Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Апырай, сеньор идальго, жүрек айнытатын және бос мылжың рыцарьлық романдарды оқудың өзіңізге қатты әсер еткені сонша, ақылдан жаңылып, өзіңізді біреулер жадылап қойғандай сезініп, жалғандық шындықтан қаншалықты жырақ болса, бітім-болмысы да ақиқаттан соншалықты алшақ басқа да нәрселерге бой ұрып кеткеніңіз бе? Расында да, адамзат баласының ақыл-санасы бір кезде қисапсыз көп не қилы Амадистер, анау әлгі рыцарьсымақтар болды дегенге, анау әлгі Трапезундтық императорлар, Фелисмарт Гирканскийлер, жорға аттар, ел кезген бикештер, жыландар, андриактар, дәулер, құлақ естіп, көз көрмеген шытырман оқиғалар, не түрлі арбаушылық айла-тәсілдер, шайқастар, жан алып, жан берген айқастар, әлем-жәлем киім-кешектер, ғашық болғыш принцессалар, атқосшы-графтар, ермек ететін ергежейлілер, сырға толы жолдаулар, сүйетіндігіне серт берушіліктер, түк ештеңеден тайынбайтын әйелдер — бір сөзбен айтқанда, рыцарьлық романдар лықа толы бәлдіру-бәлдіру бәрі өтіріктің бәрі де өмірде болды дегенге қалай ғана иланған десеңші? Өзіме келсем, бұлардың шылғи өтірік, бос жолдыбай әңгіме екеніне көңіл аудара қоймай оқи бастаған кезімде азды-көпті қызығушылық табатыным рас, бірақ мұның не нәрсе екені ойыма оралған бойда-ақ солардың ең керемет дегенінің өзін алып қабырғаға құлаштай ұрудан еш шімірікпес едім, ал егер сол мезетте үйімде от жанып жатса, солардың бәрін түгел отқа лақтырған болар ем және бұлар осындай жазаға шын мәнінде әбден лайықты да, өйткені бәрі ойдан шығарылған өтірік және кейіпкерлерінің іс-әрекеті де мүлдем ақылға сыйымсыз; өйткені, олар жаңа секталар жасақтайды және өмірдің жаңа тәртібін түзеді; өйткені, сауатсыз қара тобыр осынау сандырақтың бәріне қалтқысыз сенеді және оны айна-қатесіз шындық деп түсінеді. Онымен де қоймай, осындай романдарды жазушылар саналы да салауатты идальголарды ақыл-есінен адастырудан да тайынбайды, оның мысалын мына сізден көріп отырмыз, шектен шығарып жібергендері сонша, өзіңізді торға қамап, өгіз арбамен алып жүруге тура келіп тұр, арыстан мен жолбарысты ғана бір орыннан екінші орынға осылай алып жүріп, ақша төлегендерге көрсетуші еді ғой. Жетер енді сізге, сеньор Дон Кихот, өзіңізді өзіңіз жәбірлей бермеңіз, ақыл-парасат аясына қайтып оралыңыз, құдіретті күш тарту еткен ой-санаңызды ізгілік жолына жұмсаңыз және айрықша қабілет-мүмкіндігіңізді абыройыңызды арттыратын, жаныңызға жақсылық шуағын себетін басқа сыпаттағы кітаптарды оқуға арнаңыз. Егерде, қанға біткен қасиетіңізге қарай, қайткен күнде де, әйтеуір, ерлік істер мен рыцарьлық қарекеттер жайында оқуға құштар болсаңыз, онда Қасиетті жазбаны ашыңыз да, Соттар кітабын оқыңыз: бұл кітаптан сіз әрі елеулі, әрі ақиқат оқиғалар мен шын мәнінде өмірде болған, тәуекелге бас тігіп атқарылған әрекеттерді көптеп табасыз. Лузитанияда Вириат билік жүргізді, Римде — Цезарь, Карфагенде — Ганнибал, Грекияда — Александр, Кастилияда — граф Фернан Гонсалес, Валенсияда — Сид, Андалусияда — Гонсало Фернандес, Эстремадурда — Дьего Гарсия де Паредес, Хересте — Гарсиа Перес де Варгас, Толедода — Гарсиласо, Севильяда — дон Мануэль де Леон билік жүргізді және олардың даңқты ерлік істері жайындағы бұл хикаят ең биік парасат иелерін де қызықтырып, білімін молықтырып, жанын рақатқа бөлеп, таң-тамаша қалдыра алады. Сіздің сұңғыла ақыл-ойыңызға міне, осы кітаптар ғана лайық, мейірімді мырза, сеньор Дон Кихот: осындай дүниелерді оқудың арқасында тарихты білетін боласыз, ізгілікті істерге бейіл бересіз, бар жақсы қасиетті бойға сіңіресіз, тәуір мінез-құлық табасыз, батылдыққа үйренесіз, бірақ бұл ессіз батылдық болмайды, тәуекелшіл болуға үйренесіз, бірақ бұл үргелектіктен туған тәуекелшілдік болмайды, — және мұның бәрі де құдайдың құдіретін қадір тұтуға, өз пайдаңызға, сондай-ақ Ламанчаның абыройын арттыруға бағышталады, естуімше, сіз, мейірімді мырза, сол өңірден шыққан көрінесіз ғой.

Канониктің пайымдауларын Дон Кихот бар ықыласымен зейін қоя тыңдады, сөйтіп анау сөзін аяқтаған кезде оған біраз уақыт тесірейе қарап отырғаннан кейін былай деп сөйлеп кетті:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий