Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Сотты көрген тұтқынның жүрегі дүрсілдеп қоя берген-ді, өйткені бір көмескі түйсік мұның өз інісі екенін сездірген, осы себепті ол аудитор нөкеріндегі бір малайдан оның кім екенін, қайда туып-өскенін сұрады. Малай оның лиценциат Хуан Перес де Вьедма екенін, жобалауынша, Леон тауында туып-өскенін айтты. Көзімен көріп тұрғанына қосымша болған бұл хабар мұның әкесі берген кеңес бойынша ғылым жолына түскен туған інісі екеніне тұтқынның көзін әбден жеткізді; сөйтіп, бойын қуаныш кернеген тұтқын дон Фернандоны, Карденьо мен священникті былай шығарып алып, оларға осы жаңалықты хабарлап, мына аудитор өз інісі екеніне сендірді. Малай оған, сондай-ақ, қожайыны Америкаға жүргелі тұрғанын, мексикандық сот палатасына қызметке тағайындалғанын да хабарлаған; оған қоса, тұтқын әлгі бойжеткеннің соттың қызы екенін, зайыбы босану үстінде қайтыс болғанын, бұған қызын және жасауына келген қыруар дүние-мүлкін қалдырып кеткенін де біліп алған-ды. Тұтқын өзінің кім екенін осы қазір қолма-қол жария еткені жөн бе әлде інісі мұның мына жоқ-жұтаң түрін көріп тартыншақтар ма екен немесе не құшақ жайып қарсы алар ма екен, соны астыртын түрде біліп алғаны жөн бе, не істеуі керегін сұрады.

— Бұл сынақты маған тапсырыңыз, — деді священник, — оның үстіне, ол сізге, сеньор капитан, салқын қабақ болар деген ойдан мүлдем аулақпын: ініңіздің түр-әлпетінен адамгершілік пен ақылдылық иісі аңқып тұрғаны сондай, оны асып-тасыған, қара жүрекке айналған, тағдырдың теперішімен санаспайтын біреуге балаудың еш қисыны жоқ.

— Сөйте тұрғанымен, — деп құлаққағыс етті капитан, — өзімнің кім екенімді аяқ астынан емес, ақырындап білдіргенім жөн болар еді.

— Қайталап айтайын, бәріміз де ырза болатындай түрде үйлестірерім анық, — деп мәлім етті священник.

Сол екі арада кешкі ас та келтірілді, тұтқын мен өз бөлмелерінде оңаша тамақтанып жатқан ханымдардан басқаларының бәрі дастарқан басына жайғасты. Ас үстінде священник былай деді:

— Константинопольде бірнеше жыл тұтқында болған кезімде тап өзіңіздің әулет есіміңіздей әулет есімі бар бір танысым болып еді, сеньор аудитор. Бұл танысымды жұрт күллі испан жаяу әскеріндегі ең жүректі жауынгер және әскер басы ретінде құрмет тұтатын, бірақ ол қаншалықты даңқты да батыл болғанымен, соншалықты бақытсыз да еді.

— Ол әскер басының есімі кім еді, мархабатты мырза? — деп сұрады сот.

— Оның есімі Руй Перес де Вьедма болатын және ол өзі Леон тауында туып-өскен жігіт еді, — деп жауап қатты священник. — Ол маған әкесі мен інілері жөнінде не түрлі қызық әңгіме айтып берген, егер ол ерекше шыншыл адам болмай, басқа біреу болса, онда мұны кемпірлердің қыстыгүні жылы пештің түбінде отырып көйітетін ертегіге бергісіз көп әңгімесінің бірі деп ойлаған да болар ем. Ол маған әкесінің өз иелігін үш баласына теңдей бөлгенін және оларға Катонның өзі қызығарлық ақылды кеңес бергенін айтты. Мына ғажапты қарасаңызшы, соғысқа баруға құштарлық білдірген ұлының жақсы қырынан көрінгені сонша, жүрек жұтқан батырлығы үшін ұзамай оған инфантерия капитаны деген шен берілген, бұл лауазымға ол тек өз қадір-қасиеті арқасында ғана ие болған, енді оған ертең-арғы күні полковник шені берілмекші екен. Бірақ, Фортунаның осындай айрықша ілтипатына ие болам деп жүрген шағында, ол теріс қарап кетіпті де, оның ілтипатымен қоса бұл бас бостандығынан да айрылыпты, ал сол күні, яғни Лепанто маңайында айқас болған күні, көп адам, керісінше, еркіндік алған еді ғой. Мен бас еркімнен Голетада айрылғам, сөйтіп талай шытырман оқиғаны артқа салып екеуіміз Константинопольде кездестік те, достасып кеттік. Сол жерден ол Алжирге тап болды, естуімше, сонда жүргенде дүниеде болып жататын не түрлі хикметтің ішіндегі адам айтса нанғысыз біреуін бастан өткеріпті.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий