Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ал, Карденьо болса, Лусинданы тас қылып құшақтап алған күйі дон Фернандодан көз жазбай қарап тұрған: дұшпандық әрекетін байқап қалған бойда-ақ оған тойтарыс бермекші еді, реті солай келіп жатса тіпті теріс ниеттегілерге өзі тап бермек ойы бар-ды, бұл үшін басын қатерге тігуден де тайынбаған; алайда, бұл кезде дон Фернандоны достары, сондай-ақ сол жерде тұрған священник пен шаштараз айнала қаумалап, бәрі бір ауыздан, іштерінде ақкөңіл Санчо Панса да бар, одан Доротеянның көз жасына аяушылық білдіруін сұрап жалынып-жалбарына бастаған. Егер Доротея айтқанның бәрі ақиқат болса, ал олардың бұған сенімі кәміл, онда оның мейлінше заңды боп табылатын үмітінен алданып қалмауына қам жасау керек, десті олар; сондай-ақ, барлығының осы арада, кездесеміз деп өмірі ойламаған жерде, бір қарағанда солай көрінгенімен, әсте кездейсоқ бас қосып тұрмағанын, бәрі де құдіретті күштің әмірімен болып жатқанын түсінуі керегін айтты. Священник өз тарапынан Лусинданы Карденьодан ажыратуға енді тек ажал ғана ықтиярлы екенін, тіпті оларды шпаганың ұштығы ажыратқан күнде де, олар мұндай өлімді өзіне зор бақыт санайтынын құлаққағыс етті; сондай-ақ, өмірдің қиын-қыстау тұстарында өз нәпсіңді өзің тыя білу арқылы тектілігіңді танытып, басқа екі пенденің құдіретті күш тарту еткен бақыттың қызығын көруіне кеңшілік жасаудың өзі аса үлкен даналық боп табылатынын еске салды; сосын оның Доротеяның көркіне жөндеп көз тіккені жөн екенін, жөндеп көз тіксе, одан асып түсетін әйелді айтпағанда, онымен теңесе алатын әйелдің де сирек екенін өзі-ақ байқайтынын тілге тиек етті; осындай сұлулығына қоса оның көнпістігі мен өзіне деген шексіз сүйіспеншілігін де ұмытпауы керегін, ал, ең бастысы, егер ол өзін кавальеромын және христианмын деп санайтын болса, онда өз парызын орындауға тиісті екенін, — сол парызын орындауы арқылы оның құдай алдындағы парызын да орындап, саналы адамдардың бәрін қуанышқа бөлейтінін, ал саналы адамдар болса, сұлулықтың бір артықшылығы, тіпті ол текті жерден шықпаған пенденің басына бұйырған күнде де, жан дүниесінің кіршіксіз тазалығына ұласқан шақта, жаңа биікке көтеріліп, кез-келген ұлылықпен бой салыстыра алатынын, оны өз деңгейіне дейін көтеріп, өзімен теңестірген жанның ар-намысына зәредей нұқсан келтірмейтінін жақсы білетінін һәм түсінетінін айтты; оған қоса, егер күнәға батыратын әрекетке бастамаса, ынтызарлық ырқының ыңғайына жығылған жанды күстаналауға болмайтынын да ескертті.

Өңгелері де қарап қалмай, не түрлі сөзді айтқаны сонша, дон Фернандоның мейірбан жүрегі жұмсарып (текті әулеттен шыққаны тегін деймісің), қанша тырмысса да жоққа шығара алмайтын шындықтың алдында тәубаға келді; сөйтіп, райдан қайтқанының және осы арада өзіне арнап айтылған ақылға қонымды дәлелдемелер көңілінен шыққанының белгісі ретінде Доротеяға қарап еңкейіп, оны құшағына алды да, былай деп жуаси үн қатты:

— Тұра ғой, орныңнан, аяулым, — қашан да жүрегімнің төрінен орын алып жүрген жанның алдымда тізерлеп отырғаны жараспайтын нәрсе. Егер осы күнге шейін мұны өзіңе айтпай келсем, бәлкім, бұл құдіретті күштің солай ұйғарғанынан шығар: қадіріңе шындап жету үшін, алдымен тұрақтылығыңа көз жеткізуім қажет болды. Саған айтар жалғыз тілегім: өзіңе деген шектен тыс озбырлығым мен менсінбеушілігім үшін мені жазғырмашы, өйткені тап сол өзіңді сүйіктім деп айтуға итермелеген себеп пен сиқыр мені сүйіктің болмауым үшін қолымнан келгеннің бәрін жасауға құштар қылды. Ал енді менің өтірік айтып тұрмағанымды артыңа бұрылып қарап, бақыт құшағына еніп те кеткен Лусинданың көзіне көзіңді қадаған бойда-ақ білерсің деп ойлаймын, оның көзінен менің барлық қылмысымды ақтайтын үкімді оқуыңа болады. Егер ол арман еткенін ақыры тапқан болса, мен де саған ұшырасу арқылы өз арманымның асқар биігіне жеттім, ендеше ол өз Карденьосымен бірге бақыт пен қуаныш толы ұзақ ғұмыр кешсін, мен де екеуіміз үшін жаратқаннан соны сұрап жалбарынатын болам.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий