Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Әккі адамсуын! — деп мысқылдады Дон Кихот. — Осы қазір үстімдегі киімдерімді пәрша-пәрша ғып жыртам да, сауыт-сайманымды әр жерге бір лақтырып шашам, жартасқа басымды ұрам және тағы басқа да нәрселер жасаймын — сонда қалай таңғалмас екенсің.

— Құдай үшін өтінем, — деді Санчо, — абай болыңызшы, басыңызды аман сақтаңызшы, әйтпесе жартастың қырына немесе үшкір тасқа тап келіп, серт беруіңізге қатысты мына қыбыр-жыбырдың бәрі әп дегеннен сап тыйылып жүрер. Ал, енді бірақ өзіңіз баспен соғылу өте қажет, онсыз іс бітпейді деп тұрсаңыз, онда мен сіздің орныңызда болсам, — өйткені, мұның бәрі көз бояу, қалжың және жасанды әрекет қой, — онда мен сіздің орныңызда болсам деймін, басыммен суға немесе мақтадан жасалған мата секілді жұмсақ бірдеңеге соғылып қанағат табар ем, ал әр жағын маған қалдыра беріңіз: мейірбан ханымыма сізді алмастан да қатты жартастың қақ төбесіне басын ұрды деп айтып барам.

— Жан ашырлық кеңесіңе көптен-көп рақмет, достым Санчо, — деді Дон Кихот, — алайда мұның бәрін қалжың ретінде емес, шын ниетіммен жасамақ ойым барын біліп қойғын, өйтпеген күнде рыцарьлар қауымының көз бояушылықты күпірлікпен тең санайтын заңын бұзған болар ем, өйткені бір нәрсенің орнына екінші нәрсені жасау — алдау деген сөз ғой. Ендеше, жартасқа басыммен соғылу жөнінде ойластырған шарам — шынымен-ақ солай, ешқандай жалған бірдеңенің қоспасынсыз, боямасыз орындалуға тиіс. Сондықтан сен маған жарақатымды емдеу үшін азын-аулақ корпия тастап кет, жоғалтып алуымыздың салдарынан тағдыр бальзамсыз қалуымызды хош көріп тұр ғой.

— Әсіресе, есегімізден айрылғанымыз жақсы болмады, — деп қоштай кетті оны Санчо, — корпия да, басқалары да сонымен бірге құрыды ғой. Тек сізден өтініп сұрарым, тақсыр, сол бір қарғыс атқыр сусынды жадыңыздан біржола шығарып тастаңызшы, — атын естігеннің өзінен-ақ тұла бойым түршігіп, құсқым кеп лоқси бастаймын. Одан соң сізден тағы бір өтінерім: іске асырмақ боп жүрген анайы әрекеттеріңізге көзімнің құрышын қандыру үшін тағайындаған үш күніңіз өте шықты, соның бәрін мені көріп алды, яғни бәрі бітті, ойдағыдай болды деп есептеңізші, ал мен мейірбан ханымыма өзіңіз жайында не ғажапты айтып баратын болам. Сөйтіп, енді хатыңызды жазыңыз да мені жылдамырақ жолға салыңыз: өзіңіз қалып бара жатқан мына күнә тазартқыштан сізді шығарып алу үшін қалай тезірек қайтып оралам деп жанымды қоярға жер таппай тұрмын.

— Сен мұны күнәдан арылтатын орын деп тұрсың ба? — деп сұрады Дон Кихот. — Одан да мұны тозақпен, егер бұл жалғанда тозақтан да гөрі азабы ауыр бірдеңе табылса, тек сонымен ғана салыстырғаның жөн болар еді.

— Тозаққа тап болғанға nula es retencіo31, — деді Санчо.

— Retencіo дегеннің не білдіретінін түсінбедім, — деді Дон Кихот.

— Retencіo — біреудің тозақтан босап шыға алмай арпалысқа түсуі деген сөз, — деп түсіндірді Санчо. — Ал, сіз, тақсыр, мүлдем керісінше кепті бастан кешпексіз: егер тек Росинантқа шпордың көмегімен дем беруге жәрдемдесетін аяғым құрысып қалып жүрмесе. Қысқасы, мен Тобосоға, тура тартып мейірбан ханымым Дульсинеяға барам да, түрлі ақымақтықтар мен анайы әрекеттер, — шындығында, бұл екеуінің арасында айырма жоқ та ғой, — жасағаныңыз және әлі де жасап жатқаныңыз жайында жеріне жеткізіп айтып берем, сонда ол осыған дейін еменнен де қатты боп келсе, одан кейін былғары қолғаптай жұмсарып сала беретін болады, содан соң оның

балдай тәтті жылы жауабын алып мұнда құдды бір көз байлаушы секілді ауамен қалықтап ұшып келем, сөйтіп сізді осынау күнә тазартқыштан шығарып алам; рас, сіз мұны тозаққа ұқсас дейсіз, алайда бұл әсте де ондай жер емес, өйткені бұл арадан босап шығатын үміт бар, ал ондай үміттен, әлгінде айтқанымдай, тозақта жатқандар құралақан, ал енді бұған, тақсыр, өзіңіз де дау айта қоймассыз деп ойлаймын.

— Жөн-ақ, — деп келісе кетті Қайғылы Бейне Рыцары. — Ал, енді хатты қалай жазсақ болар екен?

— Айтпақшы, әлгі өзіме бермекші қодықтарыңыз жайындағы бұйрықты қайтесіз? — деп құлаққағыс етті Санчо.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий