Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Оныңыз рас. Бірақ Төлеген ерекше жауынгер еді. Оған сіздің көз тоқтатпауыңыз мүмкін емес. 5 февраль күнгі ұрыста ол жеті фашисті жер жастандырып, екеуін тұтқынға алды. Оның біреуі офицер екен. Оларды Төлеген Мәлік екеуміздің қасымызға айдап әкелген кезде жолдас полковник Капров екеуіңіз келдіңіздер. Жаңағы офицермен сөйлесіп, оның қай бөлімдікі, қанша күштері барын сұрадыңыздар.

Бауыржан басын изеді.

— Бұл оқиға есімде. Ол Ново-Свинухово деревнясында еді ғой. Бірақ онда мен ол жігіттің аты-жөнін сұрамаппын.

— Оны сұрауға мүмкіндік болды ма, жолдас капитан. Сол сәтте немістердің кезекті қарсы шабуылы басталды ғой.

Осыдан кейін мен Бауыржанның есіне Төлегеннің алғаш полкке келген сәтін түсірдім.

— Балтабек, Төлегеннің комсомол билетін мен саған беріп едім ғой. Сонда суреті болатын.

— Иә, қазір, — деп Балтабек сумкасынан Төлегеннің комсомол билетін алып, Бауыржанға берді.

Батырдың суретін көріп жіберіп, Бауыржан оны бірден есіне түсірді. — А, бұл сондағы фамилиясы ұзын жігіт қой? Үш фамилияны қосақтап бірақ айтатын?

— Иә, сол.

— Енді есіме түсті. Оның ана екі жолдасы бар ма?

— Бар. Аман. Біреуі Сіздің көзіңізше неміс танкын құртты.

ІХ

Ол оқиға былай болған еді. Февраль шайқастарының бас жағында Капров ауырып, он шақты күн шанада жүрді. Полктың барлық ұрысын Бауыржан басқарды.

Батальон Ново-Свинуховоға ұмтылғанда оған көмек көрсетуге әзірленіп автоматшылар орман шетінде отырған еді. Осы арада ұрысты басқарып тұрған Бауыржан:

— Мәлік, анау сарайдың түбінде танк тұр. Соны құртуға бір адам жібер, — деді.

Мен Батталовты жұмсадым. Ол танкқа лақтыратын кеспелтек гранатының екеуін алды да, ілгері барыңқырап барып, тайсалақтап кейін шегінді.

— Анауың қорқып тұр, шақыр бері, — деді Бауыржан. .

Мен шақырдым. Батталов келді.

— Әй, сенін кеудеңде намыс бар ма? — деді Бауыржан оған зілді үнмен.

— Бар, — деді жауынгер сасқалақтап.

— Болса тез бар да, ана танкты құрт. Егер қорқып, күйбектедің бар ғой, онда сені ата-бабаңның аруағы атады. Ұқтың ба?

— Ұқтым, жолдас капитан. Мен немісше «қолыңды көтер!» дегенді қалай айтады деп сұрамақ едім.

— Оны не қыласың? Қолын көтертіп, неміспен құда болайын деп пе едің? «Хенде хох!» дейді. Бар, жөнел! — деді Бауыржан.

Батталов тұра жөнелді. Бағанадағыдай емес, ширақ қимылмен тайсалмастан ілгері ұмтылды. Бір кезде Бауыржан нұсқаған сарайдың түбінен қара түтін бұрқ ете түсті.

Әлден уақытта Батталов қайтып келіп, бұйрықтың орындалғанын баяндады.

— Еңбегің үшін ел атынан алғыс жариялаймын, — деді Бауыржан. — Бірақ сен алғашында қорықтың-ау деймін.

— Темір тонды пәледен тайсалғаным да рас, — деді жауынгер шынын айтып. — Бірақ Сіздің ата-бабаңның аруағы атады деген сөзіңіз жаныма батып кетті.

— Жарайды, жігіт екенсің! — деді Бауыржан Батталовты қағып. — Бар, жаумен әрқашан да жақсылап соғыс.

Мен Бауыржанға осы эпизодты айттым.

— Ол Төлеген серіктерінің бірі ме еді?

— Иә, Бауке.

Содан соң мен сумкамнан қара дәптерімді суырып, сонда жазылғанның Төлеген туралысын оқып бердім. Онда Төлегеннің әр күнгі қимылы, ерлігі суреттеліп, қанша фашисті жойғаны баяндалған еді. Ең соңында ішіне оқ тиген Төлегеннің ішегін шұбатып жүріп, неміс офицерін оғы таусылған автоматпен ұрып өлтіргенін айттым да:

— Төлеген адамгершілігі мол қамқор көңілді жолдастарына қайырымды азамат болатын. Төлеген қасымызда жүргенде ортамызда лаулаған от келе жатқандай болушы еді. Ол өз жанының жалынымен өзгені де қыздырып, басқалардың да жүрегіне от беріп, жігерін тұтатып отыратын ер еді, — деп сөзімді аяқтадым.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий