Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Сөйтіп, айналыспақ кәсіптерімізді өз ықтиярымызбен таңдап алған соң әкеміз бізді құшағына қысты. Берген уәдесін ол дәл уақытында орындады, үлесіміз қолға тигеннен кейін, ұмытпасам, үш мың дукаттан келді ғой деймін (жат біреудің қолына өтіп кетпеуі үшін қожалықты немере ағамыз сатып алғанын, ақысын қолма-қол ақшамен төлегенін айта кеткенім артық етпес), үшеуіміз мейірбан әкемізбен қоштастық; қартайған шағында әкемізді көк тиын қаражатсыз қалдырғанымыз адамгершілікке жатпайтынын ойлап, мен өзім сол күні-ақ оны қолымдағы үш мың дукаттың екі мыңын алуға үгіттеп көндірдім, өйткені қалған ақшаға солдат үшін не қажеттің бәрін алуға болады, деп сендірдім. Інілерім де мұнымды мақұл көріп, әкемізге әрқайсысы мың дукаттан берді; сөйтіп, әкемнің қолына төрт мыңдай тиді, оның сыртында сатқысы келмей өз иелігінде қалдырған жылжымайтын мүлкін ақшаға шаққанда шығатын үш мыңдай дукаты тағы бар еді. Сонымен, біз әкемізбен және әлгінде атап өткен немере ағамызбен қоштастық; бойымызды айрықша толқу баурап алғаны сонша, бәріміз де көзімізге жас алдық, ал әкеміз болса сәтті-сәтсіз қадамдарымыз жайында хабар-ошар жолдап тұру жағын естен шығармауымызды сұрап жалынумен болды. Біз уәде еттік, ол бізді құшағына қысып, батасын берді, одан соң бір інім Саламанкаға, екіншісі Севильяға жол тартты, ал мен өзім Аликантеге аттандым, сонда барғанымда жүн тиеген генуялық бір кеменің Генуяға жүрмекке дайындалып жатқанын білдім.

Туып-өскен үйімнен жырақ кеткеніме жиырма екі жыл болды, осы уақыт ішінде сан қайтара хат жолдағаныммен, әкем жайында да, інілерім жайында да ешқандай хабар ала алмадым. Аликантеде кемеге отырып, аман-есен Генуяға келіп жеттім, одан Миланға барып, сол жерден әскери керек-жарақ пен киім-кешек сатып алдым да, Пьемонт әскері қатарына кірдім, бірақ Алессандрия делла Паллаға бара жатқан жолда ұлы герцог Альбаның Фландрияға аттанбақшы боп жатқанын естідім. Алғашқы ойымнан айнып, соған барып қосылдым да, жорықты басынан аяғына шейін сонымен бірге өткіздім, Эгмонт пен Горн есімді графтардың өлім жазасына кесілгенін өз көзіммен көрдім, Гуадалахарада туып-өскен Дьего де Урбина есімді атақты әскер басының әмірімен ту ұстаушы дәрежесіне көтерілдім. Сөйтіп, өзім Фландрияға келіп жеткеннен кейін көп ұзамай әулиелігіңе құлдық, топырағың торқа болғыр Бесінші Пийдің ортақ жау — түріктерге қарсы Венециямен және Испаниямен одақ құрғаны жайында қауесет тарады, өйткені бұл кезде түрік флоты осы уақытқа шейін Венецияның қол астына қарап келген айтулы Кипр аралын басып алып, оны өлшеусіз өкініште қалдырып отырған-ды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий