Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бұл айқай бізді аса қолайсыз жағдайда қалдырды, не істерімізді білмей дағдардық. Алайда, бақташының айқайы жергілікті тұрғындарды аяғынан тік тұрғызып, не болғанын білуге жағалау күзететін салт атты жасақтың дем арада келіп жететінін ескеріп, діннен безгеннің үстіндегі түрік киімін тастап, тұтқындардың йелегін, яғни күртесін, кигені жөн деп таптық, сол жерде арамыздағы біреу өзі жалғыз көйлекпен ғана қалып, үстіндегі күртесін шешіп берді. Сөйтіп, құдайдың басқа салғанына көніп, жағалау күзеті қашан тап берер екен деп зәре-құтымыз қалмай, бақташы зытқан жаққа қарай бет алдық. Түйсігіміз алдамапты, өйткені арада екі сағат өтпей-ақ, ну жыныстан жазыққа енді-енді шыққанымызда құйғыта шауып өзімізге қарай салып ұрып келе жатқан елу шақты салт аттыны көрдік, соларды көрген соң жақындауын тосып тұрып қалдық. Алайда қасымызға келіп тоқтаған олар маврлар екен деп сүрен салып келгендері жалба-жұлба христиандар боп шыққанын көріп ыңғайсызданып қалды да, араларындағы біреуі бақташының аттанға шақыруының себепкері сіздер емессіздер ме деп сұрады.

“Иә, біздер”, деп жауап қаттым мен, сосын өз теперішімді, қайдан келе жатқанымызды, кімдер екенімізді айтқалы оқталғаным сол еді, серіктеріміздің бірі өзімізге тергеу жүргізіп жатқан салт аттыны танып қойды да, сөзімді бөліп, былай деп дауыстап жіберді:

“Бұл не деген зор бақыт, сеньорлар, мың алғыс саған, жаратқан! Қателеспесем, Велес Малага жерін басып тұрмыз ғой деймін және егер тұтқында өткізген жылдар қаперімнен айырмаса, онда сіз, сеньор, — сізді, кім екенімізді сұрап тұрған сеньорды айтам, — сіз нағашы ағам Педро де Бестумантенің тап өзі боласыз!”

Тұтқын христианның осыны айтып үлгеруі мұң екен, анау атынан секіріп түсті де, жігітті құшақтай алып, былай деп қуана дауыстап жіберді:

“Айналайын, аяулы жиенім, сені таныдым! Өзіңді бұ дүниеде жоқ деп ойлап, жоқтауымды айтып та қойып едім, өзім де, сенің анаң, менің апайым да, қазір көзі тірі барша туысқаның да сенен біржола айрылдық деп жүргенбіз, — шамасы, құдай олардың өмір жасын ұзақ қылып, өзіңмен қауыштырайын деген ғой. Алжирде екеніңді білетінбіз, сенің де, серіктеріңнің де ілген киімдеріңе қарап, тұтқыннан зордың күшімен құтылып шыққандарыңды сезіп тұрмын”.

“Ол рас, — деп мақұлдады жас жігіт, — кейін бәрін асықпай жата-жастана айтып береміз әлі”.

Тұтқын христиан екенімізді білген басқа сарбаздар да дереу аттарынан түсе-түсе қалып, осы арадан бір жарым мильдей жердегі Велес Малага қаласына жеткізіп салу үшін аттарын ұсынды. Араларындағы біреулері шлюпка қалдырып кеткенімізді біліп, оны қалаға алып бармақ болды, өңгелері бізді аттарына мінгізді, ал Зораиданы серігіміздің ағасы артына міңгестіріп алды. Салт аттының бірі тұтқыннан оралғанымыз жайында тұрғындарға хабарлау үшін әдейі алға озып кетті, сөйтіп бізді қарақұрым адам қарсы алды. Алайда қалалықтарды таңғалдырған бостандыққа сытылып шыққан тұтқын христиандар да, тұтқынға алынған маврлар да емес-ті, жағалауды мекендейтін тұрғындарға бұл таңсық болмайтын, оларды таң-тамаша қалдырған — Зораиданың сұлулығы еді: дәл осы минутта, дәл осы қас қағымда ол сөз жетпестей сүйкімді көрініп тұрған, бұған жол жүріп шамалы шаршағаны да, сондай-ақ христиандар арасына келгендігі және қауіп-қатердің бәрі артта қалғандығы жайлы ойдың қуанышы да әсерін тигізген-ді, сондықтан өңінің бал-бұл жанып, айрықша алабұртқаны соншалық, егер сол бір сәтте сүйіспеншілік сезімінен көзім қарауытып қалмаса, жер дүниеде одан асқан ғажайып сұлу жан иесі жоқ деп ойланбастан айтар едім, — қалай болған күнде де, әйтеуір, өзім ондай жанды көрген емеспін.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий