Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Беу жаратқан, осы өңірді өзіме жолдаған қайғы-қасіретің жайында жылап шер тарқататын жер ретінде таңдап, соған арналған орын етіп белгілеймін. Осында, тап осы жерде, көл боп аққан көз жасымнан мына жылға тасып төгілмек, ал тынымсыз ауыр күрсіністерімнен таудағы орманның жапырағы тоқтаусыз желпілдеп тұрмақ — жұлым-жұлым жүрегімнің жапа шеккен белгісі мен куәлігі сол болмақ. Беу, осынау қу медиен өлкені мекен ететін жергілікті құдайлар, сіздер кім болсаңыздар да, бақытсыз нақсүйердің аһ ұрған ащы дауысына құлақ салыңыздар, ұзақ мерзімге қол үзіп қалу мен қызғанышқа толы армандар оны жер бетіндегі сұлулықтың асқар шыңы және ақырғы шегі боп табылатын, азабы мен мазағы көп сүйкімді ханымның қатал мінезіне өкпе айтып, шағым білдіру үшін осы шатқалға жетелеп әкеп тұр. Беу, тау беткейлеріндегі орманға қоныстануға құштар напейлер мен дриадтар! Мамыражай тыныш тіршілігіңізді өздеріңізге үмітсіз ғашық, аяғы аяғына жұқпас сумақай, нәпсіқұмар сатирлер бұза көрмесін, сендер де басыма түскен тауқыметке жанашырлық білдіріп маған қосыла жылаңдар, жә болмаса, тым құрығанда, зар илеген даусымды бар зейінмен тыңдаңдар. Беу, Дульсинея Тобосская, түнімнің күні, азабымның шаттығы, жолымның қадасы, тағдырымның жұлдызы! Жаратқан иеміз саған таңданарлық тағдыр тарту еткей-дағы және не сұрасаң соның бәрін бергей-дағы, ал сен, жалбарынам саған, өзіңнен қол үзгенім себепті қай жерде және қандай ахуалда жүргенім жайында ойланшы, өзіңе деген адалдығымды лайықты бағалай білші! Беу, жалғыздан-жалғыз дара тұрған ағаштар, ендігі менің саяқ тіршілігімнің достары! Бұтақтарыңды жеңіл ғана діріл қақтыру арқылы осы жерде жүргенімнің өздеріңе салмақ түсірмейтіні жайында маған белгі беріңдерші! Беу сен, атқосшым, қуанышты да, қайғыны да бірге бөлісіп жүрген сүйкімді серігім! Қазір іске асырмақшы әрекетімді есіңде сақта, осы арада өтіп жатқан барша оқиғаның жалғыз ғана себепкеріне айналған аяшыма бәрін түгел баян етуің үшін ұмытпа!

Осы сөздерді айтқан бойда ол атынан түсті де, Росинанттың жүгені мен ерін қас-қағым сәтте сыпырып алып, сауырынан қолымен бір салып, былай деді:

— Беу, сәйгүлік, бостандығынан өз еркімен бас тартқан адам сол еркіндікті саған тарту етеді! Тағдырың қандай татымсыз болса, еңбегің сонша ерекше ғой сенің. Қайда барғың келсе сонда бара бер, өйткені Астольфтың Гиппогрифі де, Брадамантеге тым қымбатқа түскен атақты Фронтин де жүрдектігі жағынан өзіңмен тең келмейтіні маңдайыңа жазылған ғой сенің.

Осы арада оны Санчо бөліп жіберді:

— Құдай жамандық көрсетпегір әлдебіреу бізді сұр есектің ерін сыпыру әрекетінен құтқарып қалды, әйтпесе мен де оны сауырынан қағар едім және, кәміл сенуіңізге болады, талай-талай тәуір сөз тауып айтар едім. Әйткенмен, егер осы арада тұрса, оның ерін сыпыруға ешкімге рұқсат бермес ем, себебі оның ерін алуға деген мұқтаждық жоқ: ғашықтар мен қапалылардың әдет-дағдыларын орындау оған шарт емес, өйткені бұның иесі олар емес қой, оның иесі сол бір шуақты күндерде мына мен болғам. Ал, енді шынымды айтсам, сеньор Қайғылы Бейне Рыцары, менің кететінім, сіздің жынданатыныңыз — осының бәрі рас болса, онда Росинантты қайта ерттеген жөн болар еді: сұр есегімнің орнына соны мінер едім де, анда барғанша да, кері қайтқанша да біраз уақытты үнемдер едім, әйтпесе жаяу жылжысам ана жаққа қашан барып жетерімді де, қашан қайтып ораларымды да құдай біледі: өйткені, шыным сол, жаяу жүріске анау айтқандай алғыр емеспін.

— Мен саған былай демекпін, Санчо, — деп мәлім етті Дон Кихот, — мейлі, солай-ақ бола қойсын, бұл ойың маған өте орынды көрініп тұр. Саған тағы айтарым, сен үш күннен кейін аттанасың, өйткені осы күндердің ішінде аяшымның құрметіне істейтін істерім мен айтатын сөздерімнің бәрін көріп, естіп кеткеніңді және кейін оған бәрін түгел жеткізгеніңді қалап тұрмын.

— Ау, мен көрмейтінді көрген адам емеспін бе, бұдан соң мен көретін тағы не қалды дейсің? — деп наразылық білдірді Санчо.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий