Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Осы айтылған сөздерді естуі-ақ мұң екен, әкесі көз ілеспес шапшаңдықпен атып тұрып теңізге күмп беріп қойып кетті, егер шұбатылған ұзын әрі қолпылдаған кең киім-кешегі шамалы уақыт су бетінде ұстап тұрмағанда, батып кететіні де сөзсіз еді. Зораида зар илеп, құтқаруымызды сұрап жалына бастады, сол бойда біз де көмекке ұмтылып, альмалафасынан тартып, ес-түстен айрылып есеңгіреп қалған қартты фелюгаға шығарып алдық. Қайғыға батқан Зораида бейне бір ажал тапқан адамға жоқтау айтқандай күңіреніп жылауға кірісті. Біз қартты етпетінен жатқыздық, сол бойда аузынан су ақтарыла бастады, сөйтіп екі сағаттан соң шал өзіне-өзі келді, ал бұл екі арада жел бағытын өзгертіп, бізді жағалауға қарай тықсыра бастаған, сондықтан фелюгамызды құрғаққа шығарып тастамасы үшін ескекке күш салуымызға тура келді. Алайда, сәті оңынан келген кездейсоқтық сеп болып, жел бізді кішкене бір мүйістің әлде құмқайырдың айналмасындағы қойнауға айдап келді; бұны маврлар Кава Румия деп атайтын, бұл біздің тілімізде сайқал-христиан дегенді білдіреді, өйткені олардың аңыздарына қарағанда, бұл арада Испанияның күйреуіне қырсығы тиген Кава жерленіпті, кава деген сөз олардың тілінде сайқал дегенді, ал румия — христиан әйел дегенді білдіреді, сондықтан мұқтаждық оларды осы қойнауға келіп зәкір тастауға мәжбүр еткен кезде, олар мұны жаман ырымға жориды, аса бір қажеттілік болмаса бұл жерде зәкір тастап тоқтап тұрмайды; ал біз үшін бұл сайқал ойнақ салатын жер емес, әрі тыныш, әрі жанға сая таптыратын орындай көрінді, өйткені теңіз әлі толқып жатқан. Біз жағалауға шолғыншы жібердік, бірақ өзіміз ескегімізді қас қағым сәтке қолдан шығармадық; діннен безген бізге өз қорынан тамақ берді, тамақ ішкен соң көктегі құдірет пен аспан патшайымынан көмек көрсетіп, көз қырын салуын, осынау оңды басталған істің ойдағыдай аяқталуына жәрдемдесуін сұрап бар ықылас-пейілімізбен жалбарына бастадық. Зораида әкесі мен бұғаудағы барлық маврды жағаға түсіріп кетуімізді өтініп қайтадан жалына бастады, аяқ-қолы байлаулы әкесі мен тұтқынға алынған отандастарына қарауға беті болмай отырғанын, қараса жүрегі қан жылайтынын айтты. Оларды нақ жүзіп кетер алдында босатуға уәде бердік, өйткені бұларды мынадай елсіз далада жағаға түсіріп кету біз үшін онша қауіпті емес еді. Дұғамыз текке кетпепті, құдіреттің құлағына барыпты: бақытымызға орай жел бәсең тартып, саяхатымызды қорықпай-үрікпей жалғастыра беруге шақырғандай, теңіз де қайта тыншу тапты. Осыған байланысты біз маврлардың бұғауын шешіп, таң-тамаша болған оларды бірінен соң бірін жағаға түсірдік. Зораиданың әкесі бұл кезде есін жиып, еңсесін тіктеп алған еді, жағаға түсіре бастаған кезімізде ол бізге қарап былай деді:

“Мені босатқандарыңа мына қаншықтың неге мәз боп тұрғанын білесіңдер ме, христиандар? Маған деген аяушылықтан деп ойлайсыңдар ма? Әрине, олай емес, — мұнда қараңдап жүргенім зәндемі ойын іске асыруға бөгет болып тұр ғой, бар болғаны сол. Өз дінін тастаған себебі де діндеріңнің артықшылығына иланғандықтан емес — бар болғаны зинақорлықпен бізден гөрі сендерде еркінірек айналысуға болатынын біліп алған”.

Содан соң Зораидаға қарап, — бұл кезде тағы бір христиан екеуіміз оны тосын әрекетке барып жүрмесін деп екі қолынан мықтап ұстап тұрғанбыз, — былай деп айқайлады:

“Әй, жүгенсіз кеткен қызым-ай, жетесіз балам-ай! Мына арсыз төбеттердің, ежелгі жауларымыздың қолына не үшін берілдің! Өзіңді жарық дүниеге әкелген күнімді қарғыс атсын, өзің көріп өскен бар қуаныш-қызықты қарғыс атсын!”

Оның аузына әзір тыным болмайтынын көрген соң мен оны жағаға түсіріп жібердім, бірақ ол сол жерден де бар дауыспен қарғанып-сіленіп, бізді қырып-жоюға, құртуға, өлім таптыруға Алланы көндіруді Мұхаммедтен сұрап жатты. Желкен көтеріп қайта жүзе бастаған кезімізде оның дауысы естілмей кетті, бірақ есесіне не істеп жатқанын көрдік: ол сақалына жармасып, шашын жұлып, жерде аунап жатты, алайда шамалыдан соң бар дауысымен бақырып былай дегенін естідік:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий