Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Өз басым, әйтеуір, әлгінде айтып өткен ережелерді қатаң сақтай отырып рыцарьлық роман жазуға құлшынғам, — деп мәлім етті каноник, — және, жасыратыны жоқ, жүз парақтан астам жазып та тастағам. Сосын өз еңбегімді өзімнің қалай бағалайтыныма көзімді жеткізе түсу үшін оны осындай дүниелерді айрықша ұнататындарға оқып бердім, олардың арасында білімді әрі ақылды жандар да, сондай-ақ балдыр-батпақ бірдеңені тыңдағанға мәз надандар да болды, бірақ солардың бәрі түгел мақтап шықты. Сөйте тұрғанымен, жалғастырғанды жөн көрмедім: біріншіден, бұған діни дәрежем жол бермейді деп түйдім; ал, екіншіден, дүниеде ақылды жандардан гөрі ақымақтардың көп екеніне көзім жетті. Әрине, кещелер нөпірінің мысқылды күлкісінен саусақпен санарлық білімпаздардың мақтауы әлдеқайда артық болғанымен, тек осындай кітаптарды ғана оқитын қара тобырдың далбаса лебіз-пікірлерінің құлы боп қалғым келмейді. Рас, тек қазіргі кезде қойылып жатқан комедиялар өзіме ой салғаннан кейін ғана романға біржола суып, оны жалғастыру жайындағы ниетімнен үзілді-кесілді бас тарттым. “Ойдан шығарылған жайларға, сондай-ақ тарихи оқиғаларға негізделген қазіргі заманғы комедиялардың, — дедім өзіме өзім, — барлығы да, барлығы демесек те, әйтеуір, басым көпшілігі, түкке алғысыз былжырақ, қырық жамау қойыртпақ, солай бола тұрғанымен қара тобыр оны қуана-қуана көріп жатыр, ұнатып жатыр және жақсы дүние деп мақтап жатыр, ал шын мәнінде олар ондай бағаға мүлдем татымайтын нәрселер; бұларды жазған авторлар мен сахналаған актерлер мұндай дүниелердің басқаша болуы еш мүмкін емес, өйткені қара тобыр бұларды тап осындай күйінде ғана ұнатады, ал енді ана өнер заңы талап ететіндей ішкі байланысы берік, оқиғалары өрбіп отыратын туындылар екі-үш білімдарды ғана мәз-майрам қылады, қалған жұрттың бәріне олардың шеберлігі — далаға атқан оқпен бірдей, авторлар мен актерлер үшін көпшілік қалтасынан түсетін нәпақа азын-аулақ адамның пікірінен әлдеқайда қадірлі дегенді айтады, олай болса, менің романым да дәл осындай ахуалға тап боларында күмән жоқ: аталған ережелерден алшақ кетпеу үшін түн баласы тыным таппай тер төкпекпін, ақыр аяғында әлгі тіккен киіміне астарды өз есебінен салатын, бірақ ақысына ештеңе алмайтын тігіншінің кебін кимекпін. Ал, енді теріс түсінікте жүргендерін, шатты-бұтты бірдеңелерді емес, өнердің барлық қағидаларын сақтай отырып жазылған комедияларды сахналайтын болса көрермендерді де көбірек тартатындарын, атақ-абыройларының да жоғары болатынын айтып актерлерді жалықпай үгіттеп те баққан едің ғой, бірақ олардың өз пікірлеріне ден қойып алғандары сонша, былқ етер болмады, сондықтан қандай да бір дәлелдеме де, соқырға таяқ ұстатқандай ақиқат та оларды ойынан айныта алмақ емес”. Бір жолы өзімнің осындай бір қитабанға: “Бұдан біраз жыл бұрын Испанияда бір атақты жазушымыздың үш трагедиясы қойылғаны, бұлар барлық көрерменді түгел: оқымай қалғаны мен оқығанын да, жоғарғы қауымға жататыны мен қара тобыр саналатынын да, бәрін де ырза қылып, айрықша шаттық пен қуанышқа бөлегені, сөйтіп осы үш трагедияның өзі ғана актерлерге кейіннен қойылған, тәуір деген отыз комедиядан көп түсім келтіргені есіңізде ме?” дегенім бар-ды. “Шамасы, сіз Изабелланы, Филиданы және Александраны мегзеп отырсыз-ау?” деді театрдың директоры. “Дәл таптыңыз, — дедім мен. — Байқаған болсаңыз, аталмыш туындыларда өнер ережелері мұқият сақталған еді ғой, алайда бұл олардың әлгіндей абыройға жетуіне және барша жұртқа ұнауына бөгет жасаған жоқ. Ендеше, бос ыржақайға құмар саналатын көрермен қауым емес, оған басқадай бірдеңе көрсете алмай жүргендер кінәлі. Өйткені, оқып-тоқығаны мол ақындардың қаламынан шыққан, жазған адамдар мен қойған адамдарға айтарлықтай абырой-атақ пен табыс әкелген Жазаланған қайырымсыздық, Нумансия, Саудагер махаббаты, Көргенді күндес және жекелеген басқа да комедияларды түкке алғысыз деп айтуға болмайды ғой”. Мен онымен осы төңіректе тағы біраз сөйлестім, бірақ, анау азды-кем ыңғайсызданғандай түр білдіргенімен дәлелдемелеріме қанағаттана қоймады және өз ұғымынан да қол үзбеді, сөйтіп жаңсақ пікірін ұстанып қала барды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий