Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Ақ-адал шынымды айтсам, маған да керегі сол еді, — деп қыстырыла кетті Санчо, — және солай болар деп үміттенем де, себебі бұл іске өзіңіз секілді рыцарь, яғни Қайғылы Бейне Рыцары кіріссе, бәрі де ойдағыдай боп шығары кәміл.

— Оған еш күмәнің болмасын, Санчо, — деп сендіре сөйледі Дон Кихот, — өйткені, кезбе рыцарьлар корольдің немесе императордың тағына тап осындай жолмен және нақ әлгіндей сатылар арқылы ғана жеткен. Енді бізге қалып тұрғаны христиан немесе мәжуси корольдерінің қайсысы соғыс жүргізіп жатқанын және қайсысының айдай сұлу қызы барын анықтау ғана. Бірақ, бұл жайында кейінірек асықпай ойлануымызға болады, себебі, әлгінде айтқанымдай, сарайға барып бой көрсетпес бұрын әуелі басқа бір жерде даңққа бөлену керек. Оған қоса, өзіме жетісіңкіремей тұрған нәрселер де жоқ емес: айталық, әлемнен тіпті осындай әрі соғыс жүргізіп жатқан, әрі әдемі қызы бар король табылсын дейік, ал менің даңқым күллі дүниені дүбірлетіп тұрсын дейік, бірақ өзім корольмен қандас туыстығы бар принц немесе тым құрығанда императордың үш атадан қосылатын ағайыны боп шыға алам ба, соған күмәнім көбейіп тұр. Өйткені, нанымды деректерді қолына түсірмейінше король қызын маған бере қоймайды ғой, тіпті ерлік істерім одан да зор құрметке лайықты болса да. Міне, осы олқылықтың қырсығынан айбынды істерімнің арқасында ие болуға әбден хақылы нәрсемнен босқа айрылып қалам ба деп қорқам. Рас, мен өзім ежелгі дворяндық әулеттен шыққан адаммын, помещикпін және жер иеленушімін, өзіме жәбір көрсетілген жағдайда бес жүз суэльдо айып өндіріп алуға ықтиярым бар, сондықтан ғұмыр жолым жайында жазуға тәуекел ететін сол бір оқымысты оғланның тустығым мен шыққан тегімді дәлме-дәл анықтап беруінің нәтижесінде корольдің неменесі немесе туажаты болып та шығуым ғажап емес! Сен біліп қойғын, Санчо, адамдардың ата тегі екі түрлі жолмен қалыптасады: біреулердің арғы аталары айтулы князь, айбынды билеуші болады, бірақ уақыт өте келе олардың тұқымы сұйылып, сиырқұйымшақтанып кетеді, ал енді біреулер қара халықтан шығады, бірақ біртіндеп бір сатыдан екінші сатыға көтеріле береді де, ақыр соңында атақты шонжарға айналады. Сөйтіп, біреулердің баяғы атақ-дәрежесінен бүгін қылау да қалмаса, екінші біреулер бүгін баяғыда қиялына кірмеген құрметке бөленіп отырады — олардың арасындағы айырмашылық осы ғана. Кім біледі, бәлкім, мен осылардың алғашқыларының қатарынан табылып қалармын, яғни ата-бабаларымның даңқы жер жарған ұлы адамдар болғаны ақыры анықталар, ондай жағдайда, қайын атама айналмақшы корольдің бұған, әлбетте, әбден ырза болатыны даусыз. Ол ырза болмаған күнде де, бәрібір, өзімді бар ықыласымен құлай сүйген қыздың ата-ана наразылығына да қарамай, тіпті су тасушының баласы екенімді де біле тұра, мені әміршім және жұбайым деп жариялауы ықтимал ғой. Өйтпеген күнде, ең тәуір амал — қызды алып қашып, көңілім қалаған жаққа әкету боп табылады, ал ата-анасының ашу-ызасына уақыт пен ажал басу айтпақ.

— Олай болса, кейбір антұрғандардың: “Күшпен алуға шамаң жетсе, көзіңді сатып нең бар” дейтіндері жөн-ақ екен ғой, — деп құлаққағыс етті Санчо. — Айтпақшы, одан гөрі бұл жерде: “Ақпейіл жанның дұғасын демеу еткеннен, жағаға жармасқан артық”, дейтін басқа бір мәтел қисындырақ. Мұны айтып тұрған себебім, егер сеньор король, сіздің қайын атаңыз, сеньора инфантаны өзіңізге беруден бас тартқан жағдайда оны алып қашып, әлдебір жаққа аттандырып жіберуге тура келеді, дейсіз. Сонда деймін-ау, қашан сіздер татуласып табысқанша, қашан сіздің төрт құбылаңыз түгенделіп, патшалық құру дәуреніңіз басталғанша бейшара атқосшыңыз жарылқауды күтіп, екі көзі төрт, шерлі жүрегі өрт боп отыра бермек пе? Тек, әрине, оның болашақ жұбайы, инфантаның сырлас қызметшісі, бойжеткенге ере кетіп, қайғыны да, қуанышты да атқосшымен бірге бөліспесе деймін ғой, бірақ, менің ойымша, әлгі қызметші әйелдің атқосшымен қолма-қол некеге тұруына септік жасау деген сіз үшін онша қиын шаруа емес секілді.

— Оған бөгет боларлықтай бірдеңені көріп тұрған жоқпын, — деді Дон Кихот.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий