Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Маған айтып берген әңгімелеріңнен, қадірменді бауырларым, мынадай ой түйдім: жазықсыз жапа шеккен ешқайсың жоқ екен, алайда өздеріңді күтіп тұрған жазаны ұнатып тұрғандарың да байқалмайды, оны өтеуге амалдың жоқтығынан бара жатырсыңдар және әсте де өз еріктеріңмен бара жатқан жоқсыңдар. Осындай күйге жетулеріңе және өздеріңді өздерің ақтап ала алмауларыңа біреуіңнің азаптау кезінде шыдамсыздық көрсетуің, екінші бір жағдайда ақша болмауы, тағы біреуіңді құтқарып алатын адам табылмауы, ақыр аяғында соттың теріс үкім шығаруы себепкер болуы әбден ықтимал. Осы жағдайдың бәрі көз алдыма ойша елес беріп, құдіретті күштің маған бұл өмірді рыцарьлық салтын қабылдап, билік иелері жәбір көрсетіп, қуғынға ұшыратқандарды қорғауға ант қабылдауым үшін бергенін өздеріңе дәлелдеуім қажеттігіне көзімді жеткізіп тұр, соған үгіттеп тұр, тіпті, ашығын айтайын, итермелеп тұр. Алайда, даналықтың бір нышаны — келісуге болатын жерде күш көрсетпеу екенін білетіндіктен, күзетшілер мен комиссар мырзаларға бір өтініш білдіргелі тұрмын, дәлірек айтқанда: сендерді бұғаудан босатып, жөндеріңе жіберуді сұрамақпын, өйткені, корольге бұдан әлдеқайда тәуірлеу жағдайда қызмет етуге ынталылар қашан да табылады, ал жасаған иеміз бен табиғат-ана бостандықта ғұмыр кешу үшін жаратқан жандарды құлдыққа салу деген менің ұғымымша шектен тыс қаталдық саналады. Оның үстіне, айдауыл мырзалар, — деп Дон Кихот сөзін әрмен жалғады, — бұл міскіндердің жеке бастарыңа жасаған ешқандай жаманшылығы жоқ. Әркім өз кінәсі үшін өзі жауап тартсын. Аспанда құдай бар, ол ештеңені қалт жібермейді: зұлымдықты жазалап, ізгілікті жарылқап отырады, ал ақ ниетті жандардың өз бауырларының жендетіне айналғаны жарасымсыз нәрсе және ондай іспен айналысуға мұқтаждық та жоқ. Мұның бәрін сендерге байыппен, байсалды түрде әңгімелеп отырмын, өйткені өтінішімді орындасаңдар осыны өздеріңе айтар алғысыма арқау еткім келеді. Ал, егер бұл өтінішімді өз еріктеріңмен орындамасаңдар, онда мына найза мен семсер және білегімнің бұлшық еті сендерді соған күшпен мәжбүр етеді.

— Ау, осындай да қалжың бола ма! — деп дауыстап жіберді комиссар. — Мына мәнжубас не деп тұр өзі! Құдды бір біздің босатуға, ал өзінің тиісті жарлық беруге қақы бар адамша, король басыбайлыларын босатып қоя бер деп тұр ғой мынау! Шамалаңыз, жарқыным, басыңыздағы легенді түзеп киіп алыңыз да жөніңізді табыңыз, сонан соң, сеньор, текке арамтер болғанды қойғаңыз абзал.

— Сенің өзің текке арамтер боп жүрме, сұрқия! — деп айқайлап жіберді Дон Кихот.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий