Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Асықпай ақылға салып көрсең, мархабатты мырзалар, кезбе рыцарьлар орденіне жататындардың адам айтса нанғысыз ғаламат оқиғаларға жиі куә болатыны жайында тұжырым жасамас әддің қалмайды. Шын мәнінде де, жер бетінде тірлік кешіп жүрген пенделердің бірі қазір мына қамал-сарайдың қақпасынан кіріп келсе, сөйтіп біз оның көзіне тап осы қалпымызда көрініс берсек, ол біздің шын мәнінде кім екенімізді біле алар ма еді? Жанымда отырған мына сеньораның — бәрімізге жақсы мәлім ұлы королева боп табылатыны, ал өзімнің — Даңқ тұғырының ең биігіне шыққан тап сол Қайғылы Бейне Рыцары екенім оның қаперіне кірер ме еді?.. Рыцарьлық өнердің адамзат баласы ойлап тапқан күллі өнер мен кәсіп атаулыдан әлдеқайда артық екені қазір ешқандай дау тудырмайтын ақиқатқа айналды, оның үлкен қауіп-қатерлерге ұштасып жататынының өзі-ақ құрметке әбден лайық екенін көрсетеді. Әскери қызметтен оқымыстылық артық дейтін сөзді де құлағым шалады, мұндай әңгімені бықсытатындар кім болса да мейлі, мен оларды не айтып, не қойып жүргенін өзі де білмейтін жандар деп бағалар едім. Сондағы олардың алға тартатын және өздеріне аса салмақты көрінетін дәлелі — ой жұмысы қол жұмысынан артық, ал әскери қызметте тек қана тән жаттығады деседі, — сонда деймін-ау, әскерилер — қара күшіне ғана сенетін қарапайым жұмыскер болғаны ма, сонда біз, әскерилер, өзіміз әскери өнер деп атайтын ұғымға алымды да шалымды ақыл-ой қажет етілетін ерлік істер кірмейтін болғаны ма, сонда қарамағына тұтас бір қосын сеніп тапсырылған немесе қоршауда қалған қаланы қорғау міндеті жүктелген қолбасшының ақыл-ойы тәнімен салыстырғанда аз еңбек ететін болғаны ма! Ойлап көріңіздерші: жалғыз тән қуаты арқылы ғана дұшпанның пиғыл-ниетін, ой-жоспарын, әскери қулықтарын түсінуге және жұмбағын шешуге, құрған торын аңғаруға, қауіп-қатердің алдын алуға бола ма? Жоқ, бұның бәрі тек парасат-пайымға ғана байланысты, тәннің бұған қатысы жоқ. Сонымен, оқымыстылыққа ақыл-ой қаншалықты қажет болса, әскери қызмет үшін де соншалықты қажет екенін көрдік, енді ғалым адамның ба әлде әскери адамның ба — қайсысының ойы көбірек еңбек ететініне назар салайық, ал бұның өзі олардың көздеген мұраты мен діттеген мүддесі қандай екенінен көрініс табады, өйткені неғұрлым ізгі мақсатқа ұмтылған талап соғұрлым қадірлі болады. Ғылымдардың межесі мен мақсаты, — бұл арада мен жанымыздың жұмақтан орын алуына жәрдемдесетін діни ілімдер жайында айтып отырғаным жоқ, өйткені түп мақсаты осындай түпсіз терең мұндай ғылыммен басқа бірде бір ғылым теңесе алмайды, — мен дағдылы ғылымдар жайында айтып отырмын, ал бұлардың мақсаты — игіліктерді әділетті түрде үлестіру, әркімнің тиесілі сыбағадан құр қалмауын қарастыру, көпшілік игілігін көздейтін заңдардың сақталуын қадағалап, шаралар қолдану боп табылады. Бұл, сөз жоқ, жоғары да ізгі мақсат, оны қалай мақтасаң да артық емес, алайда мұның әскери өнерге лайық мақтау мен мадаққа шендесе алмайтыны және белгілі, өйткені әскери өнердің мақсаты мен ол діттеген мүдденің түп қазығы — бейбітшілік боп табылады, ал бейбітшілік дегеніміз дүниедегі ең жоғары ізгілік. Міне, сондықтан да жер-әлем мен адамдардың ең алғаш естіген ізгі хабары бәріміз үшін шуақты күнге айналған түнде періштелер аспан төрінен әнмен жеткізген: “Көктегі жаратқанның даңқы арта берсін, жер бетінде бейбітшілік орнасын, адамдар рақымшыл болсын”, деген хабар-ды. Аспан мен жердің ең ұлағатты ұстазы өзіне шын берілген, өзі бейіл берген пенделеріне біреудің босағасынан аттаған кезде: “Бұл үйде бейбіт өмір болсын”, деуге өсиет етті. Осынау пенделеріне ол: “Сендерге бейбіт өмір қалдырам, сендерге бейбіт пиғыл-ниет берем; бейбіт тірлік кешіңдер”, дегенді сан қайталап айтты, шын мәнінде де бұл бізге құдіретті күш берген және меншікке қалдырған асыл қазына боп табылады, онсыз аспанда да, жерде де оңды ешнәрсе болып жарытпайды. Тоқ етерін айтқанда, соғыстың тікелей мақсаты — бейбітшілік, ал соғыстың мақсаты осы болса, ендеше, әскерилердің де мақсаты сол ғой. Сөйтіп, соғыстың мақсаты бейбітшілік екенін, сондықтан оның ғылымдар көздеген мақсаттан биік болатынын даусыз ақиқат ретінде мойындасақ, енді оқымысты адам мен жауынгердің тән азабы мәселесіне ойысып, қайсысы көбірек екеніне зер салайық.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий