Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Қайтадан атқа отырып, шытырман оқиға іздеу сапарына аттанатын сәттің тезірек тууын күтіп тықыршып біткен Дон Кихот барынша асығыстықпен және мейлінше жылдам атқарылған осынау бұрынды-соңды болып көрмеген оғаш рәсімдердің бәрі аяқталып біткен бойда Росинантты ерттеп мініп алды да, бекетшіні құшақтап тұрып, рыцарьлар қатарына алғаны үшін, — біз бұл жерде жеткізіп беруге шамамыз келмейтін, — шұбалаңқы да шым-шытырық сөздермен алғысын айтты. Бұдан құтылғанына қуанған бекетші одан асып түспесе кем түспейтін қызыл сөзбен, бірақ әлдеқайда қысқаша түрде жауап қатып, қоналқа үшін ешқандай ақы алмай, алдыңнан жарылқасын деп аттандырып жіберді.

ІҮ тарау

Бекеттен былай шыққан кезде рыцарымыздың қандай кепке тап болғаны жайында

Рыцарьлыққа қабылданғанына деген мәз-шат сезімнен көңілі өрекпіп, кеудесін мақтаныш кернеп, қуаныштан ер үстінде қопаң-қопаң етіп отыра алмай асып-тасқан Дон Кихот бекеттен шыққанда таң да қызарып атып келе жатқан болатын. Сөйтіп келе жатқанында бекетшінің айтқан ақыл-кеңесі ойына орала кетіп, ең қажет деген нәрселерді дайындап алу үшін, ең бастысы — ақша мен көйлек үшін үйіне қайтып оралуды ұйғарды; ал өзіне атқосшылыққа өз ауылдасын, баласы көп, кедей болғанымен осындай шаруаларға мейлінше ептейлі бір диқанды сырттай еншілеп қойған-ды. Осы мақсатпен Росинанттың басын туған селосына қарай бағыттады, ал Росинанттың үйреншікті атқора иісін алыстан сезгендей шоқырақтап бергені сонша, тұяғы жерге тимей келе жатқандай әсер қалдырды.

Дон Кихоттың шамалы ғана ілгерілегені сол еді, кенет оң жақтан, қалың ағаш арасынан әлдекімнің ыңырсығандай аянышты үні құлаққа шалынды, соны естіген бойда ол тұра қалып айқайлап жіберді:

— Рыцарьлық парызымды орындауға, сөйтіп ақ ниетті арман-ойымның жемісін жинауға осыншама жедел мүмкіндік берген мәрттігі үшін жаратқан иеме мың да бір алғыс! Бұл ыңырсып жатқан жанның кім де болса қорғансыз еркек немесе қорғансыз әйел екенінде еш күмән жоқ!

Осы сөзді айтып, тізгінді қағып қалған ол жаңағы ыңырсыған үн шыққан жаққа қарай өңмеңдеді. Орман ішімен бірнеше адым жүргеннен кейін емен бұтағына байлаулы тұрған биені көрді, жанындағы басқа бір еменге белуарына дейін жалаңаш, он бестердегі бір бала таңулы тұр екен, ыңырсып жатқан да осы балақан боп шықты; ыңырсыса ыңырситын да жөні бар екен, өйткені әлде бір зор денелі село тұрғыны оны белбеумен аяусыз шықпырта соғып, соққан сайын жазғырып әрі ақыл айтып жатыр екен.

— Ендігәрі сақ бол, сосын аузыңа ие бол, — деп қояды ара-арасында.

Ал, балақан:

— Енді сақ боламын, қожайын, Христос-құдаймен ант етейін, енді сақ болам, отардан көз жазбауға уәде етем! — деп зар илейді.

Бұл арада не болып жатқанын көрген Дон Кихот зілді үнмен зірк етті:

— Көргенсіз рыцарь! Өзін-өзі қорғауға шамасы жоқ жанға шабуыл жасауға дәтіңіз қалай барады сіздің! Отырыңыз атыңызға, алыңыз найзаңызды, — айта кетер нәрсе, әлгі шаруаның да найзасы бар-тын, онысын бие байланған еменге сүйеп қойған-ды, — бұл ісіңіздің қандай пасықтық екенін көрсетейін сізге!

Сауыт-сайман киген әлдебір адамның тас төбесінен төніп, тұмсығының қақ алдынан найзасын бұлғаң-бұлғаң еткізіп тұрғанын енді ғана байқаған шаруа өлген жерім осы екен деп қалды.

— Сеньор кавальеро! — деп тіл қатты ол жылпылдап. — Мен осы арада бір отар қойымды бағатын баланы, өзімнің малайымды жазалап жатырмын; бұл ашықауыздың қырсығынан күн сайын бір қойымды жоғалтып жүрмін. Оны міндетіне немқұрайды қарағаны үшін, дәлірек айтқанда жылпостығы үшін жазалап жатырмын, ал бұл болса маған сараң адамсың, сондықтан еңбегімді бермеу үшін пәле жауып тұрсың дейді, бірақ құдай атымен және жанның жаһаннамнан амандығы атымен ант етейін, ол өтірік айтады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий