азын-аулақ еңбегімізден Бауыржан да бейхабар болатын. «Бір кеште «Бауыржан Момышұлы» деген екі-ақ сөз аузынан шыққан тас түйін боп алған мынау қайрақтай қазақ бұрын кім болды екен?» деп ойлап жатып, мен де ұйқыға кеттім. Баукеңмен бірінші кездескендегі сол кескіні, сол екі сөзі өмір бойы менің ойымда қалды.

IV

Ертеңінде таңертең бәріміз дивизия комиссары Сергей Александрович Егоров жайғасқан үйге жиналдық. Комиссардың үйі шақырылған адамдарға аузы-мұрнынан шыға лық толды. Сыймаған адамдар есікті ашып қойып, сырттан тыңдап тұрды. Өйткені жүзден аса адам шағын колхоздың кішкентай кеңсесіне қайдан сыйсын.

Жұрт жайғасқандай болып, дабыр басылғаннан кейін дивизия комиссары сөзге кірісті.

Алдымен ол дивизияның екі айлық жауынгерлік жолына шолу жасады. Таяу күндерде дивизия қатарын толықтыру үшін жана күш келіп қосыла бастайтынын айтты.

— Бірақ, мен сіздерді мұны айтуға шақырғаным жоқ. Мен сіздерге басқа нәрсе айтқалы тұрмын. Ол мынау.

Комиссар бөгеліп, неге екені белгісіз біздің бетімізге байыппен қарап шықты. «Ол не болды екен» деп, біз де ынтыға түстік.

— Ол мынадай мәселе, — деді комиссар әлден уақытта сөзін қайтадан сабақтап. Комиссардың біз үшін аса манызды, әлде бір ауыр жайды тіке айта алмай, бөгелектеп тұрғаны аңғарылды, — Осы қазір, сіздер мен біз аса ауыр ұрыстарды басымыздан кешіріп, дем алысқа шыққан сәтімізде сонау Алматыда жаңадан тағы бір ұлттық құрама жасақталып жатқан көрінеді. Ол құрама дивизия ма, бригада ма — анығын білмеймін...

— Ол біздің 100-ші бригада ғой, Мәке, — дедім мен, —Декабрьдің 5-і күні әскерге алынып, кең байтақ Қазақстанның төрт бұрышынан түгел эшелон болып, Алматыға құйылғанбыз, жаңа жасақталып жатқан 100-ші бригадаға келгенбіз...

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий