Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Мейірімді мырза, әміршіміз әрі құтқарушымыз, бізден қолдан келмейтінді талап етіп тұр, — деді ол, — өйткені, бізге топырлап жолды бойлап жүруге болмайды, біздің бөлек-бөлек және жеке-дара жылыстауымыз керек, шындығын айтқанда, Қасиетті ағайындықтың көзіне түспес үшін жердің жарығы болса, тіпті соған кіріп кеткеніміз де артық етпес еді, ал аталмыш ағайындықтың ендігі соңымыздан қуғын шығарып қойғанына да күмән жоқ. Одан да сіздің, тақсыр, — ең дұрысы да осы, — Дульсинея Тобосскаяға тағзым етудің орнына “Құдай-ананы” немесе “Сенемін” дұғаларын қанша рет болса да оқуға әмір еткеніңіз жөн болар еді және бұларды өзіңізді еске ала отырып оқыр едік, — міне, осы тапсырманы күндіз де, түнде де, қашып бара жатқанда да, тынығып отырғанда да, мамыражай мезгілде де, майдан қызған шақта да орындауға әбден болады. Ал, енді бізді жұмақтың рақатын қайта көреді-ау, яғни шынжырларын қайта киеді-ау, сосын Тобосоға баратын жолмен борсаңдап тартып кетеді-ау деп ойлау да бір, тап қазіргі кезді тас қараңғы түн деп ойлау да бір, шын мәнінде қазір әлі таңертеңгі сағат он да бола қойған жоқ, сондықтан бізге мұндай өтініш айту шегіршіннен алмұрт іздеумен бірдей шаруа.

— Олай болатын болса, ант етем, — деп ашулана айқайлап жіберді Дон Кихот, — сіз, дон Хинесұмпай де Жәбірильо ма әлде басқамысыз, жексұрын найсап, сол жаққа құйрығыңызды қысып және барлық шынжырды арқалап жалғыз өзіңіз баратын боласыз!

Пасамонте айта қаларлықтай сабыр иесі емес-ті, оған қоса Дон Кихоттың дәнекүс біреу екенін байқап та үлгерген, өйткені ондай болмаса есерсоқтық жасап бұларды құтқармас еді; сөйтіп, өзіне қандай құрмет көрсетіліп жатқанын көрген ол жолдастарына көзін қысып қалды, содан соң бәрі шегіншектеп кетті де, іле-шала Дон Кихотқа кесекті жаңбырша жаудыра бастады: оның тіпті қалқанмен қорғанарлық та мұғдары болмады, ал бейшара Росинант болса, ағаш атқа айналғандай шпормен қанша тебінсе де былқ етпей қойды. Санчо есегінің тасасына тығылып, бұршақтай жауған кесектен соны қалқалап жан бақты: тас кесек екеуіне бірдей борап жатқан-ды. Дон Кихоттың қалқасы ойдағыдай емес-ті, бірнеше тас дәл кеп тиді және қатты тигені сонша, аттан қалай ұшып түскенін білмей қалды; құлап түскен бойда оған студент жетіп келіп үстіне атша мініп алды да, басындағы легенін жұлып ап, сол легенмен Дон Кихотты арқасынан үш-төрт рет соғып-соғып жіберді, одан соң легенді сонша рет жерге ұрып, қиратып тастай жаздады. Бұдан кейін қылмыскерлер Дон Кихоттың сауыт сыртынан киіп жүрген шолақ кафтанын шешіп әкетті, шұлығын да шешпекші еді, бірақ оған тізеқаптары бөгет болды. Сондай-ақ, олар Санчоның жадағайын сыпырып алды, сөйтіп оның түгін қалдырмай тонаған және басқа да олжаларын өзара бөліске салған қылмыскерлер шынжырларын қайта тағынып Дульсинея Тобосскаяға аттанудан гөрі, Ағайындық құрығына ілініп қалмауға көбірек алаңдаушылық білдіріп, бет-бетіне бытырап кетті.

Ол жерде тек есек пен Росинант, Санчо мен Дон Кихот қана қалды. Көңілсіз ойға беріліп, тымырайған есек құлақ түбінен ызыңдаған тас кесек нөсері әлі тоқтау таппағандай көріп құлағын деміл-деміл қайшылап қояды; тастың бірі құлатып түсірген Росинант қожайынының қасында тырайып жатыр еді; анадан жаңа туғандай жалаңаш Санчо Қасиетті ағайындықтың келуін күтіп үрейден дірдек қағып тұрған, ал Дон Кихот болса, соншалықты көп жақсылық жасаған адамдарының өзіне осынша жәбір көрсеткеніне қатты жабырқап қалған-ды.

ХХІІІ тарау

Даңқты Дон Кихоттың Сьерра Моренада бастан кешкендері жөнінде, яғни осынау барынша шыншыл хикаяда әңгіме болатын шытырман оқиғалар ішіндегі ең сирек кездесетіндерінің бірі жайында

Осынша жәбір көргеніне өкінген Дон Кихот атқосшысына қарап былай деді:

— Ноқайларға жақсылық жасау да бір, тор көз бақырашпен су алып ішу де бір, дегенді жиі естуші ем, Санчо. Сенің ақылыңды тыңдаған болсам, мынадай қасіретке ұрынбас едім. Бірақ, енді болар іс болды. Әзірше төзіп бағу керек, ал болашақта абайлармыз.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий