Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Осы тұста ол төрт жолдың торабына жақындап та қалған, сол-ақ екен оның көз алдына жол айырығына келіп тоқтап, қай жолға түскен жөн дегеннің төңірегінде ой кешіп тұрып қалатын дағдысы бар кезбе рыцарьлар елестеп кетті; соларға еліктеп бұл да осы арада әрі тұрып, бері тұрып, ақыры, ақылға сала келіп, тізгінді босатып Росинанттың қалауына бағынғанды хош көрді. Росинант болса, әу бастағы ой-ниетінен айныған жоқ, яғни ат қорасына тура бастап апаратын жолды таңдады. Осы жолмен екі мильдей12 жерді артта қалдырған Дон Кихот қараң-құраң көп адамның тобын көзі шалды: кейін анықталғанындай, бұл жібек сатып алмаққа Мурсияға бара жатқан толедолық саудагерлер еді. Олар алтау екен, қол шатыр ұстап, атқа салт мініпті, жандарына жеті малай ертіпті, бұлардың төртеуі атқа мінген, үшеуі жаяу-жалпылап қашыр айдап келе жатыр. Бұларды көрген бойда Дон Кихот тағы бір тосын оқиғаға жолығатын болдым-ау деп қалды; сөйткен соң, романдарда осындай жағдайларда атқарылатын әрекеттерден мүмкін болғанынша алшақ кетпеуге ниеттенді, сондықтан сондай іс-қимылдың бірін тап қазір осы жерде тындырған орынды деп тапты. Сол мақсатта үзеңгіге шірене бой түзеп, найзасын қолына қыса ұстап, қалқанын алдына тосып, жан баласынан ықпайтын, жан баласын елемейтін кейіппен жолдың қақ ортасына келіп тоқтап, кезбе рыцарьларды, — толедолық саудагерлерді ол осындай жарандар санатына қосып та қойған-ды, — тосып тұрып қалды; аналар өзін көріп, сөзін еститіндей жерге жақындаған кезде Дон Кихот айқаса кетуге әзір кейіпке еніп, дауысын қатайтып:

— Сіздер, қанша болсаң соншаң, сол тұрған жерлеріңнен тырп етпеңіздер! Барлығыңыз, қанша болсаң соншаң, жер бетінде нешеме айдай сұлу ару болсын мейлі, бәрінен де ламанчалық патшайым Дульсинея Тобосская артық екенін мойындағанша солай тұрыңыздар! — деді.

Бұл сөздерді естіген және мұны айтып тұрған адамның ұсқынсыз түр-сықпытын көрген саудагерлер тоқтай қалды; сөзі мен сүдініне қарап бұның есуас екенін сол бойда-ақ сезгендерімен саудагерлер өздерінен талап етілген әлгіндей мойындаушылықтың бұған неге керек бола қалғанын білмекке құмартты, сөйтіп араларындағы сайқымазақтыққа бейім әрі құдай ақылдан кенде қылмаған біреуі:

— Сеньор кавальеро! Өзіңіз айтып тұрған құрметті ханымның кім екенінен

біздің еш хабарымыз жоқ қой. Бізге оны көрсетсеңіз етті, егер ол өзіңіз мәлімдеп тұрғандай шын мәнінде де асқан сұлу болса, онда әміріңізді ықыласты да ерікті түрде орындап, осынау ақиқат шындыққа бір кісідей куәлік етер едік, — деді.

— Егер оны сіздерге көрсетер болсам, — деді наразы Дон Кихот, — күмәнсіз шындыққа куәлік етудің сіздерге қандай қиындығы болмақ? Әңгіме де сонда — көрмей-білмей-ақ сенуде, куәлік етуде, мақұлдауда, серт етуде және қорғауда болып тұр ғой, өйтпеген жағдайда, сіздерді, өзімшіл менмен тобыр, айқасқа шақырам. Рыцарьлық жарғының талабына сай бір-бірлеп шығуыңызға да немесе, азғындық іске әбден үйренген адамсымақтардың әдеттегі мінезіне сай, бәріңіз бірден жабыла кетуіңізге де болады. Өз әрекетімнің әділдігіне деген толық сеніммен сіздерді көкірек тосып қарсы алам және лайықты соққы берем.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий