Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бұл екінші хатта міне осындай жайттар мәлім етілген болатын, оны оқып шыққан бойда бәріміз бір ауыздан өтемақы төлеп босанғымыз келетінін жария қылдық, фелюга сатып алуға барғымыз келетінін айттық және уақытылы қайтып оралуға уәде бердік, олардың қатарында, әрине, мен де болдым; бірақ, діннен безген біздің бұл тілегімізді табан астында тойтарып, ішіміздегі біреудің бостандыққа басқалардан ертелеу шығуына жол бермейтінін мәлім етті: босанып шыққандар тұтқында жүргенде берген уәделерін жарытымды орындамайтынын өз тәжірибемнен білем, деді ол, өйткені тұтқында жатқан ақсүйектер мұндай тәсілді талай мәрте қолданып көрген: жолдастарының бірін өтемақы төлеп босатып алып, қалтасына ақша салып, Валенсияға немесе Майоркаға аттандырған, анау ол жақтан фелюга сатып алған соң өзіне өтемақы төлегендерге қайтып оралуға тиіс-тін, бірақ қайтып оралған бірде-бір адам болмапты, — қол жеткен бостандық пен оны қайтадан жоғалтып алу қорқынышы оларды уәде-серт атаулының бәрін тарс есінен шығаруға мәжбүр ететін көрінеді. Осыған мысал ретінде ол бізге әлдебір ақсүйек әулеттен шыққан христиандардың басынан таяуда ғана өткен, не түрлі таңдай қақтырарлық сұмдықтар қас қағым сайын дерлік болып жататын бұл аймақтағы ең бір ерекше сұмдық саналатын сондай бір оқиға жайында қысқаша түрде баяндап берді. Қысқасы, оның айтқан әңгімесінен аңғарғанымыз: христиандардың бірінің өтемақысы үшін өзімізге табыс етілген ақшаны оның қолына ұстатуға тиіс болады екенбіз, ол бұған осы араның өзінен, Алжирден, Тетуанмен және жағалаудағы елді мекендермен сауда-саттық жүргізем деген желеумен фелюга сатып алмақ, ал фелюга қолға түскен бойда-ақ ол бізді абақтыдан қалай алып шығып, фелюгаға қалай отырғызу жайын қолма-қол бірыңғайламақ. Ал егер мавр қыз уәдесінде тұрып бәрімізді сатып алуға жететін ақша берсе, онда тіптен жақсы, өйткені бостандыққа жіберілген адамдар фелюгаға тапа талтүсте де отыра алады. Ең басты қиындық, деді ол, қарақшылық жасауға арналған дәу кеме болмаса, діннен бас тартқандарға маврлар басқа ешқандай кеме сатып алуға да, ондай кемеге қожалық етуге де рұқсат бермейді, өйткені кемені сатып алушы, әсіресе ол өзі испан болса, оны басқа ешқандай мақсатқа емес, жалғыз тек христиандарға қарай қашу үшін ғана алады деп қауіптенеді. Бірақ, ол бұдан шығар жолды да ойластырып қойыпты: ол фелюганы әлдебір тагарин-маврмен бірлесіп, ақшасын теңдей төлеп сатып алмақ, оған болашақта түсетін пайданың жартысын беруге уәде етпек, сөйтіп осы желеумен кеме билігін өз қолына алмақ, ал қалған шаруаны реттеу мұның өз міндеті боп табылады. Ол осылай дегенімен, маған да, серіктеріме де мавр қызының ақылын тыңдап, Майоркадан фелюга әкелуге басқа біреуді жібергеніміз жөн секілді боп көрінген еді, алайда мұның айтқанына көнбесек, бәрімізді түгел ұстап бере ме деген қорқыныштан оған қарсы келе алмадық, өйткені өзіміз жан құрбан етуге құмбыл Зораидамен арамыздағы әңгіме ашылар болса, онда тек оның ғана емес, біздің де өміріміз харап болары анық-ты. Сол үшін тағдыр-талайымызды жаратқан иеміз бен діннен безгеннің қолына тапсырғанды дұрыс деп таптық, сөйттік те сол секундта-ақ Зораидаға жауап жаздық, онда ақыл-кеңестерін бұлжытпай орындайтынымызды, өйткені құдды бір Лела Мәриам құлағына сыбырлағандай өзі бәрін өте оңтайлы етіп ойластырғанын, енді бұл істі кейінге қалдырған жөн бе әлде қолма-қол жүзеге асыру керек пе, бұл жағы тек оның өзіне ғана байланысты екенін айттық. Сонымен бірге, оған үйленетінім жайында тағы бір мәрте уәде еттім. Ертеңіне, бақытымызға қарай, банья тағы қаңырап бос қалды, сосын Зораида шыбық пен орамалдың көмегі арқылы бірнеше мәрте әрекеттеніп, бізге екі мың алтын теңге мен хат жіберді; хатында ол алдағы жұмада әкесінің қала сыртындағы үйіне баратынын және онда кеткенінше біздерге тағы ақша беретінін, ал егер бұл да аздық ететін болса, онда біздің міндетіміз қанша керегін айту ғана екенін, ал өзі қанша сұрасақ сонша тауып бере алатынын: әкесінде ақшаның көптігі сонша, мұны аңғармай да қалатынын, кілттің бәрі өз қолында екенін хабарлапты. Біз фелюга сатып алуы үшін діннен безгенге сол бойда-ақ бес жүз эскудо бердік, ал сегіз жүз эскудоны мен сол кезде Алжирде жүрген валенсиялық бір саудагерге өзімнің өтемақым үшін бердім, — ол мені корольден кепілдік ету арқылы сұрап алды, өтемақыны Валенсиядан кеме келген бойда төлеуге уәде етті. Ал егер өтемақымды қолма-қол төлесе, онда өтемақының ақшасы Алжирге әлдеқашан келген ғой, саудагер содан үнем айырмаққа үндемей жүрген ғой деп корольдің күдік алып қалуы кәміл еді. Бір сөзбен айтқанда, қожайынымның шектен тыс күдікшілдігі салдарынан оған ақшаны бірден төлеуге батпадым. Жұма күні аяулы Зораида қала сыртындағы үйге жүрмекші еді, ал бейсенбі күні ол бізге тағы да мың эскудо берді, сосын ертеңгі сапары жайында құлаққағыс етіп, егер өзімді босата қалған жағдайда қала сыртындағы үйдің орналасқан жерімен тезірек танысуымды, қандай да болсын бір сылтау тауып үйге кіріп, өзімен жолығысуымды сұрады. Мен қысқаша ғана жауап қатып, бәрін айнытпай орындайтынымды хабарладым, өзімізді Лела Мәриамға тапсыруын, тұтқын әйел өзіне үйреткен дұғаларды түгел оқып шығуын сұрадым. Одан соң үш серігімнің өтемақысы төленді, — олардың абақтыдан шығуын жеңілдету үшін, сондай-ақ, өзіме өтемақы төленгенімен, ақша бола тұра өздеріне ештеңе төленбегеніне реніш білдірмеуі үшін және шайтан азғырып Зораидаға әлденендей бір қиянат жасамауы үшін осылай істеуіме тура келді. Шындығында, жігіттерді жақсы білетіндіктен мұндайдан қауіптенбеуіме де болар еді, дегенмен ойға алған ісіміздің әлде бір жерінен ши шықпауын қалағам, сондықтан бұлардың өтемақысын да тап сол өзіме төлегендей тәсілмен төледім, яғни саудагердің оларды абыржып-алаңдамай, күдік тудырмай кепілдікке алуы үшін ақшаны қолына алдын-ала беріп қойдым, алайда астыртын әрекетіміз бен құпия істеріміз жайында оған ләм деп ештеңе айтқан жоқпыз, өйткені бұл бізге өте қауіпті көрінді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий