Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ән осымен аяқталды, ал Клара еңіреп жылай бастады, мұнысы Доротеяның әуестігін туғызды, ол осынау әдемі ән мен аянышты көз жасының нені білдіретінін білуге құмартқан-ды; осы себепті ол Кларадан не айтқысы келгенін қайталап сұрады. Лусинда естіп қоймасын деп қорыққан Клара Доротеяға жабыса түсті де, құлағына аузын тақап, құпиясының берік сақталатынына көзін әбден жеткізгендей болған соң ғана, былай деп сыбырлады:

— Жаңағы ән айтқан, мейірбан ханым, астанада, әкемнің үйінің тура қарсы бетінде тұратын, екі қожалығы бар, арагондық бір кавальероның туған баласы. Әкем үйінің терезелері қыста жапқышпен, жазда тор көз ағаш жармамен жабулы тұратын болса да, астанада оқитын бұл кавальеро әлде шіркеуден бе екен, әлде басқа бір жерден бе, әйтеуір мені көріп қалыпты. Қысқасын айтқанда, ол маған ғашық боп қалды, сөйтіп терезесінен түрлі ишарат-белгі беріп және еңірей жылап өзімді шынымен сүйетіндігін түсіндіре бастады, сөйтіп ақыры бұған сенбейтін амалым болмай, мен де оған ғашық боп қалдым, ал оған не үшін ғашық екенімді ол кезде өзім де білмейтінмін. Маған жасаған ишараттарының бірінде — екі қолын қусырған еді, осы арқылы маған үйленетінін ұғындырған. Оның маған үйленгені жақсы болар еді, бірақ мен жалғызбын, шешем жоқ, кіммен ақылдасарымды білмеймін, сондықтан оның көңілін жай таптыру үшін ойлап тапқан жалғыз ғана амалым — жүзім оған жақсырақ көрінсін деп үлкен кісілер үйде жоқ кезде терезе жапқышын немесе жармасын ашыңқырап қоятынмын, ал анау бұған есі кете қуанып, шат-шадыман болатын. Сөйтіп жүргенде, әкем екеуіміздің сапарға шығар уақытымыз да таянған, бұл жайында кавальеро біліп қойыпты, бірақ оны менен білген жоқ-ты, өйткені, мұны оған ештебір хабарлай алмайтынмын. Ол ауырып қалды, — сірә, қайғыдан болар, — аттанатын күні оған тіпті көз қиығын тастап қоштаса да алмадым, бірақ арада екі күн өтті, күймеміз осы арадан бір күндік жердегі селомен келе жатқан, бір мезгілде қарасам, анау бекет қақпасының алдында тұр: қатырып тұрып қашыр айдаушы боп киініп алған, егер бейнесі жүрегімде жатталып қалмаса, оны ешқашан танымаған да болар ем. Оны танып, аң-таң боп аузымды ашып қалдым әрі қатты қуандым. Ол маған әкем байқап қоймайтындай ғып ұрлана көз тастады, қазір жолда немесе бекеттерде кездесе қалсақ әкемнің көзіне түсуден дәйім қашқақтап жүреді. Міне, енді оның кім екенін жақсы білгендігімнен және өзімді сүйетіндігіне бола жаяу-жалпы сапар шегіп, не түрлі жайсыздықты бастан өткеріп келе жатқанын түсінгендігімнен оған сондай жаным ашиды және қайда барсам да оны көз таса қылғым келмейді. Қандай мақсат көздеп келе жатқанын да, әкесінен қалай қашып шыққанын да білмеймін, әкесі оны жанындай жақсы көретін, өйткені бұл жалғыз ұлы ғой және өзі жақсы көруге тұратын да бала, бұған оны көрген бойда-ақ көзіңіз жетері анық. Тағы бір айтайын дегенім: әлгі әндердің бәрін ол өзі шығарған, — оның оқуда да, өлең шығаруда да елеулі жетістіктері барын естігем. Тағы да айтсам: оны көргенде және ән салғанын естігенде бойымды үрей мен толқу билеп қалтырап кетем, — әкем оны танып қоя ма, бір-бірімізге ынтық боп жүргенімізді біліп қоя ма деп зәрем ұшады. Міне, дауысы өзіңізге сондай ұнаған әнші жайында хабар етейін дегенім осы еді, мейірбан ханым, оның, өзіңіз айтқандай, қашыр айдаушы емес екенін тек осы өнері арқылы ғана аңғаруға болатын еді ғой, ол, әлгінде өзім айтқандай, қожалықтар мен жүректер иесі.

— Енді маған ештеңе де айтпай-ақ қойыңыз, донья Клара, — деді бұған жауап ретінде Доротея, оны бетінен қайта-қайта сүйіп. — Не деп тұрмын сізге, енді маған басқа ештеңе де айтпаңыз және таң атқанша күте тұрыңыз: бейкүнә түрде басталған бұл шаруаларыңыз, құдай сәтін салса, соған лайық қуанышты түрде аяқталады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий