Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Өзімізді қолдап-қорғағаны үшін құдайға алғысымызды білдіру мақсатында ешқайда бұрылмастан бірден шіркеуге бардық, ғибадатханаға кірген Зораида мұнда Лела Мәриамды еске салатын пішіндер бар екенін айтты. Зораидаға бұл шынымен-ақ соның бейнесі екенін айттық, ал діннен безген оған бұлардың нені білдіретінін және оның не себепті бұлардың қай-қайсысын да өзімен тілдескен Лела Мәриамның шынайы пішіні ретінде құрметтеуі керегін түсіндіріп беруге тырысты. Сұңғыла да зерек, ақылды қыз болғандықтан аталмыш бейнелер жайында өзіне айтылғанның бәрін Зораида тез ұғып алды. Одан соң біздерді үйді-үйге бөліп әкетті, ал діннен безгенді, Зораиданы және мені бақытсыздықта бастас болған бұрынғы серігіміз ата-анасының үйіне ертіп барды, бұлар айтарлықтай дәулетті адамдар екен, өз баласымен бірдей құрметтеп, құшақ жая қарсы алды.

Велесте біз алты күн болдық, одан соң қажетті мәліметтерге қаныққан діннен безген Гранада қаласына кетті, сонда барып қасиетті инквизицияның көмегімен қасиетті шіркеудің аясына қайта оралмақшы еді, ал еркіндік алған басқа христиандар өз жөндеріне аттанды. Мұнда тек Зораида екеуіміз ғана қалғанбыз, әлгі француз жанашырлық көрсетіп қолына ұстатқан ақшаға есек сатып алдым, осы жерге ол сол есекке мініп келді, ал өзім болсам осы күнге шейін оған жұбай емес, әке әрі малай болып жүрмін. Сөйтіп енді әкем тірі ме екен, інілерімнің ішінде өзіме қарағанда жолы болғандары бар ма екен, соны білгелі бара жатырмыз; дей тұрғанмен, өзіме Зораида сынды өмірлік серікті тарту еткен құдіретті күш маған үлкен қуаныш әзірлеп отыр деп ойламаймын. Зораиданың жоқшылық тудыратын түрлі ауыртпалықтарды қыңқ етпей көтеретін шыдамдылығы, сондай-ақ христиан болуға деген айрықша құштарлығы мені қатты сүйсіндіреді және ақырғы демім біткенше оның құлы боп өтуге құлшындырады. Әйтсе де, енді екеуіміздің өмір-бақи бірге болатынымыз жайындағы қуанышымның күңгірт тартып сала беретін де жайы бар, өйткені туған жерімде екеуіміз барып орын тебетіндей баспана табыла ма, жоқ па — бұл жағы маған беймәлім, — кім біледі, мейірімсіз уақыт пен мезгілсіз ажал әкем мен інілерімнің тірліктеріне және онымен қосып өмірлеріне де орасан өзгеріс енгізіп, ол жердегілердің мені мүлдем танымай қалуы да мүмкін ғой.

Міне, сеньорлар, өмір тарихым осындай, — ал, бұл қаншалықты қызықты және қаншалықты ерекше, оны көзі ашық, көңілі ояу адам ретінде өздеріңіз бағамдай жатарсыздар. Өз тарапымнан айтарым: барынша ықшам баяндауға тырыстым, сіздерді жалықтырып жібермеуді ойлап онсыз да кей нәрсенің егжей-тегжейіне тоқталғам жоқ.

ХLІІ тарау

Мұнда бекетте тағы қандай оқиға болғаны жайында және басқа да көптеген көңіл аударуға тұрарлық нәрселер жөнінде баяндалады

Тұтқын осыны айтып үнсіз қалған, сол кезде оған дон Фернандо былай деп тіл қатты:

— Бастан кешкен шытырман оқиғаларыңызды баяндау мәнеріңіз, сеньор капитан, сол оқиғалардың тың тұрпаты мен айрықша сипатынан бірде кем емес екен. Мұнда таңырқарлық жай жетерлік, өзіндік ерекшеліктер де мол, күтпеген нәрселер де көп кездеседі, сондықтан тыңдарманды қызықтырады, таңдандырады. Әңгімеңіздің бізді рақатқа батырғаны сонша, таң ағарып атқанның өзінде де оны тағы бір мәрте тыңдаудан бас тартпаған болар ек.

Сол арада дон Фернандо да, басқалар да оған ақ пейілмен, алып-ұшып қолдарынан келетін көмектерін ұсынып шуласып кетті, олардың бұл жанашырлығы капитанның көңілін босатты. Дон Фернандо, өз тарапынан, егер өзімен бірге баруға келіссе, маркиз ағасының Зораиданың кіндік әкесі атануына қол жеткізетінін, ал маркиз, өз тарапынан, капитанның туған жеріне өз дәрежесіне лайық абыроймен және қаражатпен оралуы үшін не қажеттің бәрімен қамтамасыз ететінін жария қылды. Тұтқын мейлінше ізеттілікпен ырзашылық білдірді, бірақ жанашыр ұсыныстардан бас тартты.

Ал, бұл кезде түн кемеліне келген-ді, міне осы тас қараңғы түнекте бекеттің ауласына бірнеше салт атты нөкері бар күйме келіп кірді. Олар қонып шыққылары келетінін айтты, бірақ бекетшінің жұбайы бекетте ешқандай бос орын жоғын мәлім етті.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий