Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Дөрекі найсап, көзімді бақырайтып қойып ол өтірік айтады деуге дәтіңіз қалай барады? — деп айқайлады рыцарь. — Баршамызға бірдей нұрын төгіп тұрған күннің атымен ант етейін, қазір сізді мына найзамен бырқ еткізіп бір-ақ түйреймін. Былшыл сөзді қойып, оған ақысын төлеңіз, әйтпеген жағдайда, осы сөзіме жаратқан ием өзі куә болсын, быт-шытыңызды шығарып, тұрған жеріңізде мүрдем кетірем. Қане, босатыңыз оны байлаудан! Жылдам!..

Шаруа бүгежектеген күйі үн-түнсіз малайын бұғаудан босатты; сол арада Дон Кихот баладан қожайыны оған қанша қарыз екенін сұрады. Айына жеті реалдан есептегенде, барлығы тоғыз айға қарыз, деп жауап қатты бала. Дон Кихот бәрін қосқанда мұның алпыс үш реал болатынын есептеп шығарды да, шаруаға егер жан керек болса, ақшасын қолма-қол төле, дегенді айтты.

Үрейі ұшқан село тұрғыны бұған былай деп жауап қатты: мен өзім ант бердім ғой, — оның қашан ант бергенін ешкім естіген жоқ-ты, — енді қазір бар ақ-адал шынымды ақтарып отырмын, оның алашағы азғантай ғана, өйткені, бақташының киіп тоздырған үш пар аяқ киімінің құнын ескеру керек және оны есептен шығарып тастау керек, оған қоса ол сырқаттанған кезде екі рет қан алуға төленген бір реал тағы бар, деді.

— Солай-ақ болсын, — деп Дон Кихот қарсылық білдірді, — бірақ сіз оны жазықсыздан жазықсыз белбеумен сабадыңыз ғой — бұл аяқ киім мен қан алудың өтеміне кетсін: өйткені, ол сатып әперген башмағыңыздың терісін жыртса, сіз оның өз терісін жыртып отырсыз. Егер шаштараз бұның қанын ауырған кезде ағызған болса, сіз оның қанын дені сау кезде ағызып жатырсыз. Ендеше, ол сізге ештеңе қарыздар емес.

— Бақытсыздығыма қарай, сеньор кавальеро, өзіммен бірге ақша ала шықпап едім — енді Андрестің менімен бірге жүруіне тура келеді, үйге барған соң барлық ақшасын түгел қолына санап берем.

— Тапқан екенсің бірге барғанды! — деп балақан айқайлап жіберді. — Тағы бір пәлені бастағалы тұрсың ғой! Жоқ, сеньор, өлсем де бармаймын. Егер онымен оңаша қалсам, әулие Варфоломейдің бе еді, кімнің еді, терісін сыпырған секілді бұл да терімді тап солай тірідей сыпырып алады.

— Жоқ, олай істей алмайды, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот. — Мен оған әмір етем, ал оның әмірімді тыңдамауға әдді жоқ. Тек ол әуелі өзі мүше боп табылатын рыцарьлық орденнің атымен ант етсін, содан соң мен оны қалаған жағына қоя берем және оның саған қарызын төлейтініне кепілдік берем.

— Оныңыз қалай, сеньор, не деп тұрсыз! — деп бала дауыстап жіберді. — Қожайыным — ешқандай рыцарь емес, ол еш те бір рыцарьлық орденге жатпайды — бұл Кинтанар деревнясындағы ауқатты шаруа Хуан Альдудо ғой.

— Онда тұрған дәнеңе жоқ, — деп тойтарды оны Дон Кихот, — Альдудо әулеті де рыцарь бола алады. Оның үстіне қандай адамды да оның ісіне қарап бағалаған жөн.

— Бұл дұрыс, — деп келісті Андрес, — бірақ олай болса, маңдай теріммен тапқан еңбек ақымды төлеуден бас тартып тұрған мына кісіні қалай бағалауға болады?

— Андрес бауырым, мен бас тартып тұрмын ба? — деп шаруа тағы сарнап қоя берді. — Нең кетіп барады, жүрсеңші бірге — жер бетінде қойша өрген қанша рыцарьлық орден болса, соншасының атымен ант етейін, әлгінде айтқанымдай, алашағыңды соқыр тиынына шейін қалдырмай қуана-қуана санап берем.

— Қуанбай-ақ қоюыңызға болады, — деді Дон Кихот, — тек оған берешек ақшаңызды төлесеңіз болды: басқа ештеңе де қажет емес. Бірақ, анттан таюдың арты жақсы болмайтынын біліңіз: ондай жағдайда, сол жаңағы анттың атымен ант етейін, сізді іздеп тауып алам да, сазайыңызды тарттырам: тіпті кесірткеден де асқан ептейлі болсаңыз да, қайда барып жасырынғаныңызбен бәрібір таппай қоймаймын. Егер де бұл бұйрықты кімнен алғаныңызды білгіңіз келсе, оны бар ынты-шынтыңызбен жан сала орындауыңыз үшін айтып қояйын, мен — жәбір көргендер мен қыспаққа түскендердің қорғаны, айбынды Ламанчалық Дон Кихотпын! Ендеше, саушылықта қала беріңіз және уәде етіліп, антпен бекітілгенді ұмытушы болмаңыз, төбеңізге төніп тұрған аса ауыр жазаның қатерін әрқашан қаперде ұстаңыз.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий