Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Біз студент кедейшілігінің қандай түрі болатынын талдаудан бастадық, — енді солдат одан гөрі бай ма екен, соған келейік. Бақсақ, дүниеде солдаттан кедей ешкім жоқ екен, өйткені ол жарытымсыз жалақысына тірлік кешеді, оның өзін кешіктіріп береді, кейде тіпті бермей қояды, немесе басын қатерге тігіп және беттің арын белге түйіп тонап алғанын талғажау етеді. Киім-кешек жағының да жұтаңдығы сонша, жамаулы-жасқаулы колеті оған әрі сән-салтанатқа киетін киім, әрі көйлек орнына жүреді, қыстың қақаған суығында, айдалада ол әдетте өзінің демімен ғана жылынады, ал менің өз түсінігімше, аш адамның аузынан шыққан дем де салқын болады, ол жаратылыс заңын мойынсұнбайды. Енді мына қызыққа қараңыздар: ол да қараңғылық түскен кезде жауын-шашыннан пана табады, оны күй талғамайтын адамға тарлау көрінбейтін төсек-орын күтіп тұрады, — расында да, тақыр жерде аяғын қалай-қалай созса да немесе ақ жайманы қыртыстандырудан қорықпай, бір бүйірінен екіншісіне қанша аунаса да ерікті емес пе. Сөйтіп, міне ақыры әскери адамға арналған дәрежені алатын да шақ туады: шайқас болатын күн келеді, сөйтіп егер оқ басынан тисе, онда оған жарақат таңғыштан докторлық телпек кигізіледі, ал егер оқ басынан тимесе, демек, аяғы немесе қолы зақымға ұшырағаны. Бірақ тіпті мұндай күйге тап болмай, мейірімі мол жаратқан оны бәле-жаладан аман сақтап қалған күнде де, бәрібір, оның байып шыға келуі екіталай нәрсе, оған қоса бұл жазғанның әлі де талай айқас пен шайқасқа түсуіне тура келеді және әскери қызмет сатысымен азды-кем жоғары өрлеуі үшін барлық ұрыста жеңіске жетуі шарт, бірақ мұндай ғажайыптар сирек болады. Ал өздеріңіз айтыңыздаршы, сеньорлар, соғыста қаза тапқандармен салыстырғанда ерлігі үшін марапатталғандардың әлдеқайда аз болатыны жайында ойланып көрдіңіздер ме? Әрине, мұны салыстырудың қисыны жоқ, қаза тапқандарға сан жетпейді, ал тірі қалғандар арасындағы марапатталғандар үш орындық санмен есептеледі, деулеріңіз мүмкін. Ал, енді сот маңайындағылардың жағдайы мүлдем басқа: олар ішіп-жемнен ешқашан кенделік көрмейді, алдыңғы есіктен кіргізу мүмкін болмаса артқы есіктен кіргізіп береді, — осының бәрінен солдат еңбегінің азабы ерен, марапаты аз екенін көреміз. Бәлкім, отыз мың солдаттан гөрі екі мың сот қызметкерін марапаттау оңай ғой дейтіндердің де табылуы мүмкін, өйткені соңғылары жақсы қызметпен марапатталады, ал мұндай қызметтердің қажеттілік тууына орай тиісті кәсіп түрімен айналысатын адамдарға әрдайым беріліп тұратыны мәлім, ал солдатты жалғыз тек өздері қызмет ететін сеньордың қаражатына ғана марапаттауға болады, бірақ осының өзі-ақ менің ойымды мақұлдап тұр емес пе. Алайда бұл әңгімені қоя тұрайық, өйткені мұндай шырғалаңнан жол тауып шығу қиын, сондықтан әскери қызметтің оқымыстылықтан басымдығы жайына — осы күнге шейін шешімін таппай келе жатқан мәселеге оралайық, себебі өз пікірін қуаттайтын жаңа дәлелдемелерді екі жақ та індете іздестіріп, көптеп тауып жатыр. Ескерте кеткен артық етпес, оқымысты адамдар өздері болмаса әскерилер де өмір сүре алмас еді дегенді айтады, өйткені соғыстың өзі де сөзсіз бағынатын заңдар бар, ал ондай заңдарды жасақтау ғылым мен оқып-тоқығаны мол адамдардың ісі, деседі олар. Әскерилер бұған дау айтып, өздері болмаса заңдар да болмас еді дейді, өйткені мемлекетті аман алып қалатын, корольдіктерді сақтайтын, қалаларды қорғайтын, жолдарды күзететін, теңіздерді қарақшылардан тазартатын өздері екенін алға тартады, — қысқасы, егер өздері болмаса, мемлекеттерде, корольдіктерде, монархияларда, қалаларда, жер бетіндегі жолдар мен теңіз жолдарында — барлық жерде, соғыс кезінде, әсіресе оған айрықша ерік пен билік берілген шақта, болып жататын айтып жеткізгісіз сұмдықтар мен жөнсіздіктер орын алар еді дегенді тілге тиек етеді. Расында, не нәрсе қымбатқа түссе, соның жоғары бағаланатыны және солай бағалануға тиіс те екені белгілі ғой, — бұл баршаға мәлім жәйт. Әжептәуір дәрежедегі заң шығарушыға айналу үшін уақыт қажет болады, табандап отырып оқып-тоқу қажет болады, киім-кешек пен ішіп-жемнен тарығуға тура келеді, бастың айналуымен, асқазанның сыр беруімен, өзім шет жағын айтып кеткен, басқа да осыған байланысты бірқатар жайлармен санаспау керек болады. Ал, енді жақсы солдатқа айналу үшін оның студент бастан өткергеннің бәрін де бастан кешуіне тура келеді, бірақ мұның шетіндігі сонша, тіпті салыстырудың өзі саппастық боп шығар еді, өйткені солдат қас қағым сайын басын қатерге тігеді. Шын мәнінде де, студенттің бойын билеген және қыр соңынан қалмай қойған кедейлік пен жоқ-жұтаңдық алдындағы қорқынышты қоршаудағы қамалда равелиндер мен кавальерлерді күзетіп тұрған, дұшпанның қамал қабырғасы астын үңгіп жатқанын сезгенімен, қарауыл орнын тастап, осынау зор қатерден қашып құтылуға болмайтынын біліп тұрған солдаттың бастан кешкен қорқынышын салыстыруға бола ма? Қолынан келер жалғыз ғана нәрсесі — бастығына белгі беру ғана, сонда бастық контрмина арқылы қатердің алдын алуға қам жасайды, ал ана жазған болса қашан бұлттарды бетке алып қанат байламай-ақ ұшып кетерін немесе қашан ықтиярынан тыс құзға құларын күтіп тікесінен тік, сірескен қалпы тұра береді. Ал егер, сіздің ойыңызша, бұл да онша үлкен қауіп көрінбесе, онда ашық теңізде екі галераның бір-бірін абордажға алмақ боп тым жақын келіп тоқайласқан сәтінде солдаттың ені екі-ақ фут таранда тұруы оған әлгіден кем қатер төндірмейтінін, тіпті одан да қауіптірек екенін айтуға болады. Бұған қоса ол тура қарсы алдынан, дұшпан жақтан, бар болғаны найза ұсынымдай ғана жерден, өзіне қарап оқталған қанша мылтық болса, сонша жанның өзіне ажал таптыруға асығулы екенін өз көзімен көріп тұрады, аяғын бір адым шалыс басса-ақ Нептунның су асты иелігін аралауға аттанып кететінін де сезіп тұрады, бірақ ар-намысы тайсақтауға жол бермей, кеудесін шімірікпестен оққа тосады, әлгі енсіз тақтайша арқылы дұшпанның кемесіне өтіп кетуге тырмысады. Бірақ, әсіресе қатты таңғалдыратыны мына нәрсе: біреуі енді қайтып ешқашан шыға алмайтын жаққа құлап кетсе-ақ болды, орнына екіншісі келіп тұра қалады, ал ол да ата жауындай аңдып жатқан теңіз толқынына тоғытылса, оның орнын өңгелері кезекпен кезек келіп баса береді, тіпті олардың қалайша аңдаусыз түрде құрдымға құлап жоғалып жатқанын да аңғара алмай қаласың, — иә, мұндай жүрек жұтқандық пен көзсіз ерлікті басқа ешқандай шайқастан жолықтыру мүмкін емес. Қорғасын оқ бүркетін мылтық дегеннің, — қарғыс атқыр өнертабысына берілер сыйлық ретінде оны ойлап тапқан жанның тамұққа жіберілгеніне сенімім кәміл, — жан түршігерлік қаһарынан хабарсыз заман қандай ғанибет еді десеңізші! Сондай мылтық қолына түскен кез-келген сүмелек қазір айбынды кавальероның, — жаудан жасқануды білмейтін, жүрек жұтқан батырлығымен өзгелерді де ерлікке жігерлендіретін кавальероның, — өмірін бір демде-ақ үзе алады: кенеттен тарс етіп атылған оқ (оны атқан адамның тіпті осынау ант атқан қарудың аузынан жарқ еткен оттан зәре-құты қалмай қорқып, қашып та кетуі ықтимал) қас қағым сәтте-ақ атпал азаматтың ой ағымын да, оған қоса ұзақ жылдар бойы жан рақатын кешуге лайық ғұмырын да үзіп кете барады. Міне, осы себептен, әлгі айтылғанның бәрін ой елегінен өткізе келіп, мынадай мейірімсіз заманда кезбе рыцарьлық қызметін таңдағаныма іштей қатты өкініп те жүрмін, өйткені өзім қандай қауіп-қатерден болсын қорықпағаныммен, бәрібір, қорғасын мен дәрі ақ білегімнің күшімен, ақ найзамның ұшымен әлемнің өзімізге мәлім барлық елінде бірдей құрмет пен даңққа бөлену мүмкіндігімнен айырады-ау деп ойлаған шағымда көңілімді күмән жайлайтын болып жүр. Бірақ, бәрі де жаратқанның ықтиярында, егер ойға алғандарымды түгел орындап шыға алсам, ең зор құрметке бөленеріме күмәнім жоқ, өйткені мен өткен ғасырлардағы кезбе рыцарьлардың ешқайсысы кезіктірмеген қауіп-қатермен күндегісін-күнде бетпе-бет ұшырасып жүрмін ғой.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий