Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Сид Ахмет Бен-инхали, араб және Ламанча қаламгері, өзінің терең ойлы, биік мақсатты, жасандылықтан ада, жанға жағымды және қызықты хикаясында даңқты Ламанчалық Дон Кихоттың атқосшысы Санчо Пансамен ХХІ-ші тараудың аяқ жағында келтірілген жайлар төңірегінде пікір алысқаннан кейін басын көтеріп, қарсы алдынан, тап сол өздері келе жатқан жолмен, мойындарына байланған ұзын темір шынжыр арқылы бір-біріне таспиықтың тасындай боп тіркелген, қолдары бұғаулы он екі адамның жаяу жылжып келе жатқанын көргенін айтады. Бұл тізбекті екі салт атты және екі жаяу күзетші айдап келе жатыр еді, салт аттылар білтелі мылтықпен, жаяулары — найзамен және семсермен қаруланған болатын; соларды көрген бойда-ақ Санчо Панса:

— Бұлар корольдің каторгалық жұмысқа кесілген басыбайлылары, оларды галераға айдап бара жатыр, — деді.

— Король басыбайлысы дейсің бе? — деп қайталап сұрады Дон Кихот. —Немене, ол біреуге қиянат-зорлық жасаушы ма еді?

— Айтайын дегенім басқа еді, — деп түзетті сөзін Санчо. — Айтайын дегенім, бұлар — қылмыстары үшін галерада корольге еріксіз қызмет етуге үкім шығарылған жандар.

— Әйтеуір, қалай болған күнде де, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот, — бұл адамдар галераға өз еркімен емес, мәжбүр ету бойынша бара жатыр ғой.

— Әрине, әрине, — деп қоштады Санчо.

— Ондай жағдайда, — деп түйді қожайыны, — мен парызымды орындауға тиіспін: зорлық-зомбылықты түбірімен жойып, кембағалдарға көмек көрсетіп, қамқорлық жасауым керек.

— Мына нәрсені еске алыңыз, тақсыр, — деді Санчо, — әділ сот, яғни корольдің өзі, бұл адамдарға зорлық-зомбылық жасап, жәбір көрсетпейді, ол бар болғаны бұларды қылмысы үшін ғана жазалайды.

Осы тұста каторгаға айдалғандар тізбегі де таяп келген, сол арада Дон Кихот айдауылдарға аса ізеттілікпен бір бұйымтайын орындауға өтініш білдірді, атап айтқанда, мына жарандарды осындай ахуалда алып жүруге өздерін мәжбүр еткен нендей себеп, дұрысы, нендей себептер екенін баяндап, түсіндіріп беруін сұрады. Салт аттылардың бірі бұлар каторгалық жұмысқа кесілген, ұлы мәртебелі корольдің ықтиярындағы адамдар екенін және бәрі галераға айдалып бара жатқанын хабарлап, бұған алып-қосар басқа ештеңесі жоқтығын және оның бұдан артықты білуінің де қажет еместігін мәлім етті.

— Сөйте тұрғанымен, — деді Дон Кихот келісіңкіремей, — бұлардың әрқайсысы жеке-жеке алғанда қандай қасіретке душар болғанын білсем деп ем.

Бұдан соң айдауылдар өз өтінішін аяқ асты қалдырмауын көздеген Дон Кихоттың оларға соншалықты көп қошемет-қолпаш көрсетіп, соншалықты көп дәлелдеме келтіргені сондай, ақыры екінші салт атты оған:

— Бұл міскіндердің іс қағаздарын өзімізбен бірге алып келе жатқанымызбен тоқтап тұратын, қоржыннан шығарып, оқып беретін уақытымыз жоқ. Өзіңіз сұрап көріңіз, мырза, егер қош көрсе өздері-ақ сайрап береді, ал олардың қош көретініне күмән жоқ, себебі бұл шіркіндердің ең сүйікті шаруасы — алаяқтықпен айналысу және осындай әрекеттері жайында жыр қып айту ғой, — деді.

Рұқсат алған соң, — тіпті рұқсат берілмеген күнде де Дон Кихот бәрібір өз дегенін жасар еді, — рыцарымыз тізбекке жақындап, бірінші тұрған бейбақтан қандай күнәсі үшін саяхаттың осындай өнімсіз түрін таңдауға мәжбүр болғанын сұрады. Анау ғашық болғаны себепті осылайша саяхат шегіп жүргенін айтты.

— Тек сол үшін ғана ма? — деп дауыстап жіберді Дон Кихот. — Ау, ғашық жандардың бәрін галераға аттандыра берсе менің өзім баяғыда-ақ ескек есіп кеткен болар ем ғой.

— Тақсыр, сіз мүлдем басқа сүйіспеншілік жайында айтып тұрсыз, — деп құлаққағыс етті сотталушы. — Менің ынтызарлығымның түрі бөлек: маған жуылған кір толы себеттің қатты ұнағаны сонша, оны кеудеме тас қып құшақтап алғанмын, егер оны әділ сот күшпен тартып алмағанда өз еркіммен одан осы күнге шейін айрылмас ем. Мені қылмыс жасап жатқан жерімде қолға түсірді, азапқа салып, қинаудың қажеті болмады, сондықтан маған қолма-қол үкім шығарылды: арқамды жүз мәрте соғылған қамшымен әшекейледі, оған қосымша сыйлыққа үш кемешік алдым.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий