Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Арада екі аптадай уақыт өтер-өтпесте діннен безген отыздан аса адам сиятын тамаша фелюга тапты. Көздеген мақсаты күмән тудырмасы үшін және нанымды көрінуі үшін ол Оранға қарай жүргенде Алжирден отыз шақырымдай жердегі, кептірілген інжірмен ірі көлемде сауда жасалып жатқан Сарджелге фелюгамен сапар шегуге ниет қылып, ақыры сонда саяхат жасап та келді. Әлгінде өзім айтып өткен тагаринмен бірге кейін онда тағы бірнеше рет болып қайтты. Берберияда тагарин деп арагондық маврларды атайды, ал гранадалық маврларды — мудэхар дейді, Феццан корольдігінде мудэхарлар эльч деп аталады, феццандық корольдің әскері де негізінен осылардан тұрады. Айтайын дегенім, жолай діннен безген шағын қойнауға, Зораида өзімізді күтіп жатқан үйден арбалеттің оғы екі атылғанда да жетіңкіремейтін жерге міндетті түрде тоқтап, зәкір тастайтын. Әрине, оның бұл араға тоқтауында өзіндік мән бары белгілі ғой, кейде ол ескекші маврлармен бірге осы арада салаат оқитын, ал кейде тіпті, тәжірибе жинай берейін дегендей, ұзамай шындап іске асырмақ шаруасын қалжың түрінде орындап та жүретін, атап айтқанда: Зораиданың үйіне кіріп, жеміс-жидек сұрайтын, Зораиданың әкесі оны танымаса да, әйтеуір өтінішін аяқсыз қалдырмайтын. Кейін маған діннен безгеннің өзі айтқанындай, Зораидамен тілдеспекке, оны христиандарға алып бару жөнінде өзіне тапсырма бергенімді, ештеңеге қам жемеуіне, алаңдамауына болатынын хабарламаққа қанша талпынса да ештеңе өнбепті, өйткені әкесі немесе күйеуі әмір етпесе мавр қыз-келіншектері әдетте маврлармен де, түріктермен де жүз көріспейді, есесіне олар христиан тұтқындармен әңгімелесуден бой тартпайды, ондай жүздесулердің кейде тіпті шамадан тыс ұзаққа созылып кететіні де бар. Ол Зораидамен сөйлесе қалғандай болса, бұл маған онша ұнамас та еді: өз тағдыры діннен безгеннің қолында екенін көрген қыздың тынышы кетуі әбден мүмкін еді. Қайткен күнде де әйтеуір, діннен безгеннің бұл тәуір ниетінің орындалуын құдай қош көрмеген-ді, ал діннен безген болса, Сарджелге дейін және кері қарай еш кідіріссіз барып-келуге болатынына, қай жерге, қашан және қалай көңілі соқса солай зәкір тастауға ерікті екеніне, тагарин серігі айтқанын екі еткізбей тыңдайтынына, ал менің өтемақым төленіп те қойылғанына, олай болса енді тек христиандар арасынан ескекшілер іздеп табу ғана қалғанына көзі жеткен соң, маған өтемақысы төленгендерден тыс тағы кімдерді алуымызға болатынын ойластырып, олармен алдағы жұмаға келісіп қоюым керегін айтты, өйткені сол жұма күні аттанамыз деп бәтуаласқанбыз. Мен қаланы емін-еркін тастап шыға алатын әрі ескек есудің майталманы боп табылатын он екі испанды тауып, уағдаластым, осынша адамды іздеп табу маған да оңайға түскен жоқ, өйткені қарақшылардың жиырма кемесі барлық ескекшіні алып кәсіптерімен айналысуға аттанып та кеткен-ді, сондықтан егер қожайындары верфьте тұрған галиоттың құрылысын аяқтау үшін жаз айларын айлақта өткізуге ұйғарым жасамағанда бұлардың өзін таба алмаған болар ем. Осы он екі ескекшіге мен бар-жоғы тек алдағы жұма күні, кешкісін, құпия түрде және жеке-дара қаладан шығып, өзімді Хаджи Мурат үйі жанында күтіп алуы керегін ғана айттым. Бұл тәртібімді олардың әрқайсысына жеке-жеке құлағдар қылдым және жолай ұшырасқан басқа христиандарға өзімді сол арадан күт деп әмір етті, дегеннен басқа ештеңені тісінен шығармауды тапсырдым. Бұны бірыңғайлағаннан кейін, бұдан да зор құлшыныспен екінші шаруаға кірістім: Зораиданы не болып, не қойып жатқанынан хабардар етуім керек-ті, мұның бәрін алдын-ала білген ол дайын боп отыратын, христиандардан фелюга келеді деп мөлшерлеп қойған мерзімінен ертелеу, күтпеген жерден тап бергендей болсақ қорқынышқа бой алдырмайтын. Сөйтіп, жол жүрер қарсаңында оған барып, өзімен тілдесудің бір амалын табуға бекіндім. Оның үйіне тағамдық шөп жинайтын кісі секілді боп бардым және ол арадан алғаш жолықтырған адамым әкесі болды: ол менімен күллі Берберияда, сондай-ақ тіпті Константинопольде де, тұтқындар мен маврлар арасында қолданылатын тілде, — маврлардың да, кастильдіктердің де, басқа бір тайпаның да тілінде емес, барлық тілдің қойыртпағы боп табылатын, бірақ бәрімізге түсінікті тілде, — тілдің осы бір өзгеше түрінде бағында не істеп жүргенімді және кім екенімді сұрады. Мен оған арнаут Мамидің басыбайлысы екенімді (арнаут Мами ең жақын досы екенін жақсы білетінмін), салат жасауға қажет шөптерді іздестіріп жүргенімді айттым. Одан соң ол өтем төлейтіндер қатарына жататын-жатпайтынымды және өзім үшін қожайыным қанша сұрайтынын білгісі келді. Екеуіміз осылай әңгімелесіп тұрғанда, келгенімді әлдеқашан байқаған сүйкімді Зораида да үйден шыққан-ды. Мавр қыз-келіншектері, қайталап айтайын, христиандар алдында жүз көрсетуден ұялмайтындықтан және олармен тілдесуден жалтармайтындықтан, ол бізге қарай бет алуды өзіне сөкет көрген жоқ. Ол аз болғандай, бізге қарай жай басып жақындап келе жатқанын көзі шалған әкесі оны сол бойда-ақ қасына шақырып алды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий