Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Қайткен күнде де, — деп қарсылық білдірді Санчо, — жаныңыз жай тауып, көңіліңіз тынышталуы үшін мына қапастан құтылу жағын қарастырғаныңыз жөн, — ал, мен, өз тарапымнан, шақтым келгеннің бәрін жасауға, тіпті сізді бұл арадан өз қолыммен босатып алуға да дайынмын, — сөйтіп, мейірбан Росинантыңызға қайта қонуға талап қылғаныңыз дұрыс, ол бейшара да, шамасы, жадыланған-ау деймін: қайғылы да қамкөңіл пошымына қарасаңызшы. Содан соң, қайтадан бағымызды сынап, шытырман оқиға іздеуге шығатын боламыз. Егер сәтсіздікке ұшырап жатсақ, торға қайтып оралуымыз қиын шаруа емес және егер сіз, тақсыр, соншалықты жолы ауыр біреу боп шығып, өзім де соншалықты тұзы жеңіл біреу боп шығып, екеуіміз де түк ештеңе бітіре алмасақ, онда адал да шын берілген атқосшыңыз ретінде, торға өзіңізбен бірге қамалуға уәде берем.

— Өзің ұсынып тұрғандай әрекет жасауға қарсылығым жоқ, Санчо бауырым, — деді Дон Кихот, — сөйтіп босанып шығуыма титтей бір мүмкіндік тапқан бойыңда-ақ саған сөзге келместен мойынсұнып, не айтсаң да орындайтын болам. Алайда, басыма түскен бақытсыздық жайындағы түсінігіңнің теріс екеніне әлі-ақ көзің жетеді.

Кезбе рыцарымыз бен нәгөйлігі бір басына жетіп артылатын атқосшысы екеуі осындай сарында сыр бөлісе отырып священник, каноник пен шаштараз өздерін аттарынан түсіп тосып тұрған жерге де жетті-ау ақыры. Арбакеш сол бойда-ақ өгіздерін туарып, көк шалғынды, көрікті алқапқа жайылымға қоя берді. Алқаптан ескен қоңырсалқын леп Дон Кихот секілді дуаланған адамдарды емес, оның атқосшысы секілді әр нәрсенің реті мен жөнін білетін жандарды өзіне қарай ерекше еліттіріп тұрған, сол себепті ол священниктен мырзасын тордан аз ғана уақытта босата тұруын сұрады: керісінше жағдайда, өз мырзасы іспетті рыцарьдың түрмеде отыруына өте жағымсыз жағдай орнайды, деді ол. Священник Санчоның емеурінін түсініп, өтінішін қуана-қуана орындайтынын, бірақ азаттық алған бойда Дон Кихот өз кәсібіне қайта кірісіп, табанын жалтыратып тайып тұра ма деп қорқатынын айтты.

— Оның қашып кетпейтініне — мен кепіл, — деді Санчо.

— Мен де, — деді каноник. — Тек ол біздің рұқсатымызсыз ешқайда кетпейтінін айтып рыцарьлық сөзін берсін.

— Бердім, — деді бәсең дауыспен, осы әңгіменің бәрін естіп отырған Дон Кихот. — Бермейтін де амалым жоқ, өйткені мен секілді дуаланған жандардың өз ықтияры өзінде болмайды, — жадылаған адам оны үш жүз жыл бойы бір орында қақшитып тұрғызып қоя алады, қашып кеткен күнде де, бәрібір оны әуе арқылы орнына қайта алып келеді.

Сондықтан, оны ештеңеден қауіптенбей-ақ босатып жібергендері жөн, — бұл өздеріне жақсы, деді ол; егерде олар бұған келісім бермесе, онда әрменірек барып тұрсын, ондай жағдайда бұл олардың иіс сезу қабілетін жәбірлеуге мәжбүр болатыны жөнінде барша жұртты құлағдар етеді.

Каноник оны қолынан ұстады, — Дон Кихоттың қолы байлаулы еді, — сөйтіп, алдамайтыны жөніндегі сертін алып, оны тордан шығарды, анау бұған есі кете қуанып, мәз-майрам болды; ең алдымен рақаттана керіліп алды, сосын Росинанттың қасына барып, оны арқасынан сипап тұрып, былай деді:

— Жасаған иеміз бен оның асыл анасы ұзамай-ақ екеуіміздің тілегімізді берер деп сенем, беу, мініс аттарының ең мықтысы һәм айбындысы, сөйтіп сен қайтадан қожайыныңды алып жүретін боласың, ал мен өзіңе салт мініп, жасаған ием өзімді жарық дүниеге әкелген кезде мойныма артқан парызды орындауға қайта кірісетін болам.

Осыны айтқан Дон Кихот Санчомен бірге көз таса жерге қарай ұзай берді де, ол жақтан әрі жеңілденіп, әрі атқосшысы ойға алған істі жүзеге асыруға деген ынтасы күшейіп қайтты.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий