Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Сеньор аудитор! Жасыңызды сүртіңіз, — деді ол бәсең дауыспен. — Қиялыңызда ғана жолығатын зор қуанышқа тап болдыңыз — өйткені қарсы алдыңызда абзал ағаңыз бен абзал жеңгеңіз тұр. Мынау — капитан Вьедма, ал мынау — оған сонша жақсылық жасаған сүйкімді мавр қызы. Әлгінде өзім айтып өткен француздар бұларды қайыршылыққа ұшыратты, енді сіз оларға мейірбан жүрегіңіздің жомарттығын көрсетуге тиіссіз.

Капитан інісіне құшақ жая ұмтылды, ал анау анықтап қарап алғысы келіп, оның иығына қолын қойды; сөйтіп, алдында тұрған адамның кім екеніне ақи-тақи көз жеткізген кезде оны шап беріп құшақтай алып, көкірегін кернеген зор қуаныштан еңкілдеп жылап жіберді, бұл екеуіне қарап, сол жерде тұрғанның да біразы көзіне жас алды. Ағалы-інілі екеудің айтқан сөзін, сондай-ақ олардың шынайы жан тебіренісін суреттеп бермек түгіл, көз алдына елестетудің өзі де қиын-ау деп ойлаймын. Міне, олар бір-біріне өздері жайында қысқаша түрде баяндап та берді; міне, ағайынды екеуі достық сезімдерінің бір мысқал өзгермегеніне көздерін жеткізіп те үлгерді; міне, аудитор Зораиданы құшақтап та жатыр; міне, ол жеңгесіне өз иелігін жеке меншігіндей пайдалануына болатынын айтып та үлгерді; міне, ол қызына Зораиданы құшақтауға әмір етті; міне, сүйкімді христиан қызы мен аса сүйкімді мавр қызына қарап тұрғандардың бәрі тағы көздерін сулап алды. Міне, осынау адам айтса нанғысыз оқиғалардың бәрін үн-түнсіз және ықтиятты бақылап тұрған Дон Кихот мұның бәріне кезбе рыцарьлыққа қатысты қияли аңыз-әңгімелер тұрғысында түсініктеме беріп те үлгерді. Міне, олар — Зораида, капитан және інісі үшеуі Севильяға бірге аттанатын болып шешім қабылдап та қойды; сол жерден олар ұлының табылғаны, тұтқыннан қашып шыққаны жайында әкелеріне хабар беріп, жүруге шамасы келсе Севильяға жетуін сұрамақ-ты — аудиторға жолдан қалуға болмайтындықтан, әкесі соның орнында Зораиданы шоқындыруға және үйлену тойына қатысуға тиісті еді, өйткені аудитор бір айдан соң Севильядан Жаңа Испанияға флотилия аттанатыны жайында хабар алыпты, оған қайтсе де осы мүмкіндікті пайдаланып қалу қажет көрінеді. Қысқасы, тұтқынның бастан кешкен хикметтері осылайша ойдағыдай аяқталғанына бәрі де шын жүректен қуанып, ырза болған-ды, ал бұл кезде түннің үштен екі бөлегі өтіп те кеткендіктен енді анау-мынауға алаңдай бермей, көз іліндіріп алмақ болысты. Әлденендей бір дәу шабуыл жасап жүрмесі үшін және әлдебір арам ойлы азғын сұлулықтың қамал-сарайда сақтаулы баға жетпес қазыналарына қол сұқпасы үшін Дон Кихот қамал-сарайды күзетуге тілек білдірді. Дон Кихотты білетіндердің бәрі оған алғыс жаудырып, оның ауыштығы жайында аудиторға айтып берді, сөйтіп оны күлкіге қарық қылды. Тек Санчо Панса ғана осынау қадірлі жиынның қауқылы тез арада басыла қоймағанына қатты ренжулі болатын, тек жалғыз сол ғана есегінің ер-тоқымын төсеніш етіп, жайлы орын тауып жайғасқан еді, бірақ бұл рақатының соңы машақатқа айналатын-ды, алайда ол жайындағы әңгіме алда. Сөйтіп, ханымдар бөлмелеріне кетті де, еркектер өздеріне мүмкін болғанынша жайлырақ орын табу жағын қарастыра бастады, ал Дон Кихот атына қонып, берген уәдесіне сай, қамал-сарайдың әр жақ, бер жағын шолу үшін қақпа сыртына шықты.

Алайда, таң алдында сондай ұнамды, сондай сүйкімді алабөтен бір әуез ханымдар құлағына шалынып, бәрі де еріксіз тың тыңдап қалды, әсіресе донья Клара де Вьедманың (аудитордың қызын осылай атайтын) жанында ояу жатқан Доротея қатты елегізді. Әнді осыншама керемет әрі қандай да болсын аспаптың қоштауынсыз шырқатқан бұл кім екенін ешқайсысы білмеді. Ән біресе ауладан, біресе ат қорадан шырқалғандай көрінді, олар оны осылай аң-таң халде беріле тыңдап жатқан кезде есікке Карденьо таяп келіп:

— Ұйқтап жатпасаңдар, құлақ салыңдар: қашыр айдаушы ән айтып жатыр, дауысы шынымен ғажап-ақ, — деді.

— Тыңдап жатырмыз, сеньор, — деді Доротея үн қатып.

Карденьо соны айтты да, жөніне кетті, ал Доротея бар ықыласын сала тыңдап, әлгі әннің сөзін жадында сақтап қалды:

ХLІІІ тарау

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий