Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Сіз өзі, жарқыным, қолымды сипалаудың орнына, керісінше, қырғышпен қырып жатқандайсыз ба, қалай. Қолыма соншалықты мейірімсіз болмасаңыз етті, өйткені жүрегімнің өзіңізге көрсеткен қатыгездігінде оның еш айып-кінәсі жоқ қой: барлық ашуыңызды дене мүшесінің осынау шағындау ғана бір бөлегінен алуыңыз қатыбастық боп табылады ғой. Есіңізде болсын, шын жүректен сүйген адам мұншалықты рақымсыздықпен кек қайтармауға тиіс.

Бірақ Дон Кихотты тыңдап жатқан ешкім жоқ-ты, өйткені оны байлап тастаған бойда-ақ Мариторнес пен бекетшінің қызы күлкіден жарыла жаздап зыта жөнелген, ал Дон Кихот болса, тыпыр ете алмай тұрып қалған.

Бұрын айтылғанындай, ол Росинанттың үстінде отырған-ды, қолы болса ойыққа сұғулы және қақпаның ысырмасына байлаулы еді, осы себепті Росинант орнынан қозғалып кетсе қандай күйге ұшыраймын деген ойдан зәре-құты қалмай, қатты мазасызданып, қыбыр етуге мұғдары болмай тұрған, алайда Росинант секілді жуас та көнпіс жануардың бір орнында айлап-жылдап тырп етпей тұра беретінінде күмән жоқ-ты. Байлаулы тұрғанына, ал ханымдардың кетіп қалғанына ақыры кәміл көз жеткізген Дон Кихот өзін жадылауға ұшырағандай сезінді, — себебі, өткен жолы да тап осы қамал-сарайда малшы кейпіндегі дуаланған мавр оны оңдырмай сабап тастаған; сондықтан ашықауыздығы мен аңғырттығы үшін өзін-өзі ойша күстаналай бастады: ана жолы келгенінде басын әзер дегенде аман алып қалған оның бұл қамал-сарайға екінші мәрте аяқ басуға тәуекел еткенін көрмеймісің, өйткені, әлденендей бір шытырман оқиға кезбе рыцарь үшін сәтсіз аяқталар болса, онда бұл аталмыш оқиғаның өзіне емес, басқа біреуге арналғанын аңғартатыны, сондықтан ондай оқиғаны ол жерден қайта іздеудің мәнсіз де мағынасыз іс болатыны тәжірибеден белгілі еді ғой. Сөйте тұрғанымен, босатып алмаққа тырысып қолын жұлқылаумен болды, бірақ оны мықтап байлап тастағандықтан, бұл әрекетінен түк шықпады. Шынын айтқанда, Росинант орнынан қозғалып кете ме деп қолын абайлап жұлқыған еді; бірақ, ерге түзеліп отыруға аңсары қанша ауғанымен, қолын жұлып кету қатерінен қорқып, осы жағдайына амалсыз төзуіне тура келді.

Одан соң не шұрайлы сөз ағытылды дейсің келіп: өзінде Амадистің жадылаудың қандай түрін де қауқарсыз ете қоятын семсерінің жоқтығына өкініш білдіру басталды; тағдыр-талайына қарғыс айту басталды; өзі жадылау құрығынан босанғанға дейінгі аралықта, — ал жадыланғанына зәредей күдігі жоқ-ты, — күллі әлемнің шегетін зардабы жайындағы асыра сілтеушілігі басым әңгімелер айтылды; одан соң тағы да аса қадірменді Дульсинея Тобосская жайындағы естеліктер кетті; одан соң мейірбан атқосшысы Санчо Панса көмекке шақырылды, ал бұл кезде ол есегінің ерін жастанып ес-түс жоқ ұйқы соғып жатқан, тіпті туған шешесінің есімі кім екенін де ұмытып кеткен; одан соң сиқыршылар Лиргандей мен Алькифадан жәрдем сұрау басталды; одан соң аса құрмет тұтатын ханымы Ургандаға өзіне ара түсу жайында жалбарыну басталды, сөйтіп ақыры таң ағарып атқан шақта күдері үзіліп, үміті кесіліп, мысы құрыған ол аңырап жылауға көшкен болатын, өйткені жадылануы себепті мәңгілікке созылатындай көрінген азабынан жаңа туған күннің құлантаза арылтатынына ешқандай сенімі қалмаған. Росинанттың орнында тыпыр етпей тұрғанын көріп, осы ойына орныға түскен-ді; аспан шамшырақтарының жағымсыз ықпалы аяқталғанша немесе әлдебір данагөй көзбайлаушы жадылау күшін жойғанша өзі де, аты да осылайша ештеңе ішпей, ештеңе жемей, кірпік ілмей тұра беретіндей көрінген.

Бірақ оның есеп-қисабы онша дәл болмай шықты, өйткені таң қылаң берген бойда-ақ бекетке төрт салт атты келіп ат басын тіреді, бәрі де керемет жақсы киініп, жарақтанған, ерлерінің қасына мушкет байлап алған. Бекеттің қақпасы бұл кезде әлі жабық еді, сондықтан олар қақпаны бар күшпен тарсылдатып қаға бастады; соны көрген Дон Кихот, қандай кепке ұшырағаныма қарамастан қарауыл болу міндетім деп тауып, былай деп қызбалана айқайлап жіберді:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий