Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Міне, бар пәле тап осы күнәда жатыр, — деді Дон Кихот, — ал, жеңгетайлық дегеннің өзі, жалпы алғанда, галерада ескек есуге емес, оны басқарып, онда билік жүргізуге ерік беретін кәсіп. Екінің бірі жеңгетай бола алмайды: бұл кілтипанды шаруа және төрт құбыласы түгел мемлекет үшін өте қажет нәрсе, сондықтан бұл іспен текті әулеттен шыққандар ғана айналысуы керек. Ал, бұларды, басқа да кәсіптердегідей, яғни саудагерлер арасындағы делдал тәрізді, тиісті мөлшердегі бақылаушылар мен тексерушілер қадағалап тұруға тиіс, міне сонда ғана мұндағы көптеген жөнсіздікке жол бермеуге болады, ал ондай кемшіліктердің болып отырған жалғыз себебі — бұл кәсіп пен істі ақыл-ойы да, сауаты да кем жандар басы бүтін өз қолына қаратып алған: яғни, қайдағы бір құдай атқан қатындар немесе алып кел, барып келде жүретін балалар мен сайқымазақтар — ыңғай жөн де, жоба да білмейтін жарым ақыл жарандар; міне сондықтан да ыждағаттылық көрсету керек болатын қиын сәттерде бұлардың бәрі аузы аңқиып тақырға отырып қалады. Мемлекет үшін аса қажетті осынау қызметке адам тағайындар кезде неліктен мейлінше қатаң іріктеу жұмысын жүргізу керектігі жөнінде әлі де талай нәрсе айтар едім, бірақ бұл үшін мына жер онша қолайлы боп тұрған жоқ, сондықтан өз пікірімді осының бәрін жөнге келтіріп, қалыпқа түсіру қолында тұрғандарға кейінірек бір баяндап берермін. Ал, енді қазір жеңгетайлықпен айналысқаны үшін осынша бақытсыздыққа тап болған, сақал-шашын ақ қырау басқан, түріне қарағанда зиялы адам секілді мына кісіні көргенде пайда болған аяушылық сезімімнің жадылауға қатысты күнәсы барын естігенімде із қалдырмай зым-қайым жоғалғанын ғана хабар еткім келеді. Солай бола тұрғанымен, кейбір ашықауыздар ойлайтындай, біздің күш-жігерімізді жасытатындай немесе тауын қайтаратындай ешқандай сиқырдың жоғын өзім жақсы білем, өйткені күш-жігеріміз бұғауда емес, бостандықта, ендеше жадылайтын шөптер де, дуалау да оған әсер ете алмайды. Құдай ұрған қатындар мен ардан безген алаяқтар әдетте түрлі қоспа мен у әзірлейді де, оны ішкен адам мәңгіріп қалады, әлгілер мұны оларға өздерінің дуалау қабілетінің әсері деп ұғындырады, бірақ, қайталап айтам, адамның күш-жігерін күйрету — ешкімнің қолынан келмейтін нәрсе.

— Жөн-ақ, — деп мақұлдады егде жастағы қарт. — Ақ-адал шыным, сеньор, жадылауға қатысты еш айыбым жоқ. Бірақ, жеңгетайлық жасағаным рас, оны жасырмаймын. Әйтсе де, жарамсыз іспен айналысып жүрмін деген нәрсе ойыма келген емес. Мен тек бір ғана мақсатты көздедім: жер бетін жайлаған барлық адам шат көңілде болсын, жағаласу мен жабырқау дегенді білмей, тыныш та бейбіт ғұмыр кешсін, дедім. Алайда ізгі ниетім барған жағымнан қайтып оралмайтын жерге сапар шегуден құтқарып қала алмады: өзім болсам жасым келген адаммын, ал қуығымның сырқаты болса жанымды қоярға жер таптырмай мазалап, бір сәтке тыным бермейді.

Осыны айтып ол тағы да жылап жіберді, ал Санчоның қарияны қатты аяп кеткені сонша, қойнынан қара бақыр алып, оған садақа берді.

Дон Кихот атын тебініп, келесі қылмыскерге жақындап, одан қандай айыбы барын сұрады, бұл сұраққа анау алдыңғы сотталушыдан да бетер дарақылықпен жауап қайтарды:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий